«Өзгерістерді өзіңнен баста»
Қазақстан Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауында мемлекеттік органдардың қызмет көрсетуін электрондық форматқа көшіру туралы тапсырма берген болатын. Әлбетте ғаламтор тілін меңгерген адам үшін үйде отырып-ақ талай қызметтерге қол жеткізуге болатыны туралы бұған дейін айтылып та, жазылып та келеді.Алайда жұртшылық электронды қызмет алуға айтарлықтай құлықсыздық танытып отыр. Бұл мәселе дүйсенбі күні қалалық әкімдікте өткен «Өзгерістерді өзіңнен баста» деп аталатын шара барысында көтерілді.
– Қостанай қалалық әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы облыс орталығында 11 айда көрсетілген барлық мемлекеттік қызметтің тек 9% ғана (69598-дің 6283-і) электронды түрде жүзеге асырылған. Демек, Қостанай тұрғындары «электронды үкімет» порталының артықшылықтарын толық пайдалана алмай отыр, – деді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Гүлнар Шағырова.
Қазіргі таңда облыс орталығы жұртшылығының 46% мемлекеттік қызметті арнайы мекемелерге өз аяғымен барып, кезекке тұрып алғанды жөн санайды екен. Бұл шенеунік пен қызмет алушы азамат арасында тамыр-таныстық, оның соңы жемқорлық әрекетіне ұласып кету қаупіне әкеп соғуы мүмкін дейді мамандар. Сол себепті, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Департамент қызметкерлері «электрондық үкімет» порталының ауқымын барынша таратуды көздеп отыр. Аталған акция тұрғындарды үйден шықпай-ақ оңтайлы қызмет алуына ықпал жасамақ.
Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі бақылау қызметінің басшысы Самат Жанділдиннің айтуынша, әлі күнге дейін адамдар қағазбастылықтан арыла алмай келеді. Осы шараның мақсаты да қағазбастылыққа тәуелділікті жойып, электронды үкімет порталының қызметін жандандыру, халықты ақпараттандыру, дейді.
Айта кетейік, облысымызда мемлекеттік органдар 388 қызмет түрін көрсетеді. Оның 218-ін немесе 56%-ін электронды қол қою арқылы алуға болады. Оның сыртында қызметтің 30 түрін электронды қол қоймай-ақ, бір реткі пароль арқылы алатын мүмкіндік бар. Ол үшін қызмет алушы азамат жеке куәлігінің ЖСН және ұялы телефонының нөмірін терсе болғаны.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.