Төскейді түлікке толтыру үшін…
Қостанай облысында мемлекеттік қолдауға ие болған 40 кооператив бар болса, оның 7-еуі жұмыс істемей тұр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Әбдікәрімов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, былтырғы жылы облыста малдың саны біршама өскен. Бұған «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» секілді бағдарламалар ықпалын тигізді.
«Аймақта 440 мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара өсірілуде. Өткен кезеңдермен салыстырғанда өсім 3 пайызға тең. Сондай-ақ, 437 мың қой-ешкі, 107 мыңдай жылқы бар. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Амангелді, Алтынсарин, Денисов, Таран, Жанкелдин, Сарыкөл, Қамысты және Меңдіқара аудандарында жоспар артығымен орындалды. Дегенмен, кейбір аудандарда бұл бағыттағы жұмыстар өте сылбыр. Тіпті, мемлекеттік бағдарламалар бойынша бірде бір бас мал сатып алынбаған», – деді Дархан Әбдікәрімов.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ірі қара санын көбейту үшін кешенді шаралар әзірленуі керек екенін айтты. Жауапты тұлғаларға осыны қадап тапсырды.
«Шаруалар мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде малдың санын арттырып отыр. Алайда, арқаны кеңге салатын кез емес. Төлдердің санын төмендетіп алмау маңызды», – деді ол.
Былтыр ауыл шаруашылығы копперативтерін құруға облыс бойынша 2 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 40 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның 18 етті бағытта, қалғаны сүт өндірісі бағытында. Нәтижесінде, ірі қара саны көбейіп, өнім өндіру көрсеткіші арта бастады.
Алайда, кейбір кооперативтердің жұмысы тоқтап тұр. «Аталған кооперативтердің жетеуінің жұмысы тұралап қалған. Атап айтқанда, «Ұзынкөл мал өнімдері», «Вектор», «Танабай», «Ұлпа» сияқты кооперативтер бірде-бір мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан емес», – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.
Архимед Мұхамбетовтің сөзінше, тек қана тіркеуде тұрған осындай кооперативтер мемлекет тарапынан берілетін субсидиямен қамтылмауы тиіс. Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды өз бақылауына алатынын жеткізді.