АЯЗДЫҢ ӘСЕРІ
Бүгін Қостанайда «-19» градус болғанымен, өткір желдің екпіні болар, телефоным «-21» градусты көрсетіп тұр. Өткендегідей үскірік аяз болмаса да оқушылар мен ата-аналардың бүрсеңдеп жүргенінен-ақ, күннің «құлақ үсітер» қауқары барын аңғаруға болады. Қаладағы №10 қазақ мектебіне кіріп-шыққандардың қаға берісінде суреттегі мына бір бала анасының көмегімен мектеп киімін жалаңаш денесіне дейін түгел сыпырып, жылы киімдерін қабаттап жатыр. Дәл осы есіктің көзіндегі орындыққа телміріп, баласын жетекке алған тағы бір ана (баласын киіндіріп алмаққа) кезекте тұр.
Бұған дейін төменгі сынып оқушыларының ата-аналары балаларын мектептің ішкі жағындағы киім ілетін бөлменің қасындағы орындықтарда киіндіріп алатын. Бір апта бойғы аяздан кейін мектеп әкімшілігінің «мінезі» қатайып қалған сыңайлы. Білім ордасының киім ілгішіне дейін емін-еркін еніп жүретін ата-аналарды қоңырау соғатын апамыз есіктің алдынан әрі өткізбей, телміртіп қойған.
-Апа-оу, бірінші сыныптың баласы өздігінен киіне алмайды. Тым құрығанда спорт киімдерін ауыстырып, бері шығарып алайын, – деген аналардың жалынышты өтініштерін де «пысқырып» жатқан жоқ. «Мектеп әкімшілігі ешкімді кіргізбеңдер деп нұсқау берді» – дейді апамыз.
Бәлкім, бір мұғалімнің бірдеңесін біреулер ұрлап кеткен болар?! Бәлкім, экстремизм, терроризмнен қорғану шаралары шығар?! Не десек те, күнде көрісіп жүрген, бір-бірімен жүзі таныс болып кеткен ата-аналардың сонау шетте, киіне алмай тұрған балаларын киіндіре алмай, бейшара кейіпте тұрғаны ыңғайсыздау екен. Ал шыдамы жетпеген әке-шешенің тірлігі мынау, баласын суыққа қақтап, есік алдында киіндіріп әлек.
«Еліміздің заң талаптарына сай, қоғамдық орындарда, стратегиялық, әлеуметтік нысандарда қауіпсіздік бірінші кезекке қойылуы тиіс». Сұрау салсам, мектеп әкімшілігінің дәл осылай жауап береріне 100 % сенімдімін. Шырақтарым-ау, мынадай қақаған аязда біреуге қастандық ойламақ түгілі, құлағыңды үсітіп алмай, қара басыңды аман алып жүрудің өзі мұң. Ал, дұрыс киіндіріп алмасаң, баланы домбықтырып алуың әбден мүмкін. Қатардағы ата-ана ретінде осыған алаңдаймын.
Жұматай Кәкімжанов
Оттапсыз