КОМПЬЮТЕР ЖӘНЕ ҚОЛЖАЗБА

"Қазіргі жастар бұзылған, тіл алмайды. Біздің кезімізде…"
Иә, аға буын өкілдерінің осы төңіректегі әңгімесін еңбектеген баланың да, еңкейген қарияның да құлағы шалған болар. Біздің эрамызға дейінгі V ғасырда Сократтан бастау алып, бізге дейін, біздің кезімізде және бізден кейін де айтыла беретін «жастар бұзылған…» тақырыбы қазіргі аға буын өкілдерінің арасында тіптен «мода» болып кеткен сыңайлы. Көшеде жүрсеңіз де, кеңседе көрсеңіз де айтары сол: «Жастар тіл алмайды! Үлкенді құрметтемейді! Мұның есесіне біз, өз немеремізді «мынадай» қылып тәрбиелеп жатырмыз!» дейді. (Ылайым солай болғай!) Кейде аға буын өкілдерінің осы сөздерін қалай ақтап аларымды білмей дал боламын… КОМПЬЮТЕР ЖӘНЕ ҚОЛЖАЗБА-Қарағым, мына бір мақаламды әкелдім. Өзім компьютер тілін білмеймін, қолжазбамды қалдырып кетсем, басып берер бір мұсылман баласы болар ма екен?
-Әрине, табылады! Бірақ, апа (аға), үйде ұл-қыздарыңыз, немере-шөберелеріңіз бар емес пе? Соларға берсеңіз басып бермейді ме? Қазір, компьютерді екідегі бала да біледі…
-Ой, олардың қолдары тимейді… (ең сорақысы) немере тіл алмайды… қазақшаға шорқақтау… басатын адам жоқ … тағысын тағы жалғасып кете береді. Редакцияға қолжазбасымен келгендердің бәрі демеймін, (оқырман өзі кешірсін) кейбіреулері осындай уәж айтады. 
… Бірде, бас редакор Жанұзақ Аязбекұлына еріп, сексеннің сеңгіріндегі атақты жазушы Қойшығара Салғара әкемізбен тілдесудің сәті түсті. Кезекті шығармасына кіріскен жазушының қолына қалам алғанын көрмедік, ойын бірден компьютерге түсіріп отырады екен. «Қағаз шимайлаудың дәурені өткен. Техника дамыған заманда мұндай мүмкіндікті пайдаланбау мүмкін емес. Қиюы келмеген дүниені бірден сүріп, ойыңды тізбектей беретін ноутбугің жақсы» – дейді ол. Күнде көріп жүрген Нағашыбай Мұқатов, Серікбай Оспанов іспетті ақсақалдарымыз да компьютермен «дос».
Айтпақшы, редакциямызда ауылдағы ата-әжелеріне қисса, дастанды жатқа оқып өскен, нағыз ата-әже тәлімін көрген қыздарымыз бен жігіттеріміз бар. Ата тәрбиесін көрген азаматтар ғой, редакциямызға келген аға буын өкілдерінің көңілін жықпай, («ыңқ» етпестен) қалағандарын орындап жүр. Қалыбы бұзылмаған қазақы тәрбие деп осыны айт. Осыны біліп алған кейбір ата-әжелеріміз жастарымызды күнделікті тірлігінен бөгеп, (әсілі, өз ұл-қыздары, немере-шөберелері теруі тиіс) қолжазбаларына шұқшитып, компьютерге телміртіп қоятыны бар. Ешкімі жоқ болса, әңгіме басқа… Қолжазбаны алдымен баласы немесе немересі танып оқыса қанеки!
 
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓