Алдану

Кімге өкпелеп, кімге кінә артасың,
Санды соғып, сабырыңды сарқасың!
Өзіңменен өзің қалып бір ауық,
Болмысыңның сызып көрші картасын.
 
Бетке басып, айта бермей бекер сын,
Өз күнәсін әркім өзі көтерсін.
Ар алдында айыбым жоқ деп көрші,
Өзіңді өзің алдай алар ма екенсің?
 
Әз жаныңның жыр боп жүр ме қорғаны,
Сері сезім сайқалға еріп сорлады..
Адамдарды алдай салу тым оңай,
Өзіңді өзің сендіре алсаң болғаны.
 
Үр көңілден үзілсе де күдер шын,
Күңгірттенген көмескі ойға кім ерсін?
Жанның жары – ары ғана екенін,
Өзіңді өзің тапқан күні білерсің.
 
Қасиетті құрбан қылған күні үшін,
Құмды құшқан көп көлшіктің бірісің.
Жігеріңді жасыптып ап.. күмілжіп,
Өз өзіңнен қашқан түрің құрысын!
 
Өкінбе,
Көніп келем.
Көшкен шақта күн алға,
Уақыт сырғып мұңымды ілді мұнарға!
Жүрегіңде жанартау боп жарылсам,
Жанарыңнан бір тамшы жас шығарма!
 
Барсың.. Жоқсың.. бұлдыр-бұлдыр бірдеңе,
Қиялыңда ғажап өмір сүр деме.
Үлбіреген үмітімнің соңғысын,
Үп еткен жел үзіп кетсе,
Үндеме!
 
Ілгері озған ілесе алмай нөпірге,
Дел-сал болсаң дүлей дауыл өтінде!
Өткен күннің өзекті өртер елесі,
Өміріңді өрт қып кетсе,
Өкінбе!
 
Жылы жүрек жасқа оранды.. мұз дене,
Жақын жүріп жат боп кеттік біз неге?
Көк тәңірі қолын созып бір күні,
Көк әлемге алып кетсе,
Іздеме!
                                  Салтанат Смағұлова.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓