Қарабатырда жаңа мәдениет үйі ашылды

Ел Тәуелсіздігінің мерекесі қарсаңында шалғайдағы Қамысты ауданы Қарабатыр ауылының тұрғындарына зор тарту жасалып отыр. Елдімекенде бастан-аяқ қайта салынған мәдениет ордасының тұсаукесері болып өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Ғазиз Бекмұхамедов, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Шалқар Қосабаев, алыстан-жақыннан құттықтау айта келген қонақтар арнайы қатысып, халық игілігі үшін беріліп отырған шаңырақтың мәдени-рухани өмірімізге қосар үлесінің айрықша екенін атап өтті.IMG_8437– Бүгін Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жер» бастамасымен қолға алынған игі бастаманың куәсі болып отырсыздар. Ауданымызда биыл әлеуметтік маңызы бар 6 жоба жүзеге асырылса, оның ең ауқымдысы – Қарабатыр мәдениет үйінің қайта бой көтеруі. Бұл таза жергілікті серіктестіктің өз қаражатымен қайта жөнделген ғимарат. Мәдениет сарайы келбеті жағынан көз тартарлық әдемі, ал 3D форматты кинозалы облысымыздың ешбір елдімекенінде жоқ. Біздің ауданымызда өз ауылының көркеюіне атсалысып жатқан азаматтардың барын мақтан етеміз. Бұл да Қарабатыр еліне талай жыл жетекшілік еткен өнегелі басшы Жәзит Кәрімұлының жемісті еңбегінің жалғасы, – деді аудан әкімі Ғ.Бекмұхамедов.
Қамысты аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлнар Жұмабаева алдағы 2018 жылы ауылдық мәдениет үйінде 7 адам штатқа жұмысқа қабылданатынын айтты. Ал бұл сахнада аудандық, облыстық түрлі мәдени-бұқаралық шаралар өткізуге болады.
Қарабатыр елінде бұған дейін мәдениет ошағы болмады емес, болды. Көпшілік орында тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін кинозал жұмыс істеп келгенін біреу білсе, біреу білмес.  Сонау кеңестік дәуірде салынған нысан әбден ескіргендіктен, жергілікті басшылық оның қабырғаларын ғана қалдырып, қайтадан күрделі жөндеп шығуды жөн көрген екен. Енді міне, кірсең шыққысыз сәні мен салтанаты жарасқан орын айналасы жарты жыл ішінде халық игілігіне беріліп отыр. Аумағы 600 шаршы метрлік сарайда 180 орындық зал, 3D форматындағы киноэкран, би алаңы, бильярд бөлмесі орналасқан. Нысанды жаңартуға «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС 85 миллион теңгеден астам өз қаражатын жұмсаған.  IMG_8464 – Құрылыстың бас мердігері Р.Анкудинов басқаратын «Алмед-77» ЖШС, «Құрылыс материалдары» ТДС тобына және «Альтернатива» дизайнерлік студиясына айтар алғысызмаз шексіз. Мәдени нысан ауыл тұрғындарының рухани демалыс орнына айналып, жастарымызды тәрбиелейтін ошағына айналатынына сенімім зор. Бұл жерде түрлі үйірмелер ашылып, шығармашылықты арттыруға үлкен серпіліс болмақ, – деді серіктестік директоры Марат Құдайқұлов.
Салтанатты ашылу салтанаты биылғы өткен ЭКСПО көрмесі жайында түсірілген деректі фильмді көрсетуден басталды. Ал жергілікті өнерпаздар мен аудан, облыс орталығынан келген меймандар көрерменге ән-күй, биден шашу шашты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қарабатырда ауыл жұртшылығының игілігіне «Ақбота» балабақшасы пайдалауға берілген болатын. Кеңес дәуірінен келе жатқан екі қабатты ескі ғимарат та толық жөндеуден өткізіліп, көппәтерлі үй ретінде мамандарға берілуде. Жақын жылдары серіктестік басшылығы Қарабатыр орта мектебінің күрделі жөндеуін мойнына алып, заманауи құрал-жабдықтар сатып әкелген еді. Ал тәуелсіздік алған күннен мұсылман жұртшылығының құлшылығына арналып мешіт салынғаны көпшіліктің есінде. Кейінгі жылдары православ келушілеріне шіркеу бой көтерді. Аталған орындардың барлығының қызмет етуіне агрофирма көмектен қол үзген емес.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓