Мал асылдандыру маңызды міндет
Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту және ет экспортының мүмкіндігін арттыру мақсатында 2011 жылы Елбасының тапсырмасымен кең масштабты Ұлттық бағдарлама әзірленген болатын. Соған сәйкес 2016 жылға қарай жылына 60 мың тонна қара малдың еті экспортталуы тиіс. Ал 2020 жылы оның көлемін үш есе, яғни, 180 мың тоннаға жеткізу көзделген. Біздің облыс жылына 5 мың тоннаға дейін ет өндіруі қажет. Бұл міндет астықты аймаққа зор жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Сол үшін ұлттық қордан 120 млрд. теңге қаржы бөлінді.
Қазаққа ешкім мал бағуды үй-реткен емес. Бұл сонау көшпелі дәуірден бергі халқымызбен бір-ге жасасып келе жатқан кәсіп. Атадан балаға мирас болған көне кәсіп соңғы жылдары қайта жандана бастады. Бірақ, мал басын бей-берекет өсірмей, одан тиісті көлемде пайда табу үшін мақсатты түрде дамытқан жөн. Әсіресе, етті бағыттағы қара малдың қатарын көбейтіп, сол арқылы шет мемлекеттерге ет өнімдерін экспорттауға басымдық берілген.
Мәселе кепілдік мүлікте
Торғай өңірі мал шаруашылығын дамытуға аса қолайлы. Ол жақта егістіктің көлемі аз болғанмен мыңғырған мал өсіруге мүм-кіндік мол. Жайылым жеткілікті. Шабындық жерге де мұқтаждық жоқ. Алайда, табын-табын сиыр бағып, отар-отар қой өргізген шаруалар мемлекеттік бағдарламаға оңай іліге алмайды. Мәселен, Жанкелдин ауданында мал бағуды кәсіп еткен 115 шаруа қожалығы болса, соның он шақтысы ғана мемлекеттік "Сыбаға" бағдарламасы арқылы шаруаларын дөңгелентіп отыр. Аудан әкімінің орынбасары Шота Оспановтың айтуына қарағанда, үстіміздегі жылы көкалаттық кәсіпкер Жұлдызай Аймағамбетова басқаратын "Айдос" шаруа қожалығы 44 қара малға, Қайрат Қабылов жетекшілік ететін "Нұр" шаруа қожалығы да осынша бас сатып алу үшін "Аграрлық несиелеу корпорациясына" құжаттарын тапсырыпты. Сондай-ақ, "Маржан", "Бекмұрат" шаруа қожалықтары да "Сыбағадан" үмітті. Ақшығанақ ауылындағы кәсіпкер де мемлекеттен 8,5 млн. теңге алғалы отыр. Біз сөз етіп отырған шаруақор азаматтардың бәрі Торғай төсін-де мал шаруашылығын асылдандыруға ниетті. Бұл жұмыс мұнымен тоқталмақ емес. Өйткені, бір ғана Жанкелдин ауданына жыл соңына дейін 405 ірі қара сатып алу міндеттеліпті.
– Өңірде мал шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлердің бәрі мемлекеттің қолдауы-на бір кісідей иек артады. Бірақ, мүліктік кепілге келгенде іс алға жылжымай-ақ қойды. Ауылда-ғы дүние-мүлік біздің ойлағанымыздай бағаланбайды. Сондықтан, несие алғысы келетіндер амалсыз Қостанайдағы, Арқалықтағы туыстарының немесе өздерінің пәтерлерін, көлік-терін кепілдікке қоюға мүдделі. Мұндай талапты бәрінің бірдей жағдайы көтере бермейді, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Аудан ауыл шаруашылығының бүге-шігесіне дейін шемішкеше шағатын Шота Сәбитбекұлы мал өнімдерін өткізуде едәуір қиындықтар барын жасырған жоқ. Мәселен, торғайлық шаруа қожалықтары малды өздері барып өткізбейді. Сырттан келген делдалдар келіп килігеді. Әсіресе, Қызылорда, Жезқазған жағынан сатып алушылар жиі келетін көрінеді. Олардың ұсынған бағалары өте мардымсыз. Алайда, қолы қысқа шаруаның сол бағаны қанағат қылудан өзге дәрмені жоқ. "2012 жылы еттің бағасы жақсы болды. Керісінше, өткен жылы баға біраз құлдырап кетіп, мал өнімдерін өткізген кәсіпкерлердің еңбегі еш болды. Ал, биылдыққа әлі бір бас та саудаланған жоқ. Мәселен, бізде 200 мың теңгеге бағаланған 4-5 жасар тайыншалар 100-120 мың теңгеге саудаланады. "Үйдегі көңілді, базардағы баға бұзады", – демей ме халқымыз, қысылғанда жұрттың бәрі сатып алушылар ұсынған азын-аулақ бағаға бере салады. Жыл он екі ай күтім көрген мал осылай арзымайтын бағаға сатылып кеткенде ішің қан жылайды, бірақ, одан өзге жолды тағы таппай отырмыз", – дейді менің сұқбаттасым.
Шалғай өңірден Қостанайға әкеліп мал тапсыратындар да жоқ емес. Бірақ,олар саусақпен санарлық. Көлқамыстағы Манат Кәрбозов жетекшілік ететін "Сыма және К" ЖШС өз өнімдерін жеке кәсіпкер Александр Пархоменконың мал соятын цехына әкеліп өткізеді.
"Кемелдің"келешегі кемелді
Мемлекеттік "Сыбаға" бағдарламасының шарапатын көрген кәсіпкерлердің бірі "Кемел" шаруа қожалығының жетекшісі Сембіғұл Мұхамедьяров. Ол өткен жылы "Аграрлық несиелеу корпорациясы" АҚ арқылы 8,5 млн. теңге несие алып, оған үш бас асыл тұқымды Әулиекөл бұқасын және 40 сиыр сатып алды. Биыл шаруа қожалығының күтіміндегі мал төлдей бастады.
– Торғайдың төсінде жайылымдық жер жетеді. Шөбі де шүйгін. Бірақ, шаруамды дөңгелентем деген адам ең бірінші мал басын асылдандыруы тиіс. Онсыз мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Екіншіден, ертеңін ойлайтын кез келген кәсіпкер бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Яғни, өндірген өнім өтпесе, құр босқа мал басын көбейте берудің реті жоқ. Сол үшін мемлекет ауылда мал өсіремін,оның жемісін жеймін дейтін жандарға едәуір қолдау көрсетіп отыр. Мені осы қуантады, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде "Құмақ" қонысын мекен етіп, қырда мыңғырған мал өргізіп отырған шаруа қожалығында 130-дан астам ірі қара, 400 қой және 30 шақты жылқы өсіріледі. Кәсіпкер осы арқылы 5 адамға тұрақты жұмыс тауып беріп отыр. "Қанша жерден шалғай елді мекенде тұрады десеңіз де, мал өнімдерін өткізуде еш қиындық жоқ. "Мен өз басым Қызылорда жақтан келетін делдалдармен саудаласып көрген емеспін. Өйткені олар өнімді арзан бағаға сатып алғысы келеді. Бұл біз үшін қыруар шығын емес пе", – деп ағынан ақтарылды шаруақор азамат.
Кесел кедергі емес
Несібесін қорасындағы төрт түлігінен айырып отырған ауылдағы ағайынға ортақ проблема, ол бруцеллездің белең алуы. Бұл жылдағы көрініс. Тұрғындардың көбі 30-40 сиыр ұстайды. Шындығын айт-қанда, сүтін ішіп, етін жегенмен қазекем малдың күтіміне онша мән бермейді. Қора-қопсыны жылы, жайлы етіп, малдың жем-шөбін уақытылы беріп тұру тәртібі сақталмайды. Міне, бар мәселе осында. Қабырғасы қабысып, қыстан ілмиіп шыққан малда қайбір күй болсын.
Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметтеріне қарағанда, бүгінде Жанкелдин ауданы бойынша 408 ірі қара бруцеллезге шалдыққан.
– Әдетте бруцеллез белгілері анықталса, мал иелеріне үш күн ішінде хабар беріледі. Содан соң, ауру малды оқшаулап, оны 15 күннің ішінде алып кетуіміз керек. Бірақ, жұрт он бес күн түгілі, он бес ай тұрмақ, малынан айрылғысы жоқ. "Өзім сойып жеймін, өзіміз өткіземіз" деген сияқты түрлі сылтаулар айтып, жолатпайды. Мемлекет сол ауру малдың шығынын толық өтеп отырғанын ешкім ескергісі келмейді, – деп қынжылыс білдірді Шота Оспанов, – Үкіметтің №407-ші қаулысы бар, соған сәйкес мал иелеріне 30 пайыз өтемақы төленеді.
Оның айтуынша, Қостанай ауданындағы жеке кәсіпкер А.Пархоменкомен меморандум жасалған. Ол арық малдың етін 400 теңгеден, орташасын 600 теңге, ал күйлі малдың етін 800 теңгеден қабылдайды екен. Бруцеллез анықталған малды жанкелдиндіктер наурыз айынан бері тапсырып жатыр. Әзірге, еттің келісі 400 теңгеден аспай тұр.
Бүгінгі күнге дейін Жанкелдин ауданында малына көлденең кесел жабысқан 80 шақты тұрғынға барлығы 3 млн. 898 мың теңге өтемақы төленген. Жергілікті мал мамандары, ветерианарлық инспекция бруцеллездің алдын алу үшін тиісті шараларды қолға алыпты. Үстіміздегі жылы 29 мың бастан қан алынбақ. Тиісті нұсқау бойынша,сиырдан жылына екі рет, бұқалардан төрт рет қан алынып, зерттелуі керек. Сонда ғана мал біткенге қынадай тиген мальта қызбасын маңайлатпауға болады.
Жанкелдин ауданындағы шаруа қожалықтары еділбай тұқымды қазақы қойлар өсірумен айналысады. Келешекте қой шаруашылығын дамытуға арналған бағдарлама қабылданса, Торғай өңіріндегі кәсіпкерлер мал басын асылдандыруға ниетті. Кезінде ұранға айналған "Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір" қағидасы көп ұзамай жеміс беретініне жанкелдиндіктер бек сенімді.
Әлібек Ыбырай
Суреттерде: Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Шота Оспанов; "Кемел" шаруа қожалығының жетекшісі Сембіғұл Мұхамедьяров; Төскейге түлік толар күн алыс емес.
Суреттерді түсірген автор.