Сайлау БАЙЗАҚОВ:  «Бос сөзбен құнсыз талас-тартысқа түсетін ғалымсымақтар бар»

Қазақстандағы экономикалық әдістердің алғышарттарын жасап, осы бағытта ғылыми мектеп пен кадрлардың жаңа легін қалыптастырушылардың бірі ретінде жерлесіміз Сайлау Байзақовтың есімі аталады. Халықаралық ақпараттандыру және менеджмент академияларының академигі, Оксфордтың халықаралық академиялық одағының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сайлау Байзақұлы қаржы және тауар саясаты, инвестициялық жобалардың пайдасы мен зияны туралы әңгіме қозғады.
 
IMG_8771«Бизнес инвестициясыз өзгеріс жасай алмайды»
 
– Сайлау Байзақұлы, әңгіменің әлқиссасын мынадан бастаңызшы: елдегі бизнес пен ғылыми жұмыстардың арасындағы байланыс қай деңгейде?
– Қазақстандағы бизнес пен ғылым байланысы өзінің даму дәрежесінің бас кезінде тұр деп айтқанымыз дұрыс болар. Кәсіпкерлер ұлттық палатасының басқарма басшысы Тимур Құлыбаев жақында ғана осы мәселені бекер көтерген жоқ. Бизнес пен ғылымды байланыстырмас бұрын өзіміз күнделікті айтып жүрген инновацияның басты тетіктерін білген дұрыс. Тіпті, мұны «менмін» деп жүрген ғалымдардың кейбірі білмес. Егер осы инновацияны қандай да бір елең еткізер  жаңалық деп түсінсек, онда экономиканың саясаты, әлеуметтік өсудің өзгерісін бағалау, шағын немесе орта бизнес – бәрі де ғылыми түрде негізделуі қажет. Бұдан соң инвестиция автоматты түрде іске қосылады. Өйткені, бизнестің қай түрі болсын, инвестициясыз өзгеріс жасай алмайды, былайша айтқанда, даму өзгерісінің болуы мүмкін емес. Ал әр инвестиция әртүрлі даму әкеледі. Бұны талай экономистер дәлелдеп, жік-жігіне бөліп берген. Егер басқаша болған жағдайда «экономикалық шегініс» орын алуы мүмкін. Айталық, егер сұранысы жоқ тауарларды шығаратын зауыттар мен фабрикаларды салсақ, онда шегіністің сыртында, уақыттан да ұтыламыз. Қалғаны айдан анық – тауар өтпесе, пайда да жоқ. Сол үшін де инвестицияның түр-түрін инновация таразысына салып, ғылыми жаңалық ретінде оны бағалап алу жүйесін енгізу қажет. Сонда ғана бизнес пен ғылым бір-біріне жақындайды.
– Егемендіктің бастапқы жылдарында ел экономикасын нарықтық қатынастарға көшіру жөнінде ұсыныстар, дағдарысқа қарсы бағдарламалар жасалды. Олардың қазақ экономикасына бергені қандай және қазіргі кезде қаншалықты маңызды?
– Алғашқыда елде жасалған бағдарламардың қатары өте көп болды. Кейін өзімше саралап, олардың бірнешеуін ғана сол уақыттың тезіне сай деп жобаладым. Мәселен, бағаны босату мен жекешелендірудің бірнеше түрі, импортты алмастыру жөніндегі бағдарнамалар сауатты жасалды. Негізі, әлемдік сарапшылардың бағалауы бойынша, экономиканың берекесіз бөлігі «шоковая терапия» деген атаумен қарастырылады. Мысалы, тауарды дайындаушы кәсіпорындар сатып алушылармен есеп айырысуда бір бағаны қолданады. Егер баға бірден босатып жіберілсе, яғни төмендесе, қайсыбір елдің экономикасы құлдыраудың соққысын алады. Бұл тұрғыда біз қателескен жоқпыз. Мен айтқан бағдарнамалар бүгін де, келешекте де маңыздылығын жоғалтпайды. Сол кездегі жаҺандық дағдарысқа қарсы жасалған аса құнды бағдарламар қатарына ұлттық ақша шығару жұмысын жатқызар едім. Тағы бір айта кетерлігі, төл теңге Қостанай елінің азаматы Ғалым Байназаров ағаларың Ұлттық банкті басқарып тұрғанда нарыққа жол тартты.  Ол кісі Қазақстанның егемендік алған жылдарындағы экономикасы туралы өзінің естеліктерінде тәптіштеп жазған.
– Сіз құнды қағаздар нарығын дамытудың тұжырымдамасын жасауға, ұлттық экономиканы реформалауға бағытталған «Қазақстан-2030» Стратегиясы секілді бірнеше бағдарламаларды дайындауға қатыстыңыз. Жалпы, отандық сарапшылар ақшаның құны және сол арқылы инфляцияны анықтау үшін елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін бағамдау керек дейді. Осыған келісесіз бе?
– Рас, экономистер нарықтық қатынастардың қиындықтарына тұрмыстық тұрғыдан мән беріп жатады. Бұл өзгерістер әлеуметтік-экономикалық проблема ретінде қарастырылып жүр. Мәселен, биыл ғылыми техниканың қатты дамуы арқылы адам еңбегі пен капиталдың өнімі екі есе өсті делік. Тиісінше, айналымдағы өнім көлемі артты, тауар көбейді, сұраныс та ілгеріледі. Сондықтан инфляция мен девальвацияны ғылыми инновациялармен және бәсеке әсерімен бағамдап, технологиямен байланыстыру керек. Қаржы және тауар экономикасының саясаты туралы, оларды үйлестіру жұмыстарымен өмір бойы айналасып келемін. Өйткені, бұл екі саясатты үйлестіру мәселесі Кеңес заманында да экономиканың өзекті проблемалары қатарына жататын еді. Маған салсаңыз, ішкі саясатты айтпағанның өзінде, осы екі саясатты үйлестіре білмеу Кеңес үкіметінің құлдырауының басты себебі болды. Неге десеңіз, социализм мен капитализм сол кездегі идеологиялық ұстанымдармен қабысып кете алмады. Міне, ақшаның құны, инфляцияны дұрыс бағамдай білу көп нәрсені шешетінін түсінеміз.
– Ал тауар саясаты қазір, социализм мен капитализмнің идеялық басымдығы жоқ уақытта қалай жүріп жатыр?
– Қаржы және тауар экономикасының саясатын үйлестіру – нарық пен жоспарлау принциптерін біріктіру деген сөз. Жоспарлы баға саясаты нарықтық баға  саясатымен біте қайнасып жатуы тиіс. Қазір қаржы және тауар экономикасының саясаты арасындағы айырмашылықтар әлі де бар. Қайта қазіргі жаҺандану кезінде олардың арасындағы қайшылықтардың әлем экономикасына, әсіресе, өскелең дамып келе жатқан шығыс елдеріне көп зиянын тигізіп отыр. Соның әсерінен еңбекақы мен тауар бағасының өсу дәрежесі теңдігін сақтайтын заңнаманы өмірге әкелу қажеттігілігі туындайды. Ендігі жағдайда осы екі саясатты бір-бірімен үйлестіру үшін тағы бір тың саясаттың экономикалық құралы керек деп айтуға болады. Осы үшінші саясатты құрудың әдістемесі туралы Америка ғалымы Майкл Байе үлкен еңбектеніп, оқулық жазды. Онда ол АҚШ пен Жапония арасындағы бір шағын экономикалық пікірласты өрбіте отырып, тауар және қаржы экономикасының арасындағы үлкен саяси проблемалардың бетін ашты. Ол кітап орысша «Управленческая экономика и стратегия бизнеса» деп аталады. Автор жапондар жағын тауар экономикасының саясатының өкілі ретінде қарап, ал қаржы экономикасының саясатын жүргізуші өкілі ретінде Америка жағын қараған. Солайша, жаңа басқару экономикасының жеке, қаржы және тауар экономикасының саясатынан бөлек саясаты болуы керек деп негіздеген. Мен бұл кітапты «Басқару экономикасының кілтіне ізденіс» деп атар едім. Олай деуіме себеп бар. Мен қазір осы жаңа бағытты іздеу үстіндемін. Ғылыми жұмыста жүрген біраз зерттеушілер осы басқару экономикасының саясатын жүргізу кілтін менімен бірге іздестіріп жүр. Оның бір нәтижесі ретінде Германияның «LAP LAMBERT Academic Publishing» баспасында шыққан «Основы качественной теории денег» деген кітапты атар едім. Енді бұл кітапты қазақ тіліне аударып, қарадомалақтарымызға да жеткізсем деген міндет қойдым. Осы кітапта басқару экономикасының саясатын жасауға жарамды экономикалық теория талқыланған. Ол теория қолданыста жүрген  акшаның сандық теориясын дамыту жолымен және әлем экономикасының жаҺандану жағдайын ескере отырып жасалды.IMG_5534
 
Нарық есепсіз болмайды
 
– Жалпы, елде инвесторлар саны күннен-күнге артып жатыр. Оларды ең алдымен нарық қызықтырады дейді білетіндер. «Кім сатып алады?», «бағасы мен өзіндік құны қандай болмақ?» және тағы басқа мәселелерге баса назар аударады-мыс. Шетелдік инвесторлардан түсетін нақты пайда қандай болмақ? Негізі, инвестициялық қаражат қанша жылда өзін ақтай алады?
– Рас, әуелі, инвесторларды тауар құны қызықтырады. Екіншіден, ашық экономикалық саясат ұстанған Шығыс Азия елдері, кейін оларды қостаған Қытай, Үндістанда инвестиция салу жолдары мол. Үшіншіден, бұл елдерде инвестиция арзан бағаланады. Біздің елге инвесторлардың келуі не келмеуі осы факторларға байланысты. Оның үстіне олар бізге келерде әлеуметтік, өндірістік инфрақұрылым жағдайы, транспорт-логистика дәрежесінің, тұрмыстық жағының жақсы болуын қалайды. Олардан нақты қандай пайда түседі? Меніңше, жұмыссыздықпен қүресуге, еңбекке жарамды адамдарды жұмыспен қамтуға, жаңа технологияны елімізге тартуға, жұмысшы күшін жаңа мамандыққа үйретуге, оқып-білуге үйретеді. Соңғы жылдары инвесторлар арқылы әлем елдерінің алдындағы бедел де басты тетіктердің біріне баланып жүр. Жалпы, бұлар аз көрсеткіш емес.
Инвесторлар өнеркәсіп түріне қарай жұмсаған ақшасын бір жылдан жиырма жыл арасында, бірі ерте, бірі кеш, толық қайтарып ала алады. Бірақ, ең тиімді ақша қайырымы инвесторлар үшін жеті-сегіз жылдар арасы болып саналады. Не керек, олар бір жылдық түсімді 10-12 проценттен кем болмауын қадағалайды. Кәсібі керісінше кеткен жағдайда банкротқа ұшырайды. Ол басшыға да, жұмысшы тарапқа да зиян. Сол себепті, инвесторлардан қашқақтай берудің реті жоқ.
– Жаһандық экономикада болып жатқан өзгерістер бізге ықпал етпей қоймасы анық. Көптеген елдердің дамудан жан бағуға көшуге мәжбүр екенін естіп-біліп жатырмыз. Қазақстан қазіргі дағдарысқа қаншалықты дайын? 
– Жан бағу демекші, дүние жүзінде 200-ден аса ел болса, оның ішінде аса жақсы дамығандары – Америка, Еуропа Одағы, Жапония, Швейцария. Олардың сыртында дамушы мемлекеттер бар. Ал сол даму үстіндегі елдер арасында өз күндерін көре алмай отырған елдер де жоқ емес қой. Мұндайлар үшін әңгіме дағдарыста емес, тауар экономикасының саясатын дұрыс жүргізілуінде деп түсінуіміз керек. Бұл жерде әңгіме білімде, әсіресе, ғылыми экономикалық сауаттылықта болып тұр. Жаңағы мен айтқан қаржы және тауар экономика саясатының үйлестіру мәселесі де айтарлықтай рөл атқарады. Жан бағуға көшуге мәжбүрлік проблемасының күрделі екенін түсіну үшін  Президентіміз жазған «Кризистің кілттері» және «Бесінші жол» мақалаларын тағы да қайталап оқып көрсе де болады.
Әлеуеті күшті елдерге келсек, олардың  өсу қарқыны өте аз болады. Кейде олардың дамуы тұрмақ, төменге кетуі де кездеседі. Өйткені, бұл елдер өз экономикаларына аздаған ғана инвестиция тартып, жылдық айналымда өз шеңберінде қала береді. Оларда әр адамның табысы өз-өзін асырауға, күнделікті жүріп тұруы, тұрмысына молынан жетеді. Мұның сыртында әр дамыған елде шағын бизнестің 70-80% жеке шаруалардың қолында екенін ескеру керек. Сондықтан да АҚШ, Жапония, Швейцарияда ұлтық экономикасының даму дәрежесі жыл сайын жоғарылай беруге міндетті емес. Олар дамып, жетіліп болды, бұл сатыдан әлдеқашан өтіп кеткен. Өсу, өрбу біздің еліміз сияқты даму үстіндегі елдерге  ғана керек. Рас, Қазақстан бір емес, бірнеше дағдарыстан өтіп, тәжірибе жинап алды. Шамалы дағдарысқа төтеп беруге күші жететіндей елімізде басқаруда жүрген  кадрларымыз бар.
– Жыл сайын мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға қомақты қаражат бөлінеді. Шынтуайтында, оның қайда және қалай жұмсалып жатқанын бірі білсе, бірі білмес. Осы тұста кәсіпкерлікті ғылым ретінде зерттеу қаншалықты маңызды?
– Кәсіпкерлерге көмек жасайтын институттар өте тиімді жұмыс жасап жатыр деп айта алмаймын. Өйткені дамыған елдерде шағын және орта бизнес ұлт экономикасының 70-80 процентін беріп отыр дедік. Ал біз әлі 25-30 проценттен аса алмай келеміз. Сондықтан да жаңағы кәсіпкерлердің ұлттық палатасының ғылымға көп көңіл бөлуі тегін емес. Алдағы жылдары солардан көпті күтемін. Қазақ баласына жол сілтерлік жобаларын ұсынар деп ойлаймын.
Тағы бір ескерер жайт, біз азық-түлік өнімдерінің үлкен көлемін шетелден импорттаймыз. Оның барлығын өзіміз шығаруымызға болады ғой. Осы саладағы импорт алмастыру, шетелден тауар тасу жағы қалай жүзеге асады? Міне, бұл сұрақтарға шалғайдағы ауыл баласы жауап берсе, баяғыда-ақ байып кетер едік. Негізі 2030 жылға дейінгі біздің елдің стратегиясында, басқа да бағдарламаларда,  аграрлық өнеркәсіпке көп көңіл бөлініп отыр. Біздің елдің әлем экономикасының басты нарық алаңына айналуына толық шамасы жетеді. Бірінші себеп – Қазақстан  жер көлемі бойынша бірінші ондықта тұр. Бұл – үлкен күш. Нағыз таза тағам, тәп-тәуір киім-кешек бізден шығатын уақыт онша алыс емес деп ойлаймын. Оның үстіне қазір елімізде цифрланған экономика науқаны басталып жатыр. Ол науқан да  ғылыми негіздеуді, ғылыми –техникалық жүйелеуді талап ететіні сөзсіз. Мұны президентіміз қадап айтты.IMG_8839
– Экономикамыздың өрлеуіне ықпал ететін салалар анықталды ма? Болса, қайсыларын атар едіңіз?
Қазір экономистер қауымы басқа салалардың құрал-жабдықтарын қисынсыз пайдаланғаннан гөрі өз құралдарын, жалпақ тілмен айтқанда, өз «машинасын» жасауы, оларды сынақтан өткізе беруі керек. Экономиканың өсу дәрежесін айқындайтын көрсеткіштер жүйесін жасау жұмысы өзінше бір төбе. Көш жүре түзеледі. Физиктердің зерттеу құралдарын өзіміз сияқты адамдар жасаған. Сол себепті экономикалық зерттеулердің де өз құралдарын жасауға болады. Бос сөзбен құнсыз талас-тартысқа түсіп, жеке фактілерді ойнатып, көпшілік назарына ілініп жүрген ғалымсымақтар біздің елде де баршылық. Сондықтан да алдымен бәрін өлшеп-екшеп, бір мәселені шешіп алмай, «анау ел анда, мынау ел мұндаға»  салу жайдақтық болып қалады. Мәселен, Маркстің де, Адам Смиттің де экономика ілімінде жасаған еңбектерін біздің елімізде сараптаусыз пайдалана берсек, не болғаны? Нарық есепсіз болмайды. «Соқыр тауыққа бәрі бидайдың» кезеңі өткен. Экономистердің алдында мынадай міндеттер тұр: индикаторлардың өсу динамикасын, өзара тәуелділігін зерттеу, олардың өзгеруінің субординациясын анықтау, еңбек және капитал шығынының экономикаға тигізетін пайдасын жеке-жеке есептеу, талдау. Бұл – экономиканың тұрақтылығын анықтауға көмегін тигізетін көлемді де абыройлы жұмыс.
Ел экономикасының күші, қуаты тек ақшаның молдығына емес, елімізде шығатын тауар айналымына да байланысты. Сайып келгенде, тек ұлттық экономика ғана емес әр облыстың, әр ауданың өз тауар шығару басымдықтары бар. Соны пайдалану қажет. Мәселен, Қостанай облысында тек астық, ұн, ұннан жасайтын тауарлар шығаратын аудан болуы мүмкін. Әр  ауданда басым бағыттар болса, облыс бюджеті бір жүйеге келеді.
Қазіргі біздегі экономика ғылымы, әсіресе, оның философиялық негіздері әлем экономикасының бүгінгі даму дәрежесіне сай емес. Ғалымдарымыздың тең жартысы нарық экономикасының модельдерін даттаумен, екінші жартысы дәріптеумен ғана шұғылданып келеді. Бүгінгі әлем экономикасының дерті осы экономика ғылымдарының, оның философиялық негіздеу жолдарының мешеу дамуынан болып отыр.
– Кәсіппен айналысуға ынтасы бар жандар қаражат көзін таба алмай қиналады. Кәсіпкерліктің қаржы көзі деп банктерден пайыздық несие алуды айтамыз ба? Бәлкім, басқа жолдары бар шығар. Жас кәсіп бастаушыларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Елімізде бірнеше тарапта конкурстар өтіп жатыр. Жастар соларға қатысуы керек. Ешкім тоныңды шешіп алмайды. Жасқаншақтай беруді қоятын уақыт өткен ғасырда қалды. Жаңағы айтқан конкурстарға жан-жақты дайындалып, елдің ақшасын өзің игер. «Талап тас жарады» дейді қазақ. Қазір аға буынға ауыз ашып, қарап отыратын уақыт емес қой. Басқару саласына жастар келсін. Заман өзгерісін бірінші білетін де осы ұрпақ қой. Бір нәрсенің айналасынан шықпай, күнделікті тірлікпен уақыт өткізе беру заман көшінен қалдыра береді. Мысалы, сол кредит мәселесін алайықшы. Қымбат несиелердің сыртында, жастардың өздері-ақ несиелік одақ құруларына болады. Ондай одақтар облыс орталығында ғана емес, әр ауылда жемісін береді. Ауылда несие серіктестігін құрып, жұмыс істеу шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер үшін тиімді. Себебі, ауылдық жерге қарасты серіктестік болғандықтан, жылжымайтын мүліктен бөлек, мал басы және қора жайлар да кепілдікке алынады. Шүкір, ауылда кепілге қояр мал бар ғой. Сол арқылы мемлекет қолдауына ие болып, шаруамды дөңгелетемін десең, ешкім қолды қақпайды. Ар жағында, кер жалқаулыққа салынып, ізденбей, «анау жоқ, мынау аз» деп отыра береміз ғой.
– Биржа арқылы пайдаға кенелу бір күндік іс емес секілді. Әлемнің аса бай медиамагнаттары осы биржа арқылы табыс тауып отырғаны жасырын емес. Біздің елімізде «биржа ойыны» жан-жақты қарастырылған ба?
– Биржа біздің елімізге енді-енді жақындап келеді. Мәселен, Астанада халықаралық мәні бар биржа орталығы ашылып жатыр. Ол тек орта Азияда ғана емес, батыс пен шығысқа бірдей қызмет ететін жаңа, халықаралық орталық болады. Ол биыл өз жұмысын бастайды. Осы мәселе Президентіміздің АҚШ-қа барған сапарында да айтылды. Қазақстандықтар биылғы жылдың өзінде бүкіләлемдік «биржа ойынына» қатыса алады. Мұны кейбіреуі жоқтан барды жасау деп түсінеді. Оған келіспеймін. Биржа арқылы пайда табу үлкен білімді қажет етеді. Баға ауытқуы, дер кезінде акцияларды сату сияқты өзіндік ерекшеліктерді ескеріп отыру қажет. Егер экономикамыз осы қарқында дами беретін болса, түбі, қазақ балалары да «биржа ойынын» оңай меңгереді.  IMG_8592
– Кейінгі кезде электронды ақша түсінігі кең тарала бастады. Жалпы, криптовалютаға көзқарасыңыз қалай? Әңгімемізді осы сұрақпен түйіндесек…
– Электрондық ақша жұрттың мазасын алғалы біраз болды. Бір жағынан, бұл жаңа кәсіп түрінің біріне айналғаны рас. Ауадан ақша жасауға кім құмар емес дейсің? Мәселен, сіз бизнеске жарамды бір идея ойлап тауып, қағазға түсірдініз делік. Мұнан соң, әлгі қағаздағы идеяны әлемеуметтік желілер арқылы болсын, әйтеуір нарыққа шығарасыз. Міне, сіздің идеяңыз ғаламторда кұнды қағаз ретінде тіркеледі. Дегенмен, сіз ойлап тапқан қаржыны тұтынатын адам керек. Адамдар жиылған соң сіздің акцияңыздан бизнеске, одан тұтынушылардың өздеріне пайда түсе бастайды, яғни, идеяңызға сұраныс көбейе береді деген сөз. Тиісінше, әмияныңызға ақша тола береді. Мұндай сауда жағдайында, өз электронды әмияныңыз, блокчейніңіз болғаны абзал. Біршама уақыттан соң сіздің акцияларыныздың саны тұрақты болып, оның бағасы өседі. Сізден арзанға сатып алған адамдар оның бағасын арттырады. Сонда бұл табыс жүйесі бизнес «пирамидасының» заңдастырылған түрі болып шыға келеді. Осы бизнес барлық ұйымға кірген субъектілерге де тиімді. Мен криптовалютаны, яғни электронды ақшаны осылай ғана түсінемін және түсіндіремін.
 
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
 
 

You may also like...

6 Responses

  1. Кенже айтты:

    Оте жаксы сухбат

  2. Талғат айтты:

    Сайлау аға туралы көп шықпайды ғой. Әттең қолда барды бағаламаймыз. Мықты экономист. Бүгінгі жазғандарын оқып шығу қажет. Әлем танитын ағамызды мерейтойымен құттықтаймын! 

  3. Нәзира айтты:

    Ағамыз "әр кәллада бір қиялға" басып жіберіпті ғой. Қазіргі біздегі экономика ғылымы, әсіресе, оның философиялық негіздері әлем экономикасының бүгінгі даму дәрежесіне сай емес. Ғалымдарымыздың тең жартысы нарық экономикасының модельдерін даттаумен, екінші жартысы дәріптеумен ғана шұғылданып келеді. Бүгінгі әлем экономикасының дерті осы экономика ғылымдарының, оның философиялық негіздеу жолдарының мешеу дамуынан болып отыр. Осымен келісуге болады. Меніңше, әр экономист елдің ақшасына, әр тиынына дейін жауапты болуы тиіс. Біздің қалыпта ондай экономшыларды көре алмаймыз. Бірен-сараны, осы Сайлау ағамыз сияқтылар бар ғой. Дегенмен, бұ кісілердің пікірін жоғарыда елесе ғой дейсің.
     

  4. Азамат айтты:

    Ағаммен 3 рет сұхбаттастым. Өте тамаша жазылған. Ол кісінің ойларын нақты әрі дәйекті жеткізгенсің, Каскыр інім. Мұндай адамдар өміріңе керек дүниелерді қамтиды ғой.

  5. Қолқоюсыз айтты:

    Иә, мұндай кісілер сирек кездеседі. Қолда бар алтынды бағалай білейік. сұхбат ұнады. Айтары мол екен. Осындай кісілер таным көкжиегін кеңей

  6. Дана айтты:

    Сұхбат жақсы. осныдай дүниелер көп болса екен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓