Татулық пен тұтастықтың темірқазығы
Кеше облыс орталығында Қазақстан халқы Қостанай облысы Ассамблеясының ХХҮ сесиясының отырысы өтті. Оған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.
Аймақтық ассамблеяның жұмысы этносаралық келісімді нығайту бағытына арналған. Жеткен жетістіктер әрі қарай жемісті еңбек ете беруді талап етеді. Бір мемлекет, бір келешек, бір тағдыр бағытында жұмыс істейтін аймақтық ассамблея барлық этнос өкілдерін бір шаңырақ астында топтастырып келеді. Ассамблеяның жұмысына есеп берген аймақтық ассамблея төрағасының орынбасары Мәжит Шүленов кадрлық өзгерістер мен атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
–Біздің облысымызда 17 этномәдени орталық жұмыс істейді. Олар әр халықтың ұлттық мерекесіне орай түрлі шараларды ұйымдастырып тұрады. Биылғы жылдың өзінде 158 мәдени шара өткізіп, мыңдаған адамның басын біріктірген екенбіз. Әр ұлттық орталық мәдениетін, тілін дамытып отыр. Бірнеше жексенбілік мектептер жұмыс істеп, оларға барушылар түрлі тілді меңгере алады. Мәдени орталықтардың ішінен ашылған қоғамдық бірлестіктер еліміздің өзге де аймақтарымен емін-еркін араласып, тәжірибе алмасып тұрады. Ассамблея құрамында ғылыми-сараптама тобы жұмыс істеп, олар ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрады. Оның бәрі де патриоттық сезімді қалыптастыруға, ұлттар арасындағы достықты нығайтуға бағытталған. Отбасы құндылығын дәріптеу үшін Аналар кеңесі де құрылған. Олардың қатары бүгінде 21-ге жетті. Кеңес мүшелері жастармен кездесу ұйымдастырып, отбасылық құндылықтарды насихаттау, үлкендерге құрмет көрсету, отанды сүю бағытында жұмыстар атқарды, – дей келе өңірімізде “Қазақстан халқы ассамблеясы күнін” атап өтуді ұсынды. Бұл жоба алдағы жылы қолға алынбақ. Сонымен қатар аудандардағы Мәдениет үйлерінде “Шаңырақ” бірлестігін құру да жоспарда бар екен.
Одан әрі сөз алған Алтынсарин ауданынан келген Гүлнар Немчинова Краснокардон орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Оның анасы қазақ болса, әкесі грузин ұлтынан екен.
–Мен Қазақстанға келген соң орыс тілін ғана емес, қазақ тілін де еркін меңгеріп алдым. Латын әліпбиіне көшу өзекті және дер кезінде қабылданған шешім. Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдері мен қазақ халқы өмірі үшін ажырамас бөлік болып табылатын тарихи қадам. Ұстаздар қауымы мәні зор осы бастаманы қолдап қана қоймай, оның нақты іске асыруға дайынбыз, – деді ол.
Сол сияқты қазақ тілінде еркін сөйлеген Алла Чечеткинаның да ұлты молдаван. Ол Аманкелді өңірінде өскен. Қазақ жерін өз отаным деп санайды. Ол баршаны қазақ тілін меңгеруге, татулық пен достықты берік ұстауға шақырды.
Сессия соңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен және алғыс хат, грамоталармен марапаттады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА