Көңіл деген…
…Аттанғанымызға жарты сағаттай уақыт өтті. Купеде екі-ақ кісіміз. Жасы елулерге таянған жігіт ағасы екен. Ана- мынаны сұрасып отырып, әңгімеге тартқансыдым. Байқаймын, жолаушының көңілі пәс. Қысқа ғана сөйлеп, әлденеге ағытыла кетуге іштей бір ауыр күй мұрша бермей отырғандай көрінді. Даусында бір зіл бар секілді. Ақыры мен өзім бастап ауылға ағайымның ота жасағалы көңілін сұрап келе жатқанымды әңгімеледім.
– Ағасы,- деді бір уақытта мен айтып болғанда, – сонау қияндағы ауылдан оралдым. Бұрынғыдай емес, ел-жұрттың тұрмысы түзеліп, өңі кіріп, шырайланып қалыпты. Екі-үш үйден қой кезегі. Сиыр табыны да жол бермейді. Дастарханда тәбетіңіз шапса бәрі бар. Бірақ… Не деріңіз бар, бәрінен бұрын туған нағашы көкем Шәдіні айтамын. Екі жағына кезек-кезек теңселіп, маң-маң басатын маңғаз кісі шексіз жомарт еді. Бала күнімде сан рет қолына су құйып өстік. Әсіресе, сондайда бата бергенде кішкене жүрегім кеудеме сыймай кетуші еді. Жігіт шағымда, үйленіп, кісі болғанымда да құшақ жая ақжарқын көңілімен мәре-сәре қылатын. Бұ жолы ол кісіні мүлдем танымай қалдым. Бұрынғыдан түк қалмапты. Тым салқын, келдің-кеттің демеді. Жасы 75 тен асса да тың, күйлі, үш баласы да кәсіпкер, қызметкер. Нағашымның дәулеті шалқып, мұрнынан есек құрты түсіп отыр. Баяғы ақжарма көңіліңіз қайда, сол көңіліне бола келдім,менің ағат кеткен жерім бар ма дегенді аңғарттым да. Нағашым оны елеген жоқ. Бар әңгімесі айналып кеп өз байлығы, балаларының қызметі, мансабы мен беделінен аспады. Апыр-ай, ә, сонда бұл қалай, қу дүниенің буы ма, жоқ әлде анамның көзі кеткеннен бе екен?..
Содан соң осы ауылдағы немере ағамдікіне бардым. Онша көп сөйлемейтін, біртоға кісі. Жеңгеміз де өзіне сай – іздегенге сұраған. Бірақ қолы ашық. Барған сайын әп-сәтте-ақ бауырсағы мен сары майы, өрік-мейізі дастарханда самсатып, қойы сойылып, қуырдағы қуырылып дегендей қазаны оттан түспейтін, ошағының шоғы сөнбейтін. Тіпті, мен дегенде шығар жаны бөлек, асты-үстіме түсіп, бәйек болатын. Бес-алты жылдан кейін көріп тұрғаным осы: көкем де, жеңгем де ашылған, сөзшең. Ауласына кіргеннен-ақ, хал-жағдайымызды атүсті сұрағансыды да, қала базарындағы малдың, дүние-мүліктің, көліктің түгін қалдырмай сұрап басымды айналдырып жіберді. Үш сағат отырып, бір кесе шайды зорға берді. Баяғы «Сағынып келдің-ау, қона жат. Бір малдың басын жеп кет» дей ме деген көңілім адыра қалды. Қай-да, шәйді ішер-ішпестен: «Қайным, бүгін жүрсең біздің қаладағы балаларға беріп жіберетініміз бар, ала кетсең»-деп тұр жеңгеміз. "Мен осы, ағасы, бұрынғы айтылғанның бәрі бекер ме деп қалдым. Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетпейді екен. Бұл кісілер тез өзгеріпті. Мен аңсап келген еркелікті ұрыспай көтеретін мәрт мінезді көрмедім, көңіліңді тазартатын жан үнін естімедім. Бәрі де көңілімнің жетім қозыдай түртінектеп отырғанынан айтқаным ғой, айып етпессіз, ағасы", – деді жолаушы.
Е, "Қалған көңіл – шыққан жан» деген осы.
Әсте көңілдің тоналғаны жаман. Алла біреуді тоқшылықпен, біреуді жоқшылықпен сынамайма?! Осыны қаперден шығарып, бір күндік фәниде қу дүниенің артынан ерген жандарға дауа бар ма..