Асыл ана
"Адам ұрпағымен мың жасайды" деген халық мақалы. Асыл ана санаулы. Күләш Мағзұмқызы қазақ халқының басына туған нәубет заманында туған болатын. 1927 жылы "Үкіатқан" деген қазақ ауылының топырағында туып, осы жерден нәр алып, балалық балдәурен, қиыншылдық жылдарын бастан кешкен. Қазақ халқының бар жақсы әдет-ғұрыптарын өз бойына сіңіріп, өз таңдауының қалауымен тағдыр айдап Мұқаш Ташенов деген азаматқа тұрмысқа шықты. Ол кісі өз алдына бір тарих. Сол заманда өзі қатарлы құрбы-құрдастарынан қалмай, еңбек етіп, колхоздың малы мен соқасын бірдей айдап, ерлерше еңбек етті.
Сөйтіп, үйдің даланың жұмысын бірдей істеп дүниеге 13-құрсақ әкеліп, өмірдің қызығы жаңа қыза түскенде, аспаннан аққан жұлдыздай жолдасы Мұқаш о дүниелік болып кетті. 45-жасында жесір қалып, 13-баланың барлық ауыртпалығы осы ананың мойнында қала берді. Соған қарамастан белді бекен буып, басты көтеріп, желдің өтіне, тол-қынның ағысына, қыстың қақаған аязына қарсы тұрды. Жоқшылық заманда көп қиындығымызды тең бөлісіп, жел жағынан пана болған ағайындар да болды.
Айтар болсам үлкен баласы Райхан кезінде бүкіл Арқалық пен Амангелдіге жақсы атымен шыққан. Райхан Ташенов десе білмейтін жан жоқ шығар. Өкініштісі сол аумалы заманда 1994 жылы дүниеден өтті. Ішінен шыққан баласынан айырылу анаға үлкен қайғы мен қасірет әкелді. Оған да төзіп бақты. Сонда да ол қайғыға мойын ұсынбай тағдырдың жолында қайта күресті. Балаларын атап өтсем: Райхан, Әділхан, Гүлжан, Батыр, Батыржан, Кәдір, Күлайым, Қаныбек, Алма, Сайлау, Сайран, Бауыржан, Бағдат.
Райхан мен Кәдір о дүниелік болып кетті. Әділхан Астанада, Гүлжан Абай ауылының келіні. Батыр Өскемен қаласында сот органында істейді. Батыржан, Қаныбек, Күлайым, Алма Қызылжар қаласында әр салада еңбек атқарып, олардың өздері біреуі ата, біреуі әже болып отыр. Сайран – Астанада. Сайлау мен Бағдат Ұзынкөлде еңбек етуде. Бауыржан Өскемен қаласында өрт сөндіру саласының жетекшісі. Осындай нар түйедей ана, немере мен шөберені сүйген ардақты ана өмірмен хош айтысып дүниеден озды.
Айтайын деген ойым: осыншама бала тәрбиелеп, ешкімге алақан жаймай, барға қанағат етіп, балаларына саналы түрде білім беріп, бір кішкентай Амангелді ауылынан екі бірдей сот шығып жұрттың аузына ілігіп, көрмейтін көздерге ілікті. Осындай ана ертең жұмақ төрінен орын алады деген үміттемін.
Ұзынкөл мен облысқа танымал азамат, нағашысы Жәлел Сұлтанғазин мен аудан имамы Есенгелді Кененсары азаматтар жерлеу кезінде өздерінің қоштасу тілектерін айтып, батыр анаға тағзым етті.
Күләш Мағзұмқызы қазіргі қазақ жастарына үлгі болатындай "Батыр ана" деп мақтанышпен айтуға болады. Осы мақаламды Ақиық ақын М.Мақатаевтің сөзімен аяқтағым келіп отыр.
"Шешем менің – иілген сұрау белгі
Сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді.
Қалай ғана қалпына келтірерсің,
Дауылдар майыстырған мынау белді ".
Сәндібек Ыбырайұлы.
Степанов селосы,
Ұзынкөл ауданы.