Бұл үйде Кәрімұлы Жәзит тұрған…
Қазақстан ауыл шаруашылығының үздігі, тәуелсіз еліміздің агроөнеркәсіп саласына ұшан-теңіз үлес қосқан білікті басшы, «Қарабатыр» Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қалаған бірегей қайраткер Жәзит Кәрімұлы Құдайқұловтың Қостанай қаласындағы өзі тұрған Әл-Фараби даңғылы №19 үйде ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты болды. Оған билік өкілдері, марқұмның замандастары, қызметтестері, қамыстылық жерлестері, ізбасар шәкірттері, туыстары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жәзит Құдайқұлов 1938 жылы 17 мамырда Қостанай облысының бұрынғы Орджоникидзе ауданының Фрунзе ұжымшарында ауыл басқармасы Кәрім Құдайқұловтың шаңырағында дүниеге келді. Ел қорғаған батырлар мен қара қылды қақ жарған билердің ұрпағы тегіне тарта білді. Алғашқы еңбек жолын 1957 жылы Орқаш кеңшарында көлік жүргізушісі болып бастап, 1968 жылы Камишнин аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып тағайындалған ол көп ұзамай Ворошилов кеңшарының коммунистері ауылдың партия ұйымы хатшылығына сайлады. Алматы жоғары партия мектебі мен мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының түлегі. 1979 жылы Талдыкөл кеңшарының директоры болған Жәзит Кәрімұлы 1987 жылдан бері сол кездегі Ворошилов, бүгінгі Қарабатыр ауылына басшы болып бекітілді. 2013 жылы 22 қыркүйекте дүние салғанға дейін ауылды көтерумен қатар, облыс, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына зор үлесін қосты. Шетелдік озық тәжірибе енгізген жаңашыл басшы ретінде көпшілікке танымал.



Жәзит Кәрімұлы сонымен қатар, «ҚР ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары одағының» төрағасы, ТМД, Азия мен Африка елдерінің агроөнеркәсіп кешендері кеңестеріне мүше, білікті маман, елге Атымтай Жомарт меценат ретінде танымал. Қазіргі таңда қайраткердің тікелей тәрбиесін көрген, тәжірибесін алған 170 ізбасары бар. Осыншама еңбек жасап отырған білікті басшының Қамысты өңірі ғана емес, облыс, республика, тіпті, шетелдерге дейін атағының кетуі заңды еді.



Мемориалдық тақтаның бетіндегі ақ сисепті марқұмның жары Жұмакүл Әнәпияқызы мен Құдайқұлов әулетінің досы, ҰҚК отставкадағы полковнигі Естай Байқасов түсірді. Салтанатты жиыннан кейін жиналған жұртшылық Жәзит Кәрімұлының құрметіне жайылған дастарханда құран оқып, дұға бағыштады.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ