Әкім балақайларды құттықтады
Міне, көптен күткен Жаңа жыл да жақындап қалды. Жұрттың бәрі әбігерге түсіп, 2018 жылды қарсы алуға дайындық үстінде. Облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері де мерекелік көңіл-күйге еніп, жаңа жылдық ертеңгілікке барынша әзірленіпті. Өйткені, олар үшін бүгінгі мерекелік кештің ерекше есте қалары да сөзсіз. Себебі, мұндағы бүлдіршіндерді құттықтауға облыс әкімі А.Мұхамбетов келді.
Аймақ басшысы балақайларды жаңа жылмен құттықтап, оларға смартфон мен тәттілер тарту етті. Сондай-ақ, әкім өз сөзінде Елбасымыздың қамқорлығының арқасында бүгінде еліміздегі балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін барлық жағдайдың жасалып жатқандығын, облыстық балалар үйінің де бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жетістігі, мұндағы балаларды тәрбиелеу жолында атқарылып жатқан оң істерге өз ризашылығын білдірді.
-Қайырлы таң, менің қымбатты кішкентай достарым. Жаңа жыл қарсаңында сендерді құттықтау үшін, өтіп бара жатқан жылды қандай көңіл-күймен аяқтағалы жатқандарыңды көру үшін арнайы келіп отырмыз. Бүгінде өңірдегі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жасалып жатқан қамқорлық аясы кең. Соңғы бес жыл ішінде осы балалар үйінен 175 бала жұмыспен қамтылыпты. Қазіргі күні балалар үйі тәрбиеленушілерінің жақсы мамандық алып, олардың жұмысқа орналасуына, өмірде өз орындарын табуына да барлық жағдай жасалуда. Мұның бәрі Елбасымыздың сіздерге жасап жатқан қамқорлығы деп біліңіздер. Бүгінгі мереке аясында біз сіздерге ұялы телефондар сыйға тартып жатырмыз. Өйткені, қазір технологияның дамыған заманы. Сондықтан, бұл сыйлық сіздерге қажет деп ойлаймыз. Баршаңызды жаңа жылмен құттықтаймын. Бәріңізге тек денсаулық, оқуда озат болуларыңызға тілектеспін, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Мерекелік шара барысында балалар да жасыл шырша аясында ән айтып, би билеп, тақпақтар айтып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл сыйлады.
Қарлығаш ОСПАНОВА