Мұхамеджан Сералиннің мерейтойы кең көлемде атап өтілді

Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби журналист, көсемсөз шебері, көрнекті қоғам қайраткері Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығы Қарабалық ауданында салтанатты түрде аталып өтті. Өңір мен облыс тұрғындарына көрнекті қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, этнографтар мен журналистердің қатысуымен ұлттық ойындар, концерттік бағдарлама және ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға қатысушыларды Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықов қарсы алып, жылы лебізін білдірді.

Аудан әкімдігі мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында «Топжарған» және «Гүлқашима» поэмалары орыс тіліне аударылып, Мұхамеджан Сералиннің өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптар басылып шықты.
Облыстық «Қостанай таңы» газетінің ұйымдастыруымен дәстүрге айналған «Жазба айтыс» байқауы биыл ақынның мерейтойына арналды. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды газетіміздің тілшісі Аслан Қанғожин иеленді, екінші орын Марғұлан Оспановқа бұйырды және үшінші орынды Балғын Апбасхан еншіледі.
Сонымен қатар, шара аясында ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды. Оған ауданда еліміздің әр өңірінен келген спортшылар қатысты. Салтанатты бағдарламаның соңғы бөлігі Қостанай облыстық филармониясының солистерінің өнер көрсетуімен аудандық мәдениет үйінде мерекелік концертіне ұласты.
Қарабалық ауданы.
Әсел ҚИБАШ