Әнді жүрегімен жазатын еді…

Жан тебірентерлік әндерімен туған халқының қошеметіне бөленген композитор досымыз Қайрат Нұрғазин өмірден озғаны туралы суық хабар жүрегімізді ауыртып, жанымызды сыздатты. Өнер иесінің қазасын "Қостанай таңы" газеті ел-жұртына естіртіп, жақын адамдарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасқан екен. Ол бір өңірге ғана емес, бүкіл қазаққа белгілі сазгер еді. Қайратты алғаш рет Жолбарыс Баязидтің сөзіне жазылған әйгілі "Арман жырым – аруларым" әні ел-жұртына танытты. Бұл ән "Қыздарға әсемдік жарасады" деп басталғаннан-ақ көрерменнің жүрегін жаулап алған болатын.нургаз
Қ.Нұрғазин 1993 жылы "Үкілі үміт" республикалық байқауына қатысып, "Көрермен көзайымы" жүлдесіне ие болды. Ал 1995 жылы өткен "Үкілі үмітте" бас жүлдені жеңіп алды.
Өмірінде 60-тан аса ән жазған. Жолбарыс Баязид, Нағашыбай Мұқатов, Ақылбек Шаяхмет, Арман Хасенов және басқа да ақындардың өлеңдері ән болып туды. 
Мен де Қайратпен шығармашылық байланыс жасағаныма 20 жылдан асып еді. 5-6 өлеңім ән болып, сахнада шырқалды. Ол ән мен сөздің үйлесімін табуына айрықша мән беретін. Үнемі ізденісте жүрді. Ақындардың кітаптарын көп оқыды.
Қазір кейбір композиторлар өлеңдердің буындарын, жолдарын бұзып, ән шығарады. Қайрат ондай тәсілге барған емес. Маған берген бір сұхбатында осы жайлы сұрағанымда, ол: "Бұл жаңа заманның ағымы ғой. Ондай тәсіл менің жасыма сәйкес келмейді. Қазір неғұрлым елден ерекше, жеңіл ән жазсам, тез танымал болып кетемін деген ойдың жетегінде жүрген жастар бар. Мен ондай "жаңа" тәсілді қолдамаймын. Өйткені бұл – америкалық стиль. Қазаққа жат. Өнер ананың ақ сүтімен келеді. Біз байырғы қалыппен, сөзді де, сөйлемді дебұзбай, төрт аяғын тең басқан шумақтармен ән жазып келеміз. Біріншіден, көрерменге әннің де, сөздің де мағынасы жетуі керек. Жиырма жылдан астам өнер жолында келемін. Еш уақытта буын санын бұзып көргенім жоқ", – деген болатын… Иә, ол халықтық дәстүрді берік ұстанды.
Қайраттың ағайын-туыстарына, жерлестеріне, өнерін жоғары бағалаған жандарға, балаларына қайғырып көңіл айтамыз.
…Соңына ән-керуенін қалдырып, мәңгілік сапарға аттанып кетті. Жаның жаннатта болсын, Қайрат досым… Қасиетті өнерді қадірлейтін халқың барда, әнің жоғалмайды, атың өшпейді.
 
Айбатыр СЕЙТАҚ, ақын,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі,
Астана қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓