Көмекке мұқтаж жандар

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында Қостанай қалалық мәслихатының депутаты Анар Қабдулинова азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Халық қалаулысынан кеңес сұрай келген Александр Асинец – облыс мақтанышы, пауэрлифтингтен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен ҚР біріншілігінің жүлдегері. Ол пәтердің кезегіне тұрғысы келетінін айтты, енді әкімшілік тарапынан қандай да бір көмек күтеді. Ал Анар Қабдулинованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке кезегі бар, жоқшылықтан ғана қысылмай, тағдырдың тауқыметін қатар арқалаған жандарға мемлекет жеңілдік жасайды.IMG_6278
 
IMG_6292Жағдайын айтып, жәрдем сұраған Жібек Ертаева – «Алтын алқа» иегері. Ол өзі туралы баяндап берді:
– Менің жеті балам бар. Кішісі – бес жаста. Біз жер үйде тұрамыз. Жолдасым – көлік жүргізушісі, айлығы шайлығына жетпейді, алатыны – 30 мың теңгенің айналасы. Мен қосымша ұсақ-түйек жұмыстарға шығамын, соңғы кездері түсқағаз жабыстырып жүргенмін. Қыс та келіп қалды. Үйге отын керек. Қазір былтырдан қалған көмірді жағып, ағаш бұтап, үйді жылытып отырмыз. Енді сіздерден 3-5 тонна Қаражар көмірін сұрай келіп отырмын, – деді ол.
Өз кезегінде депутат мәселені алдағы уақытта қарастыратынын айтты. Тиісті құжаттарды әзірлеп, арнайы басқармаларға жібермек.
Тағы бір тұрғын екі баласына қысқы киім сұрады. «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Ерлан Төлетаев мәселені шешуге көмектесті. Енді Олеся Борисова «Хелпер бокс» акциясы арқылы балаларына тегін киім ала алады.
КСК шағын ауданы тұрғындарының атынан Нина Бородаенко келді. Зейнеткер №25 автобусты Текстильщиктер-Герцен көшелері арқылы жүргізуді өтінді. Себебі қарт кісілерге емханаға, банкке жаяу бару қиындық туғызып отыр. Анар Қабдулинова бұл ұсынысты қолға алатынын жеткізді.
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓