Кінәлі апат орнынан қашып кетті
Қостанайда «Мерседес» жүргізушісі жол-көлік оқиғасынан соң қашып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«1 қаңтар күні сағат 14:30 шамасында Қостанай-Затобол тас жолында «Мерседес» маркалы автомобиль «ВАЗ-2109» көлігімен соқтығысқан. Белгілі болғандай, 25 жастағы «Мерседес» жүргізушісі көлікті басқара алмай, қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен», – деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
«ВАЗ-2109» көлігін басқарған 60 жастағы ер адам дене жарақаттарымен қалалық ауруханаға түсті. «Мерседес» жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда, полицейлер оның мекенжайын анықтап, жауап алды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. ҚР ҚК 347-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде.