Саудасының заңды екені дәлелденді
Жітіқара ауданының тұрғыны контрафактілік өнімді сақтағаны және таратқаны үшін айыпталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Жітіқара аудандық әділет басқармасы кәсіпкер Абай Қанатбаевтың спорттық тауарлар дүкеніне тексеру жүргізген. Атқарушы органның тексеру жүргізуіне «Adidas» компаниясының Қазақстандағы үш өкілінің атынан түскен өтінім себеп болған. Ал әділет басқармасының қызметкерлері кәсіпкерді контрафактілік өнімді сақтады және таратты деп айыптады.
«Мен бірнеше жыл бойы Жітіқарадағы сауда орталықтардың бірінде «Адидас» брендінің өнімдерін сатумен айналысамын. Тұрақты тұтынушыларым бар. Киімдерді «Adidas» компаниясының серіктесінен алып тұрамын. Тексеріс кезінде менің қолымда келісімшарт қағазы болмай, 160 мың теңге тұратын тауарым тәркіленіп, әкімшілік іс қозғалды. Сөйтіп, жеке мүддемді қорғау үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасының заңгерлеріне жүгіндім», – деді кәсіпкер.
Осылайша, Абай Қанатбаев өзінің кәсібін заң тұрғысында дұрыс жүргізіп отырғанын дәлелдеді. Тергеу шаралары барысында жеке кәсіпкер «Аdidas» компаниясының белгісі бар спорттық киімдерді «Кубок» ЖШС-нан сатып алғаны анықталды. «Кубок» ЖШС «Adidas» компаниясының серіктесі әрі ірі көтерме тұтынушысы екені белгілі болды.
Нәтижесінде сот Қанатбаевтың ешқандай құқық бұзбағанын растады. Оның тауарлары қайтарылып, салынған айыппұл сомасы жойылды.