Мақсат – жазалау емес, қоғамды жемқорлықтан тазалау
Көз ілеспес шапшаңдықпен дамыған ғылым мен технология қиялдан да озып, кешегі ойлап тапқан озық дүниені бүгін одан да асып түсетін бір ғаламат шаң қаптырып жатқан қатал бәсекелестік дәуірінде алпауыттар арасынан ойып тұрып орын алу өз тізгінін қолына тигеніне ширек ғасырдан енді асқан дербес мемлекетке оңайға соқпасы анық.
«Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы!
Танимысың сен мені,
Мен – қазақтың баласы! – деп Қасым ақын айтқандай, бәрі де бәйгенің алдынан көрінуге ұмтылған әлемде ең бірінші лайықты мәртебеңді айшықтап алмасаң, еңбектенген еңбек, төккен бейнетіңнің зейнеті таңдайыңа тати қоюы неғайбыл. Қоршаған ортаң сенімен санаспаған жерде «байдың айтқанын құл да айтады, бірақ дуасы болмайдының» кері келмесіне кім кепіл? Сол үшін де мемлекет басшысы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев дамыған 30 елдің қатарына ену талабын қойды. Осы мүддеге жету жолында елдің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы түзіліп, кезең-кезеңімен атқарылуға тиісті міндеттері белгіленді. Соның бірі – «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары. Оның негізгі мақсаты – «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» деп қатал ескертті Елбасы.
Осынау маңызды құжаттың алғашқы 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталғаны, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыруға баса назар аударылғаны мәлім. Бұл ретте барша еліміздегі сияқты Қостанай облысында да жүйелі жұмыстар қолға алынды, сыбайлас-жемқорлықпен күресудің нақты механизмі жасалды.
Ұлт жоспарының 13 қадамында «жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» анық көрсетілген. Әрине, агенттіктің міндеті тек қана заңды белден бұзғандарды жазалау, топырлатып түрмеге тығу емес. Ең алдымен қоғамның жегі құртына айналған келеңсіз әрекетке жол бермеу, алдын алу. «Тек қана қазынаға қол салғанда ғана тұрмысың түзеледі, қызметте «бармақ басты, көз қыстымен» ғана көтеріле аласың» деп ойлайтын керітартпа сананың сірескен сеңін бұзу. Сол үшін де биылғы наурыз айынан «Парасыз болашаққа, Бірге!» республикалық акциясы бастау алды. Осы аралықта Қостанай облысы аумағында семинар, дәріс, дөңгелек үстел, пікірлесу алаңы, мәжіліс, бұқарамен жүздесу түрінде 800 астам іс-шара өткізілді. БАҚ құралдары, интернет ресурстары арқылы 2800 материал жарық көрді. «Есіктен есікке» республикалық жобасы аясында 2 милионға тарта буклеттер таратылды. Осыншама ауқымды көлемдегі мағлұмат үнпарақ, ақпараттық плакат, брошюралардан бөлек, тұрғындардың қолына коммуналдық төлем түбіртегімен де бірге тиіп жатты. Үкіметтік емес ұйым, саяси партиялар, мемлекеттік органдармен бірлесе бірталай істер атқарылды. Облыстық департамент тұрақты мониторинг жүргізіп тұрады.
Жұмысымыз жеміссіз емес, егер 2016 жылы облыста сыбайлас-жемқорлық әрекетіне барған 15 тұлға сотталса, биылғы үш тоқсан бойынша 7 тұлға құрықталды. Салыстырып айтар болсақ, қылмыс 53% төмендеген. Бұл да нәтиже!
Жоғарыда айтылғандай, агенттік жазалауға емес, қоғам санасын тазалауға баса мән береді. Ел болашағы жастар келеңсіз кеселді бойына жұқтырмауы тиіс. Сондықтан, облыстық департамент жоғарғы оқу орындары, колледж, мектептерде кездесулер ұйымдастырып, «Адал бол!» республикалық акциясын аймақта ауқымды көлемде өткізе білді. Көптеген білім мекемелерімен меморандумға қол қойылды. Жастардың мемлекеттік қызметте істеуге қызықтыратын шаралар жүргізілді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда тәртіптік Кеңестің де ықпалы зор. Биыл жыл басынан бері 16 іс қаралып, 12 тұлға тиісті жауапкершілікке тартылды.
Мемлекеттік қызметші тек өзіне тапсырылған істі орындаушы ғана емес, оның адами болмысы да назардан тыс қалмауы тиіс. Ол – халықтың қамқоры, жанашыры. Шенеуніктер шығармашыл тұлға болса, нұр үстіне нұр емес пе! Олардың кәсіби біліктілігімен қатар, рухани деңгейін шыңдай түсу үшін биыл облыста мемлекеттік қызметкерлер арасында байқау өткізілді. Сайыста 12 үміткер бақ сынап, өздерінің тек қана кеңсе жұмысшысы емес, Қазақстанның тұрақтылығы мен тұтастығын дәріптейтін, еліміздің дәстүр-салтын, өнерін терең түсіне білетін тұлға екендіктерін сахна төрінде дәлелдеді. Сондай-ақ, олардың барлығы жастар еді. Бұл өз ісіне сын келтірмейтін, кәсіби, білімді, қоғам өмірінен қалыс қалмайтын жаңа толқын қызметкерлер қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Берік БЕКЖАНОВ,
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің
Қостанай облысы бойынша
департаментінің басшысы