“Тобыл” бірнеше ойыншымен толықты
Қысқы ауыс-түйіс кезінде «Тобыл» футбол клубы бірнеше ойыншымен толықты.
«Тобыл» футбол клубының ресми сайтында көрсетілгендей, басшылық 2017 жылғы құрамның 80%-ын сақтап қалды. Клуб директоры Николай Паниннің айтуынша, аяқ-доп шеберлері жаңадан тағайындалған бас бапкер Владимир Никитенконың келісімімен алынады. Сондай-ақ, әлі 5-6 футболшы қатарға қосылады.
«Біз Джаба Канкава, Максим Федин, Аслан Дарабаев, Жалғас Әбілғазы есімді футболшылармен келісімшартқа отырдық. Маусым аяқталысымен Марк Гурман, Рауль Джалилов, Евгений Левин, Амир Бекич командадан кетті. Бұған қоса «Тобыл» капитаны Альмир Мухутдинов та басқа клубта өнер көрсететін болып шешілді. «Астанадан» жалға алынған Жалмұкан мен Луллаку командаларына қайта оралды», – деді Панин.
Жаңа келген футболшылардың ішінен Джаба Канкаваны атап өту керек. 31 жастағы ойыншы "Динамо", "Алания", "Днепр", "Кривбасс" сияқты танымал клубтардың сапында ойнаған. Ал, "Тобылға" дейін Францияның "Реймс" командасында доп тепті. Сондай-ақ, ол жанкүйерлерге өзінің ерлігімен де белгілі. 2014 жылы Украина біріншілігінде қатты соққыдан есінен айырылып, тілін жұтып қойған киевтік "Динамо" капитаны Олег Гусевтің жанын аман алып қалған еді. Бұл ерлігі үшін Канкаваға Украинаның Мемлекеттік Төтенше жағдайлар қызметінің құрмет грамотасы тапсырылды.