ҚҰМАРЛЫҚТЫҢ ҚҰРСАУЫНДАҒЫЛАР
Тұрмыс тәжірибесі көрсеткендей, еңбексіз келетін табыс құмар ойындардан түседі. Ал, сіздіңше, букмекерлік кеңселерде спорттық ойын түрлеріне бәс тігу құмарлықа жата ма? Психологтардың пікіріне сүйенсек, ойынға тәуелді адамның өмірінде ең ауыр кезеңдер жүреді. Құмарлықтың соңы дертке ұласады. Серік еткені – қарыз бен өтірік. Мамандардың айтуынша, букмекерлік кеңселерге бас сұққандарын ерсі көрмей, оның қалтарыстарына әбден кіріп алғандар кісіліктен қалу былай тұрсын, қоғамның дамуына кереғар әсер етеді дейді.
КЕСЕЛГЕ БАСАР ҚАДАМ
– Көптен бері көрінбей кеттің ғой, бауырым! Қалаға келіп, жағдайын жасап алды деп жатыр жұрт. Не тірлік?
– Досым-ау, көсеп тауып жатқан жоқпын. Ай сайынғы пәтер мен тамақ-суға жететін пайда бар. Төрт жыл болды, ермегім – осы, – деді букмеекерлік кеңсенің болжау парағын ұсынып. – Осында («Олимп» букмекерлік кеңсесі – авт.) жаңадан келетін жігіттер болжамдарды менен сұрайды. Кейде олардан аз-мұз пайыз алып отырамын. Басында ат пен ит жарыстарынан бастадық қой. Ең дұрысы, футболға тіккен екен!
– Осы уақытқа дейін ұтылғаның мен ұтқаныңның қайсы көп сонда?
– Бірде қанжығаң майланар, бірде бос қайтасың. Бақ шапса, бір күнде жүз мыңға дейін ұтасың. Алдында, «Реал» мен «Барселона» ойынында алаң иелерінің қақпасына екі доп соғылады деп бәс тіктім. Екі добың аз, төрт гол салды ғой «Реалға». Сонда қойған бес мыңыммен сексен тоғыз мың теңгені қалтама бастым. Дәл тапқанымның арқасы, мұнда болжам жасау үшін спорттық білім де қажет. Мәселен, кеше бір жігіт хоккейден «Ресей Хорватияны ұтады», «Англия мен Италия тең ойнайды», «Германия Канадаға жол береді» деген болжамдарға көп ақша салды. Соңғы жылдары Канада хоккейінде артта қалушылық байқалады. Осындай жайттарды есте ұстау керек. Ақыры оның тіккен ақшасы «күйіп» кетті. Тағы біреу баскетболдан АҚШ-тың ашық біріншілігіндегі финалда «Бостон» клубы айқын басымдықпен ұтатынына сенді. Бірақ, мадридтіктіктер бәс тіккендердің болжамын жоққа шығарды. Букмекерлік кеңселерге футбол десе ішер асын жерге қоятын азаматтар келеді. Олар алаңдағы қос команданың әлеуетін біледі. Өздерінше болжам жасап, бәс тігеді. Ойынның барысын сол команданың құрамына, бұған дейінгі беделіне қарай болжайды. Қақпаға енетін доп айырмасын да белгілейді. Ал болжамы дөп түссе, біліктілігіне қарай қалтасын қампитса, оның несі айып?!
Осы әңгіме аяқталысымен бойды біртүрлі күй шырмап кетті. Абзал (есімі өзгертілді) менімен бір ауылда тұрған. Жақында анасына қымбат тон, інісіне телефон сатып алып беріпті. Үйіндегілер сұраса, бір банкте менеджер болып жұмыс істеймін деп айтады екен. Оның болашағы не болмақ? Осылай-осылай байып кетер ме екен әлде? Не керек, бұл сұрақтардың нақты жауабын ешкім білмейтін шығар.
Осынау букмекерлік кәсіптің тарихына үңілсек, қаржы салатын кеңсе тұңғыш рет Францияда король Луи ХVІ кезінде пайда болыпты. Олар ойлап тапқан жаңа жүйе бойынша, бәс тігуші адам өзінің жеңгенде қанша мөлшерде сыйақы алатынын білмейді. Жеңіске жеткенде барып бір-ақ біледі. Ал осы заманғы букмекерлік кеңседегі механикалық құрылғы ең бірінші 1880 жылы Жаңа Зеландия елінде қолданылған екен. Содан бері бұл жүйе қарыштап қарай дамып, қазіргі кезде букмекерлік орындарға қыруар пайда әкелуде.
Жылдар бұрын тек ат жарыстары мен жекпе-жек ойындарына ғана бәс тігілсе, кейін келе оған бұқа, ит, қораз «шайқастары» қосылды. Көркем фильмдерден ала тақиялы көршілердің қызыл айдар қораздарды төбелестіріп, жеңетін жақты болжайтынын көруші едік. Көргені көп көкелеріміздің айтуынша, ертеректе қазақтар ат бәйгесінде жүйрік атқа пұл тігетін көрінеді. Елдің болашағы – саналы ұрпақ. Өзге мемлекеттер өзекті деп санаған бұл мәселеге бей-жай қарау рухани құндылықтарды жоғалтып алумен тең емес пе?! Құмарлықтың өрісі кеңейсе, қылмыс та артып, ынтымақ-бірлікке сызат түсетіні және бар.
ОРҒА ЖЫҚҚАН ОҢАЙ ОЛЖА
Тағы бір ескере кетер жайт, Қостанайда бәс қабылдайтын кеңселер студенттік жатақханалар маңында өте көп шоғырланған. Болжаудан түсетін қаржыны кәсіп қылып отырғандарды студенттер де жарылқайды. Тіпті, құмарға салынған кей студенттер ұялы телефон, ноутбук сынды бағалы заттарын кепілдікке өткізіп, соның ақшасына бәс тігеді екен. Өзін Қаратай (есімі өзгертілді) деп таныстырған бір студент бәс тігуге осыншалықты әуестеніп кететінін мүлдем ойламапты.
– Негізі, жатақханада бірген тұратын достарыммен жай ғана, келіп-кетіп жүрдім. Ол кезде бәс тігу тұрмақ, спортқа мүлдем жақын емес едім. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» салған кезде кей достарым менен нәтижені дөп табуымды сұрайды. Тіккен ақшаларын екі-үш есе қылып қайтарып алғанын көріп, қызығушылығым оянды. Сөйтіп, мен де «букмекер Б.» атандым. Жасырарым жоқ, осы күнге дейін ұтқанымнан ұтылғаным көп. Ата-анам беріп жіберетін ақшаны «құтты» орныма апарамын. Анам туған күніме алып берген айфон ломбардта жатыр. Енді, оны қайтсем де қайтарып алуым керек. Осы жолы көремін, содан соң «ставканы» біржола қоямын. Себебі, колледжге бармағалы екі аптадан асып кетті, – деді ол.
Бес-алты жыл бұрын букмекерлік кеңселер алдамшы үміттің жетегіне ілінген Қаратай сияқты ауыл баласына жат-тын. Ал қазір екінің бірін жатырқамай, «бауырына басатын» осы орындарда бәс тігудің майталмандары мен жап-жас оқушылар таңнан кешке шейін қалып, тіпті, қонып қалады. Оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер мен тез арада байып шыға кетуге деген құмарлық кірісі төмен адамдарды, сондай-ақ, әйелдерді де «баурап» алып жатыр. Болмашы қызыққа бола алтын уақытын қор қылып жатқандарымен шаруасы жоқ. Мәселенің екінші жағы – жұмыссыздық. Жұмысы жоқ, қарызы көп ағайындарымыз лажсыздан, ақша ұтып қалам ба деген дәмемен келгендіктерін айтып, өзара ақталып әлек. Қостанайдың қақ ортасынан «Олимп», «Зенит», «Гол+Пас», «MegaBet», «Proffit», «ТОТО» сынды букмекерлік кеңселерді оңай кездестіре аласыз. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, кең таралған «Олимп» букмекерлік кеңсесінің елімізде жеті жүзге тарта нысаны жұмыс істейді-міс.
Бір жылдары бәс тігуді құмар ойындар қатарына қосып, оны жою туралы бастама көтерілді. Дегенмен, ұсыныс сағызша созылып, аяқсыз қалды. Ұлттың қасіреті деп те саналды. Осы «пәленің» кесірінен өз-өзіне қол жұмсағандарды да естідік. Ата-анасын қарызға батырып, дүние-мүлкін сатуға, кейбір жағдайда қылмыстық жолға түсіруге әкелген осынау үлкен қауіпті жастардың санасына қалай құю қажет?
«Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» дейді Абай Құнанбайұлы. Жаңа замандағы осынау «ньюжұмысты» табыс көзіне айналдырып алғандар жетерлік және тек қана жастар емес. Кеңсеге кірсеңіз, тәжірибесі мол «букмекер-көкелер» төрде отырады.
Жолы болғыштардың «қызықты» ойыны туралы асыл дінімізде де айтылады. Қасиетті Құран Кәрімнің «Мәидә» сүресінің 90-91 аятында «Ей, мүміндер! Арақ, құмар ойын, тіктеп қойылған пұттар және таяқшалар – шайтанның лас амалдарынан. Ендеше, құтылуларың үшін осындай нәрселерден аулақ болыңдар. Расында, шайтан ішкілік пен құмар ойыны арқылы араларыңда дұшпандық, кек салуды және Алланы еске алудан, намаз оқудан бөгеуді қалайды» делінген. Ақылына жүгініп, аяттың нәтін дер кезінде ұққан Жомарт есімді жігіт басынан өткен оқиғасын айтып берді:
«Букмекерлік кеңселер жайында естісем, денем түршігеді қазір. Біріншіден, жақын танысым осының кесірінен отбасының шырқын бұзды, әйелінен ажырасты. Алғашында бірнеше рет қомақты қаржы ұтты. Онымен тоқтамай, келе-келе жиған-тергенін бәске салуға асығатынды шығарды. «Ставка» деген ашқарақ алдымен, көлігінен айырды, сосын отанасы балаларын алып, төркініне кетіп қалды. Енді қайтсін…».
Жиырма төрт жасында бала психологиясы туралы ғылыми еңбек жазып, Мәскеуде үздік қорғап келген Асқар Баймұратовтың жағдайы мүлдем бөлек. Оған сөз берейік:
– Оқуды үздік бітіріп, осында бір мектепке орналастым. Бастапқыда осы букмекерлік кеңсеге таныстарыммен қызық үшін келетінмін. Содан соң сылдырлатып тиын тігіп көрдім. Спорттан аз-кем хабарым бар. Биылғы Еуропа чемпионаты кезінде бір-екі матчқа тоғыз жүз теңге қойып, алты мыңды қалтаға бастым. Бұл – бірінші пайдам. Бірдеңенің ұшы шыққандай көрінді. Жалақым жақсы, дегенмен бұл да қосымша табыс болар деп жүрдім. Өзім – психологпын, ал мұның арбауына қалай түскенімді білмей қалыппын. Өзімде бар заттарды ломбардқа қойып, ақшасын букмекерлік кеңсеге тасып жүрдім. Бар ойым үйдегі ата-анама салмақ түсірмей, өзім ақша тауып, отау көтергім келген-тін. Әкем бәс тігетініме селқос қарайтын. Арасында, «анау командаң ұтпайды, мынау ойыншы жарақат алмап па еді, неге жүз мың теңге қоймадың біржола?» деп «ақылын» айтатын. Жасы елуден асса да, кезіндегі кәсіпқой спортшы деп әкемнің кеңесін алатынмын. Не керек, бұ тірлігімді табыс көзіне айналдырамын деп мақсат еттім. Қолдағы барым бітіп, сан соғып қалған кездер болды. Қарыз сұрауға көштім. Ақшаны қолға алғанда оның қайтарылымы жайлы ой кірмейді ғой. Кейде соңғы рет бәс тігемін деп кіресің ,әйтеуір, түн ауа бір-ақ шыққаныңды білмей қаласың. Бір күні нағашымнан ақша алып, сүйікті «жұмыс орныма» келсем, мындағылар қай елдің командасы жеңеді деп қызылкеңірдек болып жатыр екен. Тәжірибелі болжамшы ретінде талқыға түскен тақырыпты толықтырайын деп жиылған топқа жақындадым. Қызу таластың қақ ортасында әкем тұр. Тұла бойым қалтырап кетті. Басыма бұлыңғыр ой бұйықты. Қайдан ғана осы бір бәлеге жолықтым десейші. Міне, әкем де осында келіпті… Әкем менің келіп жүргенімді білді ме? Ол басқа кеңсеге барып жүрген ғой! Осы оқиғадан соң бірден ес жидым, жұмысыма оралып, намазға жығылдым. Соңғы рет барғаным сол күн болсын. Бұл – қоғам үшін үлкен қауіп. Сондықтан кеш болмай тұрып, оларды шектейтін бір қадам жасалуы тиіс.
МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?
Болжамшыны бөгенедей бүгжеңдеткен букмекерлік кеңселердің күрт көбейіп кеткеніне ел-жұрт алаңдаулы. Спорттық додалардың нәтижесіне бәс тігіп, оның құмарына түсетіндері соншалық, бірі қалтасындағы ақшасынан қағылып, екіншісі астындағы көлігінен айырылып қалғандар жайында білдік. Елдегі заңдар бойынша мұндай кеңселер қызметі құмар ойындар санатына жатпайды. Бірақ отбасылық қатынасқа, жастар тәрбиесіне тигізіп жатқан кері әсері аз емес. Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңнамасына сәйкес, кеңсе қызметкерлері бәс тігушінің жасын білу үшін оның жеке куәлігін тексеруі шарт. «Ойын бизнесі туралы» Заңның 15-бабында көрсетілгендей, 21 жасқа жетпеген тұлғаларға қызмет көрсетуге құқығы жоқ. Алайда заңды белден басқандар туралы ақпаратты да біліп жатамыз. Сондықтан мұндай кеңселердің қызметіне ауыздық салып немесе қандай да бір шектеу енгізген жөн емес пе? Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы«Ойын бизнесі туралы» Заңына бірқатар өзгерістер енгізілген. Бұл туралы Қостанай облысы прокурорының орынбасары Мұрат Төлеубаевтан сұрап көрдік:
– Ойын мекемелері, тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассалары тұрғын емес үй-жайларда орналастырылуы тиіс. Оларды өнеркәсіптік кәсіпорындар мен олардың кешендерінің ғимараттарында және басқа да өндірістік, коммуналдық объектілерде және қойма объектілерінде, ғибадат үйлерінде (құрылыстарында), мемлекеттік органдар мен мекемелердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының, әуежайлардың, вокзалдардың ғимараттарында, қалалық және қала маңы қатынастарындағы қоғамдық көліктің барлық түрлерінің станциялары мен аялдамаларында орналастыруға тыйым салынады.
Букмекер кеңсесінің қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы бәс тігу қорытындысының нұсқаларына ұтыстардың коэффициенттерін есептеуді, қабылданған мөлшерлемелерді есепке алуды, бәс тігу нәтижелері бойынша ұтыстарды есептеуді, ұтыстарды және олар бойынша төлемдерді есепке алуды аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы жүзеге асыруға тиіс.
Құқықбұзушылыққа жол берген букмерлік кеңселер «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Заңының 445 бабы және ҚР қалмыстық Кодексінің 307 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Облыс прокуратурасы біздің өңірлерде тіркелген букмерлік кеңселердің саны және оның заңсыз әрекеттері фактілерін жария етпейді.
«Ойын бизнесі туралы» Заңының 8 бабының 7-4 тармағына сәйкес, Қазақстан спорт және Мәдениет министрлігі, дене тәрбиесі және спорт істері бойынша Комитет тотализаторлар мен букмекер кеңселері кассаларының жұмысын бақылайды.
Ал психологтар мұндай ойындардың құмарлығы есірткіге тәуелділік сияқты жылдам өршитінін айтады, айталық, оның запасын шеккен адам бір айдан жарты жылға дейінгі кезеңде «трансауытқуда» жүреді. Дер уақытында өзін тоқтатпаса құрсаудан құтылып кетудің жолын қиын дейді.
Мөлдір Қуандықова, психолог:
– Үлкен проблема қозғалып отыр. Бұл «кәсіпке» салынып кеткендер үшін уақыт өте келе кейбір адами факторлар жоғалады. Осынау ойынқұмарлық бәзбіреулер үшін қаржының көзі. Сәтін салып бір-екі рет ақша ұтқан адам ол жерді айналшықтап шықпайды. Есіл-дерті оп-оңай жолмен табыс табу болған жастардың бәс тігуге ақшасы болмаса, ұрлық жасайды. Арғы жағының не болатыны, айтпаса да аян. Букмекерлік кеңселердің тұрақты «қонақтарының» жеке басындағы өзгерістерді бірден байқауға болады. Олардың бар ойы мен ақыл-есі алдағы ойын нәтижесінде. Ал, сенген ойыншысы немесе командасы жеңіліске ұшыраса, оның миына түсетін салмақтың жеңіл болмасы түсінікті. Сондықтан олар ашушаң, сөз көтермейтін дәрежеге дейін жетеді. Букмекерлік кеңселерге буыны қатаймаған балалардың баруы да жиілеп кетті. Жас аралығыа тоқталсақ, әсіресе, өтпелі кезеңде бозбалалардың психологиясы да айрықша өзгереді. Дәл осы шақта әлгіндегідей жағдайларға ұрынып, табыс табуды көздейді делік. Жолы болмай қалса, қатты соққы алуы, тіпті, өзін белгілі бір ортада жоғалтып алуы да ықтимал. Қаншама студенттер оқудан шығып қалып жатыр. Сондықтан, ата-аналар да осы ретте сақ қарағаны абзал.
Бетті дайындаған Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ