“…Бауырым деп”

3269485db3cadcbd65e27c9e211f93ad Осы күнгі зиялыларымыздың бірқатары батыс десе тітіркеніп, сол батысты мансұқтаудан төс табанымыз жерге тиген жоқ па деп күйіне кететіні бар. Аты-жөні жоқ бас шұлғи беруді қою керек дейді. Неге бұлай дейтіні түсінікті. Көп себептің бір себебі – батыстың “еуроцентристік” ас-қақ, менмен идеясының салқыны. Бір сәт сол халімізді қоя тұрып, шынайы әділет тұрғысынан қарасақ, адамзаттың ортақ игілігінен, руханият қазынасынан өзімізді танып білу үшін алдымен өзгенің өнегесіне, өнегесінің өзегіне үңілсек, бұл арланатындай іс емес. Бұл орайда Олжас Сүлейменовтың: “Әлемді “біздер” және “бөгделер” деп қарастыратын жазушылар өмірге окоптан көз салады. Ал окоптан, амбразурадан адамдарды емес, тек дұшпандарды ғана көре аласың. Қазақтар бәріне далалық перспективадан, алыстан, кеңінен қарай алады, сондықтан да көбірек, кеңірек көре алады. Қазақтар үшін жек көретін халық болуы мүмкін емес, қазақтар үшін жат ұлт болуы мүмкін емес. Өйткені, тұтас халықтың, тұтас ұлттың жаман болуы, жат болуы атымен мүмкін еместігін біз жақсы білеміз. Абайдың “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деген сөзін халқымыздың әр перзенті ұдайы жадында ұстауға тиіс” ( “Егемен Қазақстан”.12.03.10) дегені осы жерде қисынды-ақ. Сондай ақ, Шәкәрім бабамыз: “Адамның бәрі – өз хал-қың” деді. Мұстафа Шоқай: “Жалпы адамгершілік және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ. Халықтың бәрі бірдей.” – дейді. Рас, біз әлі жаhандық құндылықтарға терең бойлай алмай келеміз. Күні бүгінге дейін білдік, таныдық деген ғаламдық өнер, ілім-білім қазынасының басым көпшілігіне тек орыс тілінің көзімен ғана жеттік. Әлі болса да солай жалғасуда. Бұл шындық.

Қазір, XXI-ші тану-жаңғыру ғасыры. Бізге дөңгеленген дүниеге сан қырынан қарай алуға, өткен-кеткенді ақыл-ой елегінен жаңаша өткізуге, болашақты барлауға зор мүмкіндіктер туды. Қазақтар арасында күншығыс пен күнбатыс елдерінің төл тілін жақсы меңгергендер көбейіп келеді. Түпнұсқадан тікелей тәржі-малайтын шебер аудармашылар қатары да молая түсті. Астанамызда өтетін “EXPO – 2017” көрмеге келетін 5 миллион адам қазақ жұртына таңдана, тамсана кетуі лазым. Ол үшін маңдай терлеткен іс, қуатты күш, сұңғыла парасат, асқақ рух керек. Сондықтан ендігі жерде батысты бәтқордалап, шығыстан шырындайық деу – аясы тар көзқарас. Бұл айналып келгенде өркениетті жатсыну синдромы деген сөз. (Жатсыну синдромына кейін бірде арнайы тоқталатын боламыз) Керісінше, қазақтың жасампаз болмысын, ұлттық көркем санасын төрткіл дүниенің қай түкпірінің болса да жауһар руханиятымен байытудың оңтайлы сәттерін мейлінше қарпып қалу керек.

Себебі, бәсекелестікке төтеп беретін әлемдегі отыз елдің қатарына қосылу мақсаты қойылды. Біле білген, тереңіне үңіле білген кісіге бұл саясаттан гөрі, бұл – өмірлік қажеттілік. Әрбір алаш азаматы мұны жан-жүрегімен қабылдап, алымды ой-сана, белсенді іс-қимыл таныту керек. Тарихтың дөңгелегі енді қайтып кері айналмайды. Қазіргі зымыран заман көшіне ілесе алмау – халықтың соры. Ілесу, ол бірлесу, білек сыбану, күресу.

Бүгінде жаныңды сүйсінтетіні – қыз-жігіттерімізде ата-бабадан мирас: байсалдылық, еңбекқорлық, қағылездік, біліктілік, жаңашылдық сияқты көптеген қасиеттер жарқырап көрінуде. Батыс – Шығыс демей жер шарының бейқұт тірлігінің үлгі-өнегесін, құндылықтар атаулыға ұмтылып, меңгеруге күш салуда. Осының бәрі де ұлы даламыздан дарыған кеңпейіл, ардаемген, бейбітшіл, татулықты ту еткен тектілігіміздің белгісі.

Қандастарымыз кейде өзара әлдебір іске налығанда ерме, елікпе, желікпе, оңғақ, бедерсіз халықпыз деп жанын жұлып жегендей күйініп жатады. Батырып айтсам, намысы оянар дейтіннен болуы керек.

Қалай десек те абыз атамыздың айтқанынан артық айтқан ешкім жоқ: “Адамзатты бәрін сүй бауырым деп”.

Жанұзақ Аязбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓