Қазақтың ҚАЗЫНАСЫ

Халықымыздың дүниетанымында жүйрік тазы жеті қазынаның бірі саналады. Саятшылық құрып, аңға шыққан қазақ құмай тазыны ерекше бағалаған. Тазының алдынан жүгірген аң қашып құтыла алмайды деседі. Ата дәстүрді жалғап соңынан жүйрік тазы еріткен жандардың бірі – Жарас Смағұлов. Жиырма үш жасар азамат тазының тұқымын Батпаққара өңіріне таратуды алдына мақсат етіп отыр.
тазыАлдыменен малының, одан кейін жанының амандығын сұрасатын халықтың ұрпағы емеспіз бе?! Кейіпкеріміз Жарас та жастайынан малға жақын. Атқа шауып, аңшылыққа шығуға да бала кезінен әуес. Ол төрт жылдан бері тазы асырап келеді. Алғаш рет тазы итті Аманкелді ауданына қарасты Қарасу ауылындағы Ержан деген жолдасынан алыпты. Қызығушылығы артып, кейін тазының қасиеттері мен ерекше түрлері туралы іздене бастайды.
– Шашақ құлақты тазыны тұңғыш рет Қарасудан көрдім. Біздің ауылда мұндай ит болған емес. Аудан көлемінде енді-енді көбейіп келеді. Тазыны алғашында қызығушылықпен асырадым. Қазір қолымда сегіз тазы бар. Солардың ішінен жақсыларын таңдап тұқымын көбейтудемін. Осы уақытқа дейін тазымен қасқыр алғаным жоқ. Бірақ түлкі-қоянды еркіне жібермейміз, – деді жас аңшы.
Жарас тазы туралы білетіндердің әңгімесін тыңдаудан жалыққан емес. Үлкендермен сөйлесіп, білмегенін жадына тоқып алады. Тіпті, ауыл-ауылды аралап жақсы тазыны сатып алуды әдетке айналдыр-ған. Былтырғы жылы Қарағандының Шет ауданына арнайы барып, таза қазақы тазының тұқымын алып келіпті.
– Нағыз қазақы тазы Қарағандыда бар деген соң жолға шықтым. Сондағы кісілермен жүздесіп, сұхбаттасып, тазылардың неше алуан түрін көрдім. Қасқырға түсетін тазылар қарағандылықтарда бар екен. Тазы табиғатынан батыл, жүйрік, иісшіл болады. Олардың арасында қасқырды жалғыз алатындары бар. Ерекшелігі де осында. Тазыны жай иттермен салыстырмайды. Жеті қазынаға есептейді. Жақсы тазының бағасы да жоғары. Ит – адамның досы. Тазыны өзіңнің досыңдай, жақсы тамақтандырып күткен жөн. Аңға қосарда "Аллаху әкбарыңды" айту керек. Оның алған аңы адал болып есептеледі, – деді Жарас.
Кейіпкеріміздің айтуы бойынша, құмай тазы ерекше күтімді қажет етеді. Тазылар көрінген ит аяққа аузын батыратын лас емес. Тамақты талғап жеп, таңдап ішіп, бойын таза ұстайды. Қанша жерден жылы жұмсақ жесе де қабырғасы қабысып, тарамыстай тартылып, жарау жүреді. Аса епті, шалт қимылды айлакер тазылар аңшылықта да мертікпейді, жарақат та алмайды.
Кейбір дерек көздерінде түгі тықыр, суыққа төзімсіз болған иттерді будандастыру арқылы шыдамды, күшті де сымбатты қазақ (сақ) тазысы пайда болды деп жазылған. Оның бойы 80-85 сантиметрге дейін жеткен. Қазақ халқы тазыларды құмай, құмай тазы, таза қандылығы мен түгіне қарай; құны, құны тазы, будандасқан болса; дүрегей, дүрегей тазы, қайын, қайын қаптал деп бөледі. Тазы орта есеппен сағатына 80 шақырым  уақыт жылдамдығымен жүгіре алатын ең жүйрік ит тұқымы. Асыл тұқымды ит ақсүйек, сал-сері адамдардың қолына бітеді екен. Бағзы заманда бір құмай тазыны 50 бас жылқыға айырбастаған деседі. Қазіргі кейіпкеріміз де ерекше тазыны сатып алудан тартынған емес. Ол үшін тазының асыл тұқымын жинау сүйікті ісі әрі ата дәстүрге дем берудің таптырмас жолы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓