Байланыс аясынан тыс жерде

Шекара шетінде орналасқан шағын ауылдардың жағдайы кімді де болмасын алаңдатары анық. Сол ауылдарда өмір сүріп жатқан тұрғындардың хал-ахуалынан хабардарсыз ба? Ойланып қалған шығарсыз. Иә, бұл сауал бізді де толғантады.соткаОблысымыздың көршілес Ресеймен шектескен тұсында Қарабалық ауданының Өрнек ауылы жатыр. Бір қызығы, аталған елді-мекенде ұялы байланыс ұстамайды. Басқа басқа, шекарадағы Өрнекке ұялы байланыс керек-ақ. Ауыл белсендісі Төлен Рамазанұлы да осылай деп отыр.
– Шекаралық аймақтардың қауіпсіздігі – ел қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Ол үшін ұялы байланыс операторларын шекаралық аймақтарға байланыс орнатуды міндеттеу керек деп ойлаймын. Орманды алқапта өрт шығуының алдын алу үшін, браконьерлердің жолын кесу үшін, орманда адасып немесе қыстыгүні жолда қалмас үшін ұялы байланыс антеннасын қою өте қажет,-дейді ауыл тұрғыны Т.Рамазанұлы. 
Өрнек ауылында сымсыз телефон қызметі ғана бар. Ауыл жастары интернетті қалаға барғанда ғана пайдаланады. Ұялы байланысы жоқ ауылда интернет қайдан болсын. Ал қазіргі заманды интернетсіз елестету тіпті қиын. Өркениетті елдерде интернет қолжетімді. Бүгінде әр салаға цифрлық технология енгізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылдың 31 қаңтарында жариялаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында ел Үкіметіне «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырды. Елбасының тапсырмасына байланысты, Үкімет өткен жылдың желтоқсан айында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеп, бекітті. Аталған бағдарламаның мақсаты шалғайдағы ауылдарды кең жолақты интернетпен қамтып, барлық салада цифрлық технологияны енгізу. Осы орайда, Қарабалық ауданы бойынша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқанынан хабардар болғымыз келді. Алдағы уақытта қанша ауылға кең жолақты интернет желісін тарту жоспарланып отыр? Болашақта шекара шетіндегі «Өрнек» ауылына ұялы байланыс желілері тартыла ма? «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша «Өрнек» ауылына интернет тарту жоспарда бар ма? Осы сынды сауалдарды Қарабалық ауданының әкімі Арман Әлиевке жолдаған едік. Біздің сұрағымызға орай, аудан әкімі аппаратының басшысы М.Жәкіжаннан жазбаша жауап келді. Хатта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Қарабалық ауданында Интернет желісіне қосылу мүмкіндігін арттыруға іс-шаралар жүргізіліп жатқаны жазылған. Мәселен, 2017 жылы Тоғызақ, Михайлов, Смирнов, Наука, Белоглин және Станция ауылдық округтері CDMA-EVDO сымсыз технологиясынан ADSL технологиясына ауыстырылыпты. «Победа ауылдық округінің әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінде SkyEdge технологиясымен спутниктік Интернет бар. Сондай-ақ ауданның 9 ауылдық округі SkyEdge технологиясын қолданып, 8 мектепте 4Мбит/с-қа дейін қосылу жылдамдығы бар қосымша ADSL кіру нүктелері құрылған. Ауданның 15 мектебінде Интернет желісінің қосылу жылдамдығын арттыру үшін «Қазақтелеком» АҚ-ның облыстық телекоммуникация дирекциясына өтініш жолданыпты. «Кар-Тел» ЖШС ҚФ басшылығымен кездесу қорытындысы бойынша Славен, Победа, Приечный ауылдарында станцияларды орнату туралы келісімге және оларды Қостанай облысында 2017-2019 жылдарға арналған ұялы байланыс желісін дамыту жоспарына енгізуге қол жеткізілді. Бүгінгі күні Өрнек ауылдық округінің Приречный ауылына станцияны орнатуға рұқсат беруді тіркеуде. Славен ауылы орман аймағында орналасқандықтан, Славен ауылының мәселесі кейінге ауыстырылыпты. 
Байқаған шығарсыз, Өрнек пен өркениеттің арасы жер мен көктей. Цифрлық технология қарыштап дамып жатыр, ал алыстағы ауыл ұялы байланыссыз қалып жатыр. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған интернетіңіз бұл ауылға жетпей тұр. Бәлкім, болашақта жетіп қалар. Біз соған сенейік.
Қымбат ДОСЖАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓