Егін егу науқанын аяқтау 10-маусымға шегертілді
Бүгінге дейін облыс бойынша 3 млн 133 мың гектар жерге дән себілген, яғни меже 75,6%-ға орындалып отыр.
«Әр аудандағы ахуал әрқилы, – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Сембай Сағындықов. – Мәселен, көш бастап келе жатқан өңірлер қатарында Амангелді ауданы 94%-бен төбе көрсетті. Қамысты ауданының диқандары да мәреге бір табан таяу: 85% жерге тұқым сепкен. Бұлардан соң, Жітіқара ауданы 81%-бен және денисовтықтар 71%-бен өкшелеп келеді».
Ал, жұмыстары жылдағы қарқыннан әлдеқайда бәсең Федоров ауданы – 44,7%, Сарыкөл ауданы –46,1%, ұзынкөлдіктер – 51,1%, Алтынсарин егіншілері – 52,5% көрсеткішпен көш соңынан көрінеді. Жұмыстың жүрелеуінің де себебі белгілі. Қолайсыз климаттық жағдайдың, яғни науқан алдындағы көп жауын-шашынның салдары аталған аудандарға әлі ыңғай тудырмай тұр. Бұдан өзге аудандардағы дән себу жұмыстарының барысы орташа деңгейді сақтап келед і.
Бұған дейін облыс басшысы диқандармен өткізген жиында науқан маусымның 5-не дейін аяқталуы керектігін нықтап тапсырған еді. Алайда, егіс алқаптарындағы жұмыс ауаны көзделген мерзімді кейін шегертетінге ұқсайды. Ауылшаруашылығы басқармасының жорамалынша, науқан маусым айының 10-на қарай тәмамдалмақ.
Жандос Жүсіпбек