Бауыржан мен Данияның айтысы

"Құтты мекен – Қостанай" жазба айтысының келесі жұбы – қарағандылық сері Бауыржан Ерман және арқалықтық ару Дания Сәтбекқызы. Екеуі де жас та болса талай өлең додасында жарқырай көрінген дарындар. Осы жолғы сында да сүбелі сөз айтып, өрнекті өлең өре білді деп сенеміз! Әуелі ақындармен жекелей таныстырып өткіміз келеді.бауыржан-данияБауыржан Ерман Түркістан облысы Отырар ауданының тумасы. Жасы 20-да. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 4-курс студенті. Болашағынан үміт күттіретін ақын республикалық, облыстық көптеген сайыстарға қатысып, жүлдегері атанған. Жазба айтысқа жырын жаратып отырған жас өлеңшіге сәттілік тілейміз.
Ал Дания Сәтбеқызы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. Қазіргі уақытта Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында информатика мамандығы бойынша 3-курста оқып жүр. Республикалық Абай, Шәкәрім оқуларының жеңімпазы, елорданың 20 жылдығына арналған республикалық мүшайралардың топжарғаны. "Үркер" атты шағын жыр жинағының авторы.
Ендеше, кезекті екі ақынның жыр жарысына берелік. Оқып, баға бере отырыңыздар!
 
Бауыржан:
Бисмиллә сөздің басы, жұрағатым,
Зәу көкте қанат қағып тұрады атың.
Ассалаумағалейкүм, арда қазақ,
Ақыны аламанда сыналатын.
Үйіне бір-бірінің қонақ болса,
Жасына қарап жөні сұралатын.
Тойында күміс көмей әнін шырқап,
Бишісі мың құбылып бұралатын.
Қарттарының қасына бара қалсаң,
Дәріптейтін дәстүрін, мұрағатын.
Екеуара сөйлесіп қалған кезде,
Екі сөзі өлең боп құралатын.
 
Алаштанмын ашпайтын жауға сырын,
Өтіріктен шығады алға шыным.
"Екінші ұстаз" туылған өлкедегі,
Екі өзеннің асау бір арнасымын.
Отыз сегіз хан жатқан ордадағы
Шаханов, Бекарыстың жалғасымын.
Бойына намыс, жігер туа біткен,
Әр қазақтың бір туған қандасымын.
Ел береді бағамды – әділ қазым,
"Жюри" берген болмайды балға сыным.
 
Тұранның сыйы адамды күпті етеді,
Қастерлі малға толы сүтті етегі.
Киелі Яссауиге зекет етсе,
Балаға зар болғанды жүкті етеді.
Арыстан баб, "Сансыз баб" араласаң,
Дінің менен діліңді мықты етеді.
Көп мақтауға жоқ едім,
Ақиқаты –
"Отырар" қазақ әнін бар әлемге
Танытқан Шәмші атаның құт мекені.
 
Ел жағдайын жырласам оңалармын,
Тілеуі осы еді ғой көп адамның.
Бауыржан ЕРМАН – менің атым, сойым,
Дедім: "Сөз – ақынжанды оғы адамның".
Айтысқа көкелермен келгенім жоқ,
Ермановқа қатысы жоқ адаммын.
 
Сақтапсың бойға ізгілік, ар-ұятты,
Әйтпесе сел боп қанша дария ақты.
Армысың, ерте көрген таң шапағын,
Шығыстың күндей қызы Дәния атты.
 
Дания:
Армысың, айтыс сүйер арлы алашым,
Жырыменен емдеген жан жарасын?
Құрсағында толғатып алыптарды,
Тудырған тұлғалардың таңдамасын.
Құт қонған Қостанайым – киелі өлке,
Тарихын оқып әр кез таңданасың.
Мекені батырлар мен ақындардың,
Өрлеткен өр елімнің алға тасын.
Қостанай, қарыс жерің артық маған,
Әлемнің сыйласа да бар қаласын.
Халқымнан айналайын кең көңілді,
Баурына баса білген бар баласын.
Жазбаша айтысыңа шықтым бүгін,
Ағайын, қызыңның бер, ал, бағасын.
Жырыммен жүректерің сусындасын,
Ұмытып тіршіліктің қарбаласын.
 
Армысың, Бауыржандай қарсыласым?
Бабыңды бүгін құрбың, ал, сынасын.
Жас та болсаң жалынды жырыңды арна,
Тама берсе, тас тесер тамшы да шын.
Ерман қарттың ұрпағы, қалың қалай?
Дания дәл осылай хәл сұрасын.
Тектілігің болар-ау өзгелерге
Сүйеніп өрлегенді ар сынасың.
Ермановтың жүйрігі болмасаң да,
Ел-халықтың бағасын алшы басым.
Адалдығы сезіліп тұрса бойдан,
Қыраннан кем көрмейді ел қаршығасын.
 
Қадамды тұрса Алла оңдап бұл күн,
Тәттісін отырайын жолдап жырдың.
Түбім қонақ болғанмен Арқалыққа,
Көңілге туғанындай орнап жүрмін.
Қасиетті Торғайдың суын ішіп,
Қанатты бала қаздай қомдап жүрмін.
Көзіммен көргенімді көңілге сап,
Жырымды жүрегіммен толғап жүрмін.
Шығыстың шынарымын десем-дағы,
Қостанай, намысыңды қорғап жүрмін!
 
Өнерді сүйген жұртым жырымды алсын,
Жырыммен өрнектелген сырымды алсын.
Бейімбетті тудырған киелі өлке,
Бақыттың не екенін ұғынғансың.
Ақ қағазға түсіріп тарихыңды,
Өзің деп шырылдаған шыбын жан шын.
Бейімбетің көтерген биігіне
Құлатпай ақын қызың туыңды алсын.
Өр елім, саған деген махаббаттан
Шұғаның белгісіндей жырым қалсын!
 
Бұл айтыс басқалардан  бөлек еді,
Шабысың, Бауыржан дос, ерек еді.
Құрдасың қатты айтса, айып етпе,
Ол – сені қолтығыңнан демегені.
Өзің шыққан өлкені жырға қосып,
Өзгеге көрсеттің-ау өнегені.
Екінші ұстаз шыққан киелі жер
Көңілге қай кезде де еленеді.
Яссауи хикметтер жазып елге,
Алланың түзу жолын елеп еді.
"Пайғамбар жасынан мен аспаймын" деп,
Өзгеше уайым бір жеген еді.
Өмірін жер астында өткізіпті,
Өткеннен жеткен осы дерек еді.
Аллаға сенімінің себебі ғой,
Құранға толса көңіл сөрелері.
Арыстан баб – ұстазы Яссауидың,
Оқыған әрбір адам сенер еді.
"Барғандарды жүкті етіп жіберед" деп,
Бауыржан, айтып отсың неменені?
Бұл сөзіңе мен әсте қосылмаймын,
Ойлағаның еліңнің беделі еді.
Адамның құрсағына перзент берер
Жаратқан жалғыз Алла шебер еді.
Аллаға сенім артқан Яссауиым
Аллаға серік қылсын демеп еді!
 
Бауыржан:
Әлімсақтан жыр жақын жүрегіме,
Берсе де қара күшті білегіме.
Қатарласып келеміз топ бәйгеде,
Алғыс айтам ақжарма тілегіңе.
Туған елді құрметтеу – парызымыз,
Түссек те "жеті қаттың" түнегіне.
Үлкен сауап алғандай қуанамын,
Титтей бір пайдам тисе Ұлы еліме.
 
Қаракөз, сөзің – жебе, құнарлы – әнің,
Тек жақсылық жайқалған ұнар бағың.
Хәлімді сұрасаңыз, бір ауыз сөз:
Қазақтың жағдайымен сыңар жаным.
"Жазба айтыс басталады" деген кезде
Лирикаға қанағат қыла алмадым.
Шығыстың шынарымен жұптасқанда,
Ауызға қақпақ қойып тұра алмадым.
 
Алла жайлы айтқаның хақым еді,
Мұсылманға бұл артық ақыл еді.
Сөздерімде айтылған жатыр жайлы
Адамдар Алла үйіне ынтызар боп,
Сәждеге жығылса екен деген тілек
Ашыла алмай тұншығып жатыр еді.
 
Табыла ма дәл биыл жастық емі?
Жастар жылына кімдер бастық еді?
Мына жердің билері қырдан асып,
Анау қырдың төресі қашты бері.
Елбасыны аман-сау сайлар ма екен?
Қара халық киері "каскы" ма еді?
Банктерге құлыпты салу керек –
Дөкейлердің біразы қашқын еді.
Қара жұмыс істеген пенделердің
Жан дауысын "қағаздың" басты лебі.
Бауырларым сімірді ащы судан,
Үйреткен торайлардың маскүнемі.
Жетіскеннен ішеді дейсің бе олар,
Мұң мен шері толқынды тасқын еді.
Қыздарымыз қысықкөз туады әлі
Шындығында бұл ісі – лас, біледі.
Ақиқаттың заманы кіріп келсе,
Көп адамның шешілер "маскілері".
Философ, ұлы ғалым, математик
Архимед – физиканың басты кені.
Аман ба, Дәния қыз, мұндайлардан
"Ұлы ғалым" басқарған астық елі?
 
Дания:
Айналдым, астық өлкем, аман бәрі,
Сұраққа жауап берсем санаңдағы,
Биліктің былығына бас қатырмай,
Бейбіт өмір кешуде адамдары.
Өз өлкемді сүйген соң өзгешелеу,
Көзіме көрінбейді жаман жағы.
Хәл сұраған айналдым пейіліңнен,
Сәлем сөзге емессің сараң жаны.
Елім деп елжіреген ерлер болса,
Туыстай көрінеді маған бәрі.
Бірлігі бүлінбесе бұл қазақтың
Орындалар әлі де ақ арманы.
 
Бастауын алған бір кез Нұр-ағамнан,
Нұрланып бара жатыр мына жалған.
Елбасының есімін бұл күндері
Елордадай еңселі тұрақ алған.
Өзгерген көп дүние көрінбейді
Үкімет уақытша құлағаннан.
Жәрдемақы көбейсе аналарға,
Жанардан жас сорғалап жылағаннан,
Шүкір етер халықпыз барлығына,
Жаратқан сақтасын деп сұм ажалдан.
Елді ойласаң, ері бол еңбек етер,
Ештеңе өзгермес бос сынағаннан.
Жастар жылы бермекші мүмкіндікті,
Жас болса егер қолына шырақ алған.
Омардай бұл қазаққа батыр керек,
Жау келсе найза ұстап шығар алдан.
Ел үшін жанын берген батырлардың
Ерлігін жырларынан ұға алар жан.
Бейімбеттей намысты тұлға керек
Өшпес артта қалдырған мұра-маржан.
"Әбдірахманынан" қорқамын бүгінгінің,
Сынып кетер шықса егер сынақ алдан.
Өзің айтқан сусынға жақыны көп,
Асындай атасынан мұраға алған.
Қырық үйден тиылып қия баспас
Қылықты қыздарымыз сірә да арман.
Қорқамын бұл күндері етегіне
Шұғалары жетпеген "Шұғалардан".
 
Жүрекке жырың жетсе, жай табасың,
Талантыңды дүйім жұрт байқағасын.
Ер болып ел қорғайтын жасқа жеттің,
Бірақ әлі бала боп байқаласың.
Басқаларды сынағыш батыр досым,
Ел үшін не істедім деп айта аласың?
Үлгі болғын өзіңнен кішілерге,
Ісіңді інілерің қайталасын.
Өткендерден жинасаң қандай мұра,
Келешекке дәл соны қайтарасың.
 
Бауыржан:
Жаныма шабан аттай жора алмадым,
Ұсынды көкелерім – төр алмадым.
Құлағыма алтыннан сырға тағып,
Шашымды бояп, сәнқой бола алмадым.
Отырар боп қамалым қираса да,
Рухани ұрыға тоналмадым.
Шындыққа тіке қарап үйренгенмін,
Орындау үшін елдің көне арманын.
Еліме жасарым көп, ал бүгінде
Бақ емес пе ақиқат көре алғаным?!
 
Сияқты елім тапталған көктем гүлі,
Байқалады бағбанның өктемдігі.
Айтқанымды баланың сөзі десең,
Айтыста да айтады көптен мұны.
Кең даланы алғашқы тізгіндеген
Сұлтанның да аз емес төккен нұры.
Сендер жақта барлығы тамаша екен,
Қиялдаймыз біз әлі көппен бұны.
Жәрдемақы көбейді.
Ішіп-жемнің
болмаса сәл қымбаттап кеткендігі.
 
Ақиқатшыл бітеді тілге қанат,
Емес еді ауруды білген ағат.
Жүреміз бе деп едім біздер бірге,
Халықтың зар-қамалын бірге қалап.
Ауызыңа неге құм құйылады,
Тұрған жоқ па шарасыз ірге қанап.
Қара халық сұрасам, жібердің-ау
Хәл-жағдайын тып-тыныш түнге балап.
Төменгі жаққа да бір мән берсейші,
Тусаң да, Шығыс қызы, Күнге қарап.
 
Бар мұнда біраз айтыс қариясы,
Аттары дүйім жұрттың жариясы.
Біздей жазба ақындар бой көрсетті,
Суарған қара өлеңнің дариясы.
Жалғастыр десе айтысты, самғай берем,
Қатайтқан қанатымды ар ұясы.
Үш кезек жетеді деп айтып едің,
Әзірге қош-аман бол, Айдай сұлу,
Тілшілерше: Сәтбектің Дәниясы!
 
Дания:
Қазақ елі бет бұрып ірі істерге,
Бұл күні айналуда білікті елге.
Жұрт естіп жүрген жайды шындық қой деп,
Не табам елдің миын шіріткенде?
Онысыз да табалағыш жандар аз ба,
Көз тігіп елді ішінен іріткенге?
Елдің жайын ойламас ездер қанша,
Көп ішінде қарайған қуыс кеуде.
Ел жайын енжар ойлар мен емес ем,
Дайынмын ұлтым үшін у ішсем де.
Бұл елдің бағы жанар, біле білсең,
Бір тудың астына кеп біріккенде.
Бір Алла бірлігінен айырмаса,
Қазағым шығады әлі биіктерге.
 
Түңлігін көңіліңнің ел деп түрдің,
Аламанға ақының мен деп кірдің.
Өнеріңнен, Бауыржан, айналайын,
Серісі бұл өнердің сен деп тұрмын.
Шығысқа келер болсаң, шәйін берер
Біреуі тең құрбыңның мен деп білгін!
 
Мойнына артса ақынның сенімді елі,
Жөн болмас додалардан шегінгені.
Ақының боп арыңды қоғап өтем,
Тектілік пен намыс бар тегімдегі.
Елімді жырлаудан еш шаршамайын,
Оқудан шаршамаса елім мені.
Ағайын, сен қаласаң мен дайынмын
Қыраныңдай самғауға көгіңдегі…
 

You may also like...

1 Response

  1. Ернұр Әуезхан айтты:

    Дәния мерейің үстем болсын.Ұтымды жауап,ұтқыр ой.Жеңіс бір қадам жақын қалыпсың????

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓