Тана мен Танай
Қостанайдың жылда өз мерекесі, сән-салтанаты жарас-қан тойы бар. Ол – қала күні. Қаламыз неге Қостанай атал-ған? Осы тақырыпқа сүйікті газетіміз бұрындары, әр жылда бұл туралы көптеген мақала жариялады. Десек те…
…Ерте-ерте заманда нелер болмады дерсің бұл ғаламда?.. Болғанның бәрі алыстап кеткен соң, аңыз – ертегі болып көрінеді екен бүгінгі адамға.
Асан қайғы ата өмір сүрген заманда, Алтын орда кезінде, Тана мен Танай есімді апалы-сіңілі қыздар өмір сүріпті.
Алтын орданың ханы Берке дүние салғаннан кейінгі хан тағына келгендер жиі ауысып, алтын орданың іргетасы сөгіле түскен кез еді.
Алтын орда шаңырағының астында бірігіп өмір сүріп жатқан көптеген ұлттар мен ұлыстардың және ру-тайпалардың арасындағы ынтымағы бұзылып, әрқайсысы өз алдында өмір сүрудің жолын іздеген бір қысылтаяң шақ. Біреулері Алтын орданың хандығынан бөлініп кетсе, ал біреулері қайтадан бірігудің жолын іздеуде болды. Енді біреулері жан-жағындағы халықтарды күшпен қосып өз хандықтарын құрамақшы болған ниетпен әр түрлі саяси әрекеттерін жүргізуге ұмтылған.
Бұл кезеңдердің салқыны Тобыл өзенінің бойында араласып жатқан қыпшақ, арғын, керей және басқа көптеген ру-тайпаларға тимей өтпеді.
Осындай қиын кезеңдерде Тана мен Танай ел ішінде әділдік айтып, керек жерлерде ерлермен бірге атқа қонып ірілі-кішілі ұрыстарға талай қатысады. Сол соғыстардың бірінде Тана мен Танай қарсыластарымен шайқасып жүріп ерлікпен қаза табады.
Қазақ хандығының орналасуына жерұйығын іздеп жүрген Асан қайғы атамыз Тана мен Танайдың талай әділ шешімдерін көріп, батылдығы мен батырлықтарына қайран қалған екен. Тана мен Танай дүниеден өткенде Асан қайғы ата өте қиналып "Қос Танай-ай" деп, көз жасын көпке дейін тия алмай жүрген көрінеді.
Міне, осылай, Тана мен Танайдың есімдері ғасырдан- ғасырға жалғасып, бүгінгі осы күнге жетіп отыр.
Олар апалы-сіңілі және есімдері ұқсас болғандықтан, оларды ел-іші еркелетіп "Қос Тана" деп те атап кетіпті.
Жас достар! Өзіміз өмір сүріп жатқан қаламыз Қостанайдың атауы осы аңыз- ертегіге байланысты болуы әбден мүмкін ғой.
М.Рахалиев.
Қостанай қаласы.