Жоба аясында..
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінде, зейнетақы мен жәрдемақыларды негізсіз есептеулерді болдырмау мақсатында, медициналық мекемелер қайтыс болу фактісі туралы әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығына хабарлау мәселелері жөнінде дөңгелек үстел болып өтті. Жиынға облысымыздағы денсаулық сақтау басқармасы мен денсаулық мекемелерінің, әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының, азаматтық хал актілерін тіркеу және апостильдеу бөлімдерінің сол секілді осы мәселеге қатысы бар органдардың басшылары, өкілдері мен мамандары қатысып, жоғарыдағы тақырыпты жан-жақты талқылады.
Департамент басшысының орынбасары Е.Салықбаев өз сөзінде қолға алынған шұғыл түрде зейнетақы мен жәрдемақыларды негізсіз есептеулерді болдырмау мақсатында медициналық мекемелер қайтыс болу фактісі туралы әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығына хабарлау жобасы Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып отырған жобаның негізінде іске асырылатындығын атап өтті.
-Бұл жобаны талқылаудағы мақсат – үстіміздегі жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысының медициналық мекемелері шұғыл түрде қайтыс болу фактісі туралы әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығына хабарлай бастады. Осы облыста 1558 азаматтың қайтыс болу жөніндегі мәліметтерді есептеу орталығына жіберудің нәтижесінде 95,9 млн теңге көлеміндегі негізсіз есептеулерге жол берілмеді, – деді Е.Салықбаев.
Ал, әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы департаментінің директоры Г.Хасанованың айтуынша, облысымызда қайтыс болу жөніндегі жәрдемақыны 129 мың адам алады. 1998 жылдан бері азаматтық хал актілерін тіркеу органдарымен жұмыс атқарып келеді, олар қайтыс болу туралы ай сайын мәлімет беріп отырды.
– Бүгінде кіріктіру жүйесі жұмыс істейді. АХАТ органдары тіркеу базасын жаңалап отырғандықтан, біз де қайтыс болғандардың мәліметтерін қадағалаймыз. Сол секілді АХАТ органдарынан, қайтыс болу туралы куәлікті алу үшін туыстары өтінген жағдайда, зейнетақы төлеуді тоқтатамыз. Кейде дер кезінде қайтыс болғаны туралы хабарламауы да мүмкін. Сондықтан, медициналық мекемелер қайтыс болу туралы мәліметтерді бізге электронды немесе қағаз құжат жіберсе деген өтініш бар, – деді Г.Хасанова.
2017 жылы облысымызда негізсіз зейнетақы төлеудің екі фактісі тіркелген екен.
Жиынға жиналғандар жобаны талқылай келе, денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық мекемелер шұғыл түрде қайтыс болу туралы мәліметтерді кем дегенде аптасына бір рет әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығына жіберетін болып келісті. Бұл жіберілетін мәліметтер шұғыл болғандықтан, оның заңдық күші жоқ деп саналады. Сонымен қатар, тараптар өкілдері бірлесіп жұмыс атқару үшін ынтымақтастық меморандуымына қол қоятын болды.
Гүлназым Сағитова