Маусымға дайындық ойдағыдай

IMG_1762Көзді ашып-жұмғанша жаз айы да өтіп, күз мезгілі де жақындап қалды. Сондықтан, жылу беру маусымының да ауылы алыс емес. Әзірге Тобыл өңірі жылу беру маусымына тас түйін дайын болмаса да, аудан, қалалардағы жылу қазандықтары мен құбырларды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қыста құбырлардың жарылып, қостанайлықтардың жылусыз және сусыз отыруына жол бермеу үшін және алда келе жатқан жылу беру маусымының мүлтіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында қазір қалада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, аудан, қалалардағы жылу  жүйелері мен жылу қазандықтары, су және кәріз жүйелері мен электр жүйелері де жаңартылу үстінде. Қостанай энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы міндетін атқарушы Х.Қамбаровтың айтуынша, үстіміздегі жылы облыста 27 жылу қазандығына күрделі жөндеу, ал 123-не ағымдағы жөндеу жұмыс-тарын жүргізу жоспарланған көрінеді. Сондай-ақ, 31,7 шақырымдық жылу құбыры мен 82,9 шақырымдық су және кәріз жүйелеріне жөндеу жүргізілетін болады. Осы мақсаттарға 16 млрд. теңге бөлініп отыр. Үстіміздегі жылдың 5 тамызына дейін жылу қазандықтарының 75 пайызы, жылу жүйелерінің 74 пайызы, ал су және кәріз жүйелерінің 56 пайызы жөнделіп болған. Бүгінде өңірдегі 771 білім беру ошағының 678-і, 559 денсаулық сақтау саласындағы 459 нысан, 725 әлеуметтік нысанның 552-сі, сонымен қатар, 2616 көп қабатты тұрғын үйдің 1682-сі жылу беру маусымына дайын көрінеді.
– Биыл жылу жүйелерін жаңартуға, күрделі жөндеуге бөлінген қаражат көлемі екі есеге артты. Қазіргі таңда жөндеуден өтуі тиіс 102 жылу қазандығының 77-сі дайын. Жылда Кеншілер қаласындағы әбден тозығы жеткен коммуникациялық желі-лердің салдарынан қыста жылу беру құбырлары да сыр беріп, жиі ақаулар орын алатын.
Енді осы олқылықтардың орнын толтыруға биыл 3 млрд. теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, моноқалалар қатарындағы Жітіқара, Лисаков, Ар-қалық қалаларына да тиісті қаражаттар бөлініп, бүгінде ол аймақтарда да жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Қостанай энергетика және ТКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Х.Қамбаров.
Әкімдікте өткен жиында облыс әкімі де сала басшыларына жаңа жылу беру маусымына тыңғылықты дайын болып, жөндеуден өтіп жатқан жылу қазандықтары мен құбырлардың дер кезінде аяқталуы қажеттігін қадап тапсырған болатын. Алайда, Жітіқара ауданындағы бу қазандығын жөндеу жұмыстарының кешігетін түрі бар. Мұндай сылбыр жұмыстардың көбіне жобалық-сметалық құжаттардың, мердігерлермен келісім-шарттардың уақытылы дайын болмауынан орын алып жататындығы да жасырын емес. Дегенмен, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары мұндай олқылықтарға жол берілсе де, тұрғындардың жылусыз қалмайтындығын айтады. Биылғы жылы арқалықтықтарды да жылумен қамту арзанға түспейтін тәрізді. Өйткені, жанар-жағар маймен қамтылу жағынан бұл қалада түйткілдер де жоқ емес. Жергілікті билік үкіметтен көмек те сұрапты. Себебі, биыл мазуттың бағасы біршама қымбаттаған, яғни тоннасы 10 мың теңгеге дейін жетіп отыр. 
Қарлығаш
     ОСПАНОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓