Оқырман ойлары
2023 жыл облыстық "Қостанай таңы" газеті үшін жаңашылдықпен басталды. Олай дейтініміз газеттің дизайны өзгерді. Иә, халықтың көзі үйреніп қалған бейнеден өзгеше кейіпке енді. Өзгешелікті аманкелділіктер ерекше қабыл алды. Қоян жылының алғашқы газетін қолға алған оқырмандар жаңаша түрленген газетке өз ойларын білдірген еді.
Есім ДАУЫЛБАЙ,
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Бүгін шынымен ерекше оқиғаның куәгері болдым. Әдетте жаңалықтың жаршысы болған "Қостанай таңы" газетін бірден қолға аламын. Бұрындары бірінші беттің тақырыбын көзбен шолып, ішіне үңілетімін. Ал Қоян жылының алғашқы санындағы газеттің сыртқы бетіне біраз қарап қалыппын. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың оңтүстік өңірлерге жұмыс сапарымен барғаны жайлы мақала жарық көрген екен. Жанұзақ замандастың «Ел сөзі» деген айдарын сағынып жүр едім. Көлемді түрде мақаласы жарық көріпті. Расында газеттің ерекшелігінде сөз жоқ. Әрбір бетке мақалалар мен суреттер сапалы түрде орналастырылып, әр түрлі кескіндемелердің көмегімен қойылған. 100 жылдан астам тарихы бар газеттің жаңа белесі деуге болады!
Сүндет ЖОЛДЫБЕКҰЛЫ,
Аманкелді ауданы әкімінің орынбасары:
— Ғасырлық тарихы бар облыстық баспасөздің жаңа келбеті күтпеген жаңалық болды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы "Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі" дейді. Облысқа қарасты барша өңірдің үнпарағы болған "Қостанай таңы" әр оқырман үшін ыстық. Биылғы жылы мерзімді басылым бізді таң қалдырды. Жанұзақ Аязбековтың басшылығы кезіндегі газеттің дизайны да ұнамды болатын. Бұл жолғы шығарлымда ұнамды болары да сөзсіз. Ақпараттар мен тілші материялдары ерекше орналастырылған. Өткен жылғы газетпен салыстырғанда өзгешеліктер бірден байқалады. Әрине, бұл жаңа басшы Кенжеш Оразғалиқызының енгізген жаңалығы деп білеміз. Жаңашылдық мен-мұндалайтын баспасөзге қарай бергің келеді. Тіпті бір мақаланы бірнеше рет оқыған жаймызда бар. Көпшілікке ұнары, халықтың қызығушылықпен қарары анық. Баспасөздің 101 жылына аяқ басқан шағында оқырмандары көп болсын!
Баян ДАЙЫРБЕКҚЫЗЫ,
"Аманкелді аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі" ММ бас маманы:
— Дәстүрлі ақпарат құралдары, соның ішінде баспасөздің қоғамға берері қисапсыз екені айдан анық. Сол қисапсыз ақпарат таратушы құралдың халыққа жағымды һәм ыңғайлы болуы басты назарда. Мен "Қостанай таңы" газетінің тұрақты оқырмандарының бірімін. Газет бетінде жарияланатын саяси, қоғамдық, әлеуметтік, аймақтық мақалалардан басқа қосымша айдарларды да үзбей оқуға тырысамын. Әсіресе, жұма күнгі шығатын газет өте қатты ұнайды. Қосымша ақпараттармен қатар "Тылсым", "Әлеуметтік желіден" деген айдарлары бірден ұйытып алып кетеді. Бүгінгі жұманың саны мен үшін басқаша болды. Өзім оқып жүрген газет мүлде басқаша боп өзгерген. Тек сыртындағы басылым атауы мен газет тілші есімдері сол қалпы. Ішкі әлемі, фото суреттер, олардың дәлдікпен байланысу айтарлықтай өзгеше. Еріксіз таңырқап, таң қаласың. Аталмыш газеттің меншікті тілшісі Бибіт Нұрмұханов "келер жылы газет сіздерді таң қалдырады" деп айтқаны ойыма бірден келді. Шынымен де таң қалдым. Газеттің басшылық тарапы мен қызметкерлеріне шығармашылық табыс тілеймін. Әрдайым оқырмандарды қуанта беріңіздер!
Маржан БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Аудандық Жастар ресурстық орталығының бас маманы:
— Халық арасында БАҚ өкілдерінің алар орны айтарлықтай жоғары. Елді сапалы ақпаратпен қамтамасыз ететін журналистерге айтар алғысымыз шексіз. Ұлт үшін суға да батып, отты да кешіп, қылша мойынды қылышқа иеді. Бұл олардың ұлтжандылығы мен өз мамандығына адалдығын білдірсе керек-ті. Облысымызқа қарасты барлық қала, аудан, ауылдарды мағыналы мәліметтермен қамтып отырған "Қостанай таңы" газетінің бүгінгі таңы басқаша шықты. Газеттің 2023 жыл №1 саны өзгеше дизайнмен көрініс берді. Өткен жылғы газеттерге қарағанда өзгеріс көп. Мақалалардың баспасөз бетінде қойылған ретінен-ақ, жаңалықты өзгерісті байқауға болады. Тағы да бір байқағаным басылымға бірнеше "меншікті тілшілер" қосылыпты. Ендігі кезекте ақпараттар бұрынғыдан қарағандада да көп шығары анық.
Аманкелді ауданы.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ.
Суреттерді түсірген автор.