Күн тәртібінде – еңбек қауіпсіздігі
Өндірісі өркендеген Тобыл өңірінде мекеме-кәсіпорындар қаншалықты көп болса, ондағы еңбек қорғау мен өндірістік қауіпсіздік мәселесіне де соншалықты баса мән берілуге тиіс. Өйткені, өнім өндіру мен өңдеуден бұрын, ең алдымен, адам өмірі мен денсаулығы аса қымбат екендігі бесенеден белгілі. Сондықтан да «ССКӨБ» АҚ бөлімшелерінде бұл мәселеге айрықша назар аударылып келеді.
Апта басында Қашар кен басқармасында еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне арналған ұжым отырысы өтті. Онда өндіріс шеберлерінен бастап басқарманың бірінші басшылары өндірістегі жарақаттану мен адам өлімін болдырмаудың тиімді жолдарын іздестірді. Кездесудің басталысымен Еңбекті қорғау және азаматтық қорғаныс департаментінің басшысы Александр Бондаренко соңғы жылдары орын алған қайғылы оқиғалар мен оның негізгі себептерін жіпке тізіп, ұжым назарына дене түршігерлік кадрларды көрсетті.
– Бүгінгі күні, кен алыбы үшін бәрінен де адам өмірі қымбат екенін түсінулеріңіз керек. Әр адам ең әуелі өз өміріне жауапкершілікпен қарап, жұмыс барысында болмашы қателікке жол бермесе қайғылы жағдайлар да болмайды. Адам өмірін ешқандай байлықпен айырбастай алмайсың. Қателікке бой алдырған адам өз отбасына да, еңбек ұжымына да қайта оралмайтынын ұмытпайық, – деді ол.
Отырысқа қауіпсіздік ережелерін сақтамай, өрескел қателіктер жіберген жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелері де қатысты. Мысалға 8 жыл еңбек өтілі бар экскаватор машинисі Медет Аманқұлов пен оның көмекшісі биікте қауіпсіздік белбеуінсіз жұмыс істеген. Ұжымның алдында жауапқа алынған олар барынша ақталып, қауіпсіздік белбеуін ілдіретін жердің болмағанын алға тартты. Жиында ережені бұзған қос жұмыскердің тікелей басшылары да тыңдалып, олардың тарапынан бақылау мен талаптың әлсіз болғандығы анықталды. Сондықтан да Еңбекті қорғау және азаматтық қорғаныс департаментінің басшысы Александр Бондаренко аты аталған қызметкерлерді жұмыстан босату керектігін алға тартты. Ал темір жол тұйығын ашық қалдырған жол монтері Бақытжан Рахметов өз қатесін түсініп, отырысқа әйелін шақырғандықтан оған қатысты ешқандай әкімшілік жаза қолданылмайтын болды.
– Біз ең алдымен сананы өзгертуіміз керек. Қай жерде болсын, не істесек те қауіпсіздік ережелерін сақтауға өз-өзімізді үйретіп, оны күнделікті дағдыға айналдырайық. Бұның барлығын бастық қасымда бақылап тұр деп емес, өзіміз үшін жасауымыз қажет. Басымызды қатерге тікпес бұрын отбасымызды, әріптестерімізді бір сәт ойлайық. Бұл жерде мәселе кадрда, оның еңбек өтілі мен тәжірибесінде емес. Біз қолда бар жұмыскерлерімізді бағалап, оларды еңбек қауіпсіздігін сақтауға тәрбиелесек мақсатымыздың орындалғаны, – деді Александр Владимирович.
Айта кетерлігі, дәл осындай форматтағы кездесу бірлестікте бірінші рет өтіп отыр. Алдағы уақытта оның нәтижелілігі сарапқа салынатын болады. Не десек те, кен алыбында адамның денсаулығы мен қауіпсіздігі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. «Сақтанғанды Құдай сақтайды», «Сақтықта қорлық жоқ» деп жатады. Өз денсаулығыңыз – өзіңіздің қолыңызда. Осыны еш ұмытпағайсыздар.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ