Жаңа жинақ жарық көрді
Тобыл-Торғай топырағында қазақ дәстүрінің жауһар өнерін насихат еткен небір дүлділдер түлеп ұшқан. Қостанай облысының жыршы-термешілік өнері сонау XX ғасырдың басынан арна тартып жатыр. Кешегі Нұрхан, Сәт, омар сынды көптеген сүлейлердің асыл қазынасы осы күнге дейін атадан балаға мирас болып келеді. Бертін келе олардың ізін жалғаған дарындарға да киелі өлке кенде емес.
Өңірге белгілі жыршы-термеші Абзал Алпыс сол сөз зергерлерінің өмірбаянын жинап, бүгінгі ұрпақтың өнерпаздарын қосып, "Тобыл-Торғай толғайды" атты жинақ шығарды.-Мұндағы басты мақсат – Алашорданың 100 жылдығы қарсаңында елге белгілі жыршылар мен термешілерді оқырманмен таныстыру, енді танылып келе жатқан жаңа есімдерді насихаттау. Олардың арасында аудандық, облыстық, деңгейде ғана емес, тұтас республикаға өнері мәлім болғандары жетерлік. Бұл жолғы жинақ арқылы қостанайлық дарындардың өмірбаяндарын топтастырып, өнер жолдары туралы мәлімет беруді жөн көрдік. Өйткені, атадан қалған өнерді өлтірмей, қалың қазаққа насихаттап жүрген азаматтарды өскелең ұрпақ танып-біліп өсуі керек,-дейді құрастырушы Абзал Алпыс.
Жинақта Ахметқан Әбіқаев, Жүсіпбек Салық, Бегалы Көрпебайұлы, Сардан Әбікеев, Қасымқан Алдабергенов, Сыздық Әбілғазин, Нағашыбай Алпысов, Сұлтанбек Молдахметов, Фазылхан Мауданов сынды жыршы-термешілердің өмір жолы жазылған.