Дойбының додасы басталды
Соңғы кезде ел ішінде бұқаралық спортты дамытуға айрықша назар аударыла бастады. Әсіресе, жасөспірімдерді спортқа баулу ісі барынша қанат жайып келеді. Соның бір айғағы – Қостанайда жүз шаршылы дойбыдан тұңғыш рет Қазақстан чемпионаты басталды. Жарысқа алаң иелерімен қоса Шымкент, Түр-кістан, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Қызылорда, Астана қаларынан келген 90-нан астам шаршы тақта шеберлері қатысып, күш сынасып жатыр.
Кәсіби дойбышылардың арасында әлем, Азия біріншілік-терінің жүлдегерлері бар. Ал Қостанай қаласының намысын қорғауға бел буған София Ершова зағиптар арасында ел чемпионы атанған. Сондай-ақ, Қазақстан чемпионы Дәулет Жақыпов, Аруна Сәрсенбаева, Назым Серікова, ағайынды Фариза және Олжас Байболовтар әр жылдары ішкі біріншіліктің жүлдегерлері қатарын толықтырды.
– Жалпы, біздің облыста дойбы спорты жыл озған сайын дамып келеді. Ел аумағында өткізіліп жүрген жарыстардан біздің облыс спортшылары қалып көрген емес. Және көптеген дойбышыларымыз түрлі деңгейлі жарыстардан оза шауып, бәйге алып жүргенін мақтанышпен айтуымызға болады. Бұл жолы Қостанайда өтіп жатқан дойбы чемпионатына ресейлік бапкер Юрий Черток арнайы келді. Ол ел біріншілігінің бас- қасында болып, өз тәжірбиеле-рімен бөліспек, – дейді дойбыдан облыстың аға жаттықтырушысы Кәрішал Какашев.
Өзінің бала жасына қарамастан Қазақстан чемпионы атанып үлгерген Дәулет Жақыпов дойбымен көптен бері әуестенеді.
– Бұл ойын адамның ойлау қабілетін шыңдай түседі. Шаршы тақтада оңтайлы тәсілдерді сәтімен қолданғанда ғана белгілі бір нәтижеге жетуге болады. Былай қарағанда бұл ойын оңай көрінгенмен, жарыста кәдімгідей тер төгуге тура келеді. Өйткені, кез келген қарсылас жеңілуге көне қоймайды.
Турнир бүгін аяқталады. Оның қорытындысы туралы тағы да хабарлайтын боламыз.
Айбек
КӘДІРҰЛЫ
Суретті түсірген
Айбек ЖҮЗБАЙ.