“ЖОҒАРЫ ӨРЛЕУ” немесе Әлжан ағамыз
Бір айға жуық болды, ресейлік Антон Мегердичевтің "Жоғары өрлеу" ("Движение вверх") киносы өз елін де, өзге елді де елең еткізді. Жұрт Қостанай кинотеатрларынан тамашалап, жаппай мақтап жатыр. Біз де көрдік. Расында да алыстан толғайтын, жүректі қозғайтын-ақ блокбастер екен. Кино сонау 1972 жылғы Мюнхендегі олимпиадада Кеңес Одағының ерлер баскетбол құрамасының жанкешті жеңісіне арналған. Ол кезде біз орта мектепті жаңа бітірген бозбаламыз. Ел намысы десе жанып түсер бір кезең еді.
Мюнхендегі АҚШ пен КСРО командаларының кездесуі тарихи драмаға айналды. Небәрі 3 секунд ойын тағдырын шешкен айқаста Кеңестер Одағы құрамасының сапында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, баскетболшы Әлжан Жармұхамедов жасындай жарқылдаған. Осы финалдық ойында басқалардан ең көп (36 минут) алаңға атой салған бірден-бір осы ағамыз екен. Ол кеңес спортшыларының арасында Купер тестін тапсырған жалғыз кісі. Бұл тарихи факт. Сондықтан да картинада Әлжан ағамыздың образы бар. Оны актер емес, спортшы Александр Ряполов сомдаған.
Ал енді біздің әңгімеміз мынада. Әлжан ағамыздың рөлін сомдаған Александр Ряполов былай дейді: "Ол – тұлға. Әкесі – қазақ, шешесі – орыс. Тегі ортаазиялық болғанымен , ол – орыс. Оның бойында орыстың күшті рухы мен шығыстың даналығы бар. Тіпті оны шетелдіктер "индеец" деп қалған соң, біз оны қазақ емес, "индеец" ғып сомдадық. Фильмнің саясатқа үш қайнаса да сорпасы жоқ", – дейді. Кинода АҚШ көшелерінде жергілікті стритболшылармен кездесіп қалғанда, олар Жармұхамедовке (Ряполов) "орыс индееці" – деп реплика тастайды. Бұл өмірде болмаған. Режиссердің фантазиясы. Кино түсірілмес бұрын режиссер де, актер де Әлжан ағамызбен (Мәскеуде тұрады) кездесіп, сөйлесіпті. Кино шыққан кезде жерлесіміз: "шындыққа сәйкес келмейтіні көп, тым әсірелеген, сұмдық", – десе де, бірнеше рет қайта-қайта көргеннен кейін: "Бұл деректі емес, көркем кино, айырмашылық болады", – деп бастапқы пікірінен айнып қалған. Айналып келгенде блокбастерде этникалық қазақты таба да, тани да алмайсыз. Ал грузин мен литвалықтар көзге ұрып тұр, керісінше, даралан-ған. Оларды өзіндік мінез-құлқы, көзқарасы, ұлттық ерекшелігі ескерілген. Тіпті команда болып Грузияға дейін сапарлайтыны бар. Фильм біз көрген заманның, кеңестік саясатты жақсы се-зінген: "Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін. Отан оттан да ыстық". Кинода мұның бәрі адам сезімі, жүрек лүпілімен өрілген, фильмнің ұтқан жері де осы.
Әйтсе де, орыстар жанкештілігін қоя ма, аңызға айналған баскетболшылардың жесірлері күйеулерімізді дұрыс көрсетпеген, шындық бұрмаланған, рухы қорланды деп кино авторларына наразылық білдіріп, дауласып, сотқа тартқан. Көркем шындық пен деректі шындықтың арасындағы дәстүрлі тартыс. Осыдан 46 жыл бұрын Мюнхенде жеңілген американдықтар баласы, баласы баласы, түп-тұқиянына шейін жеңілісті мойындамауды, күміс медальді алмау-ды өсиет қып қалдырыпты.
Ал біз, фильмді бетке ұстап, Әлжан ағамызды Қазақстанға шақырып, Мәдениет министрі қабылдап, Астанада, жер-жерде кездесулер өткізіп жүрміз.