Қазақстан – ортақ үйіміз

53af0161bdcf4c892c691e5fb176523b Халықтар бірлігі күніне орай осы ұстаныммен облыстық мәдениет басқармасы қалалық балалар шығармашылық үйінде Кавказ халықтары шығармашылығының ІІІ аймақтық фестивалінің өтуіне ұйытқы болды. Елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Елбасымыз Н.Назарбаев алдағы жылды Ассамблея жылы деп жариялауға тапсырма берген еді. Міне, Қап тауы өкілдерінің аталған фестиваліне қарап, халықтар достығы жылын бастап кеткен бе дерсіз.

Мәдени шараны облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов құттықтау сөзбен ашып, фестиваль қатысушыларын өнер мерекесімен құттықтады. Ол мұндай шараларды ұйымдастыру арқылы облысты мекендеген ұлыстардың ұлттық өнерін насихаттау, жастарды өнерді сүюге тәрбиелеу мүмкіндігі молайып отырғанын жеткізді.

Сахнада әзірбайжан, армян және шешен ұлттарының өкілдері өнерін паш етті. Бүгінде олар бір шаңырақ астында тату ғұмыр кешуде. Сондықтан да, бір-бірін бөле жармай, өнер фестивалін бірге өткізуді жөн санапты. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ойнақы биімен еріксіз баурап алады. Ұлттар билерінің тағы бір ерекшелігі – қимылдары бірін-бірі қайталамайды. Фестивальде сонымен қатар қазақ және орыс халықтарының әні шашу болып қалықтады.

– Бізде көптеген ұлттық мейрамдар аталып өтеді. Әйтсе де бүгінгідей Кавказ халықтарының біріккен фестивалі өңірімізде осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Облыс аумағында 3 мыңдай әзірбайжан тұрады. Бұл мәдени іс-шараға олардың бәрін қатыстыруға тырыстық. Бұл өз кезегінде Қазақстанда мекен еткен халықтардың татулығын, бірлігін арттыра түседі, – деді “Берлик” әзірбайжан этномәдени бірлестігі жастар ұйымының жетекшісі Зүлфия Набиева.

Әсіресе көрермендерді кавказдың ұлттық биі ерекше таң қалдырды. Олардың ұлттық биі тұтас бір тарих. Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің өкілі Джихун Арзуманлы аталған бидің тарихынан қызықты мысалдар айта келе, кейбір деректер бойынша кавказдық ер-азаматтар лезгинканы шешуші ұрысқа аттанар алдында билегенін жеткізді. Көбіне жігіттер билегендіктен, бұл адам бойындағы қуаттың, батылдықтың, жүректіліктің жаршысына айналған өнер іспетті әсер қалдырады. Дегенмен, қазіргі кезде бидің жігіттермен бірге қыздарға арналған заманауи түрі де дамытылған екен.

Фестивальге облыстың әр аумағынан өнер ұжымдарымен бірге бірнеше жеке орындаушылар келіп қатысты. Тіпті, Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстарынан келген өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.

Шұға

ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓