Қазақ өнерінің Серкесі
"Ол барлық тіршілігімен, өнер-өнегесімен жұртқа ұстаз, періштедей таза, Сүлеймендей әділ". Бұл – классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің әйгілі әртіс Серке Қожамқұловқа берген бағасы. Тобыл-Торғай өлкесінің тұңғыштар ұясы екеніне дәлел іздегенде саңлақ Серкенің атын ұмыт қалдыру мүмкін емес. Өйткені ол – ұлттың кәсіби театрының негізін салушылардың бірі. Халық оны қазақтың тұңғыш фильмі "Амангелдінің" басты рөлдердің брін (Бекет) сомдаған актер ретінде тете таниды. Осынау алып тұлғаның туғанына биыл 125 жыл толды. Даңқты жерлесіміз туралы сіз не білесіз, оқырман?
Серке Қожамқұлов 1896 жылғы мамыр айының 5-і күні Қостанай облысының Қарабалық ауданына қарасты он үшінші ауылда дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Серәлі. Бала күнінде анасы “Серкем!” деп еркелетсе керек. Осыдан кейін ел аузында Серке аталып кетіпті. Тарихи деректерге үңілсек, ол 1913-1916 жылдары Тройцк қаласындағы "Уазифа" медреседе білім алған. 1919 жылы қызметке араласыпты. Бұл азамат соғысы кезі болса керек. Ол әуел баста Әліби Жангелдиннің партизандық отрядында жауынгер болып, кейін сот мекмелерінде халық тергеушісі қызметін атқарған. Ал 1920-1922 жылдары білімін Орынбор қаласындағы Татар халық ағарту институтында жалғастырады. Оқу орнында, әскерде белсенділік танытып, әуесқой қойылымдарға қатысқан. Айта кетерлігі, Серкенің алғаш өнерге деген құштарлығын көрнекті жазушы Бейімбет Майлин мен туған жездесі Жүсіп Темірбеков оятқан екен. Ол сахна өнеріне деген қабілетін "Қызыл керуен" труппасының құрамында жүріп ұштай түскен. Институт қабырғасында жүргенде де көркемөнерпаздар үйірмесінен қол үзбейді. Орынбор қаласында оқып жүріп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және дарынды әртіс әрі жерлесі Қапан Бадыровпен шығармашылық қарым-қатынас орнатқан.
Серке 1923 жылы оқуын бітірісімен, Қостанай қаласында сот тергеушісі болып жұмысқа орналасады. Мұнда да өнерден бір елі ажырамай, әртістік қабілетімен танылып, 1925 жылы тұңғыш Қазақ театрына режиссерлік қызметке жіберіліпті. Осылайша, ол Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың іргесін қалаушылардың бірі болды. Саңлақ тұлға театрда режиссер де болды, сахнадан да ұдайы көрінді. 1926–1932 жылдары Әуезовтің «Бәйбіше – тоқал», Майлиннің «Шаншар молда», «Ел мектебі», «Қалпе», Ө.Оспановтың «Сеңсең бөрік», Н.В. Гогольдің «Үйлену» пьесаларын қойды. Сондай-ақ, Мырқымбай, Қоңқай, Көбікті, Қарабай, Еспембет сияқты образдарды сәтті сомдады. Естелітерде айтылатындай, Қожамқұлов әрбір рөлдің болмыс-бітіміне сай өзіндік мінезі мен дауыс ырғағын, сахналық қимыл-әрекеті мен сөз мәнерін дәл тауып, құлпырта ойнататын актер болыпты. Әсіресе, оның шеберлігі комедиялық рөлдерде айқын көрінген екен. Серәлі Қожамқұловтың қызы Мәриям 2011 жылы "Алтын орда" республикалық газетіне берген сұқбатында әкесінің қайталанбас шеберлігі туралы:
" Алып талант алып бейнелер жасайды деген рас-ау. Әкемнің образ сомдаудағы ерекшелігі шынайылылығында болған. Яғни, ол өз кейіпкерінің іші мен сыртын бірдей аша білетін. Осындайда әкемнің ертеректе Қарабай рөлін сомдаған қойылымын көруге барғандағы көрерменнің: «Ойбай-ау, мынау Қарабай ма?! Бұл әлі тірі ме?..» деп таңданыстан дауыстап жібергені есіме түседі. Сонда Қарабай образын жасаудағы шеберлігі соншалық, залдағы көрерменнің таңданысын тудырып еді", – деп тебіреніпті.
Жалпы, сахна саңлағы 1925-1979 жылдары ааралығында қазақтың төл туындыланынан бастап, батыс және орыс драматургиясының 170-тен астам кейіпкердің образына еніпті.
Ал оның қазақ кинематографиясының дамуына қосқан үлесі – өз алдына бір бөлек әлем. Қазақтың тұңғыш фильмі –“Амангелдіде” басты рөлдердің бірін сомдағанын көзі қарақты оқырманның барлығы білсе керек. Сондай-ақ, Шәкен Аймановтың “Алдар көсесінде”, “Біздің сүйікті дәрігер” музыкалық комедиясында және тағы да басқа көптеген кинотуындыларда басты рөлдерде ойнады. Фильмографиясында "Жұт", "Райхан", "Абай әндері", "Алтын керней", "Қозы Көрпеш – Баян сұлу", "Алғашқы эшелон", "Ана туралы аңыз", "Шоқ пен шер"… – ұзын саны жиырмадан астам көркемфильмге түскені көрсетіледі.
Театр және кино әлемінің Серкесі қазақ даласында алғашқы кәсіби театр құрылған жылы, яғни 1936 жылы "Қазақстанның халық әртісі", 1976 жылы "Социалистік Еңбек Ері" атағын иеленді. Үш мәрте "Ленин", "Еңбек Қызыл Ту", 2-дәрежелі Отан соғысы, "Құрмет белгісі" ордендерімен және көптеген төсбелгілермен марапатталған. Оның ардақты есімін ұлықтау мақсатында 1981 жылы Арқалық қазақ музыкалық драма театрына есімі берілді. 1988 жылы Торғай облысының жабылуына байланысты театр Қазақ КСР-ы Министрлер Кеңесінің шешімі бойынша Жезқазған қаласына қоныс аударды. Арқада дүниеге келіп, есейіп, ер жету кезеңі Жезқазған жерінде жалғасқан драма театрына биыл 40 жыл толып отырғанын да айта кеткен артық емес. Ал, асылында, әйгілі тұлғаның маңдайына бұйырған ең ұлы марапат – өнер өлкесінде өшпес ізі, ұлт тарихында ұмытылмас есімінің қалғаны болса керек. Кесек тұлғаны келешекке дәріптеп отыру – бүгінгінің міндеті.