Электронды қызметті тұтынушылар артқан
Қостанайда мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі өтті. Аталған шараны Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Келушілерге мемлекеттік қызмет алу тәртібі туралы кеңес берілді. Бұл туралы Qostanay тілшісі хабарлайды.
Жәрмеңкеге сәулет және қала құрылысы, денсаулық сақтау, білім, азаматтық хал актілерін тіркеу, жер қатынастары және басқа да бағыттар бойынша қызмет көрсететін 18 мемлекеттік орган қатысты. Шараның мақсаты – халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ашық, сапалы болуы, әкімшілік кедергілерді азайту және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін қызметтер туралы кеңінен түсіндіру.
Былтыр облыс тұрғындары 4 миллион 600 мыңға жуық мемлекеттік қызмет түрлерін пайдаланған. Оның 33 пайызы электронды нұсқада көрсетілген. Әсіресе, онлайн жүйені жастар белсенді қолданады.
Сондай-ақ, шара барысында келушілер электронды қолтаңба алу мүмкіндігіне ие болды. Көпшілікті, негізінен, жер теліміне қол жеткізу, жеңілдікпен баспана алу, электронды порталды пайдалану сияқты сауалдар қызықтырды.