“Автоураган” жылдамдықты бақылайды
Қостанайда тұңғыш рет көлік жылдамдығын өлшейтін «Автоураган» бақылау жүйесі енгізілді. Енді Қостанайлық көліктердің жылдамдығын тәулік бойы автоматтық режимде 8 «Автоураган» жылдамдық өлшеуші бақылайтын болады.
«Бұл жүйе әзірге пилоттық режимде жұмыс істейді. Осыған дейін облыс аумағында «Red Speed» атты жылдамдықты және бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кеткен көліктерді анықтайтын бақылау кешені болған. Олардың орнына сатып алынған «Автоураган» өлшеуіші 5 қаңтардан бастап қолданысқа енеді», – деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз хатшысы Ирина Беженар.
«Автоураган» бақылау жүйелерін орнату нүктелерін жергілікті полиция қызметі белгіледі. Аталған өлшеуіштер қаланың КЖБИ шағын ауданы, Абай-Қазақ, Попович-Юбилейный, Карбышев-Сібір көшелерінің қиылысында, «Әуежай» ауданында, Қостанай-Затобол тасжолында, Қобыланды батыр даңғылында орнатылған. Барлық ақпарат құпия түрде сақталып, ІІД-нің жүйеленген орталығына жіберіледі. Кейін, орталықтың мамандары ҚР ІІМ-нің мәлімет базасы бойынша айыппұлды жол ережесін бұзған көлік иесінің үйіне «Қазпошта» арқылы жібереді.