Жаңа кодекс жазаны қатайтты
Өңірімізде биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында соттарда 42 тұлғаға қатысты 29 сыбайлас жемқорлық қылмысы қаралды. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 52% артық. Қоғам болып күрескенімізбен, жемсауын толтыруды тоқтатпайтындар саны азаяр емес. Парақорлық бар жерде, онымен күрес те тегеурінді. Осы орайда Қостанай облысының прокуроры Марат Қаибжановқа бірқатар сауал қойған едік.
– Марат Жолмағамбетұлы, сыбайлас жем-қорлық – қазіргі қоғамның көкейтесті мәселесінің бірі. Өзіңіз басқарып отырған құзырлы органда жемқорлыққа қарсы күрес бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Елбасымыздың Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау барысында облыстың прокуратура органдары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған жол бермеу мақсатында түрлі шаралар өткізуде. Мемлекеттік органдарда өткізілетін семинарларға белсенді түрде қатысамыз. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерді даярлау, қайта даярлау орталығымен және жергілікті атқару органдарында орналасқан құқықтық білім мектептерімен тығыз қарым-қатынас орнатылды. ҚР Бас Прокурорының бұйрықтарына сәйкес мемлекеттік органдар мен мекемелерде әр тексеріс заң аясында жүргізіледі.
– Өңірімізде жемқорлыққа қатысты былтыр, биыл болған қылмыстарға тоқталып өтсеңіз? Кінәлілер тиісті жазасын алып жатыр ма?
– 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында қылмыстық қудалау органдарымен 87 сыбайлас жем-қорлық қылмыстары анықталды, былтыр осы мерзімде 92 қылмыс жасалған. 2013 жылдың алғашқы жартыжылдығында сыбайлас жемқорлық қыл-мыстармен 10 тұлға сотқа жіберілсе, үстіміздегі ортасына дейін 22 күдікті анықталды. Мәселен, Алтынсарин ауданының конкурстық комиссиясының мүшелері, соның ішінде мемлекеттік мекемелердің 2 басшысы, мемлекеттік сатып алуларға қатысуда әкімшілік кедергі жасағандары үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оған қоса, Аманкелді, Жанкелдин аудандарының комиссия мүшелері ауылдық мекенге жұмыс істеу үшін келген білім беру саласындағы қызметкерлерге көтерме төлемақыларды төлеу туралы негізсіз шешім қабылдағандары үшін жазаланды.
– Жалпы мерзімдік баспасөзде мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау қызметкерлері, дәрігерлер осындай заңбұзушылыққа баратыны жиі жазылады. Нақты мысалдар келтіріп өтсеңіз?
– 2013 жылы медицина қызметкеріне қатысты сыбайлас жемқорлықтың 1 фактісі тіркелді. Жыл басынан бері осы сияқты қылмыстар тіркелген жоқ. Рудный қалалық прокуратурасы 2013 жылы 5 наурызда бюджет қаражатын талан-таражға салу яғни, жиһаздарды және құрылғыларды жалған көтерме бағамен сатып алған, мемлекетке 12 млн. теңгеден артық шығын келтірді деген айыппен Қашар ауруханасының бұрынғы бас дәрігері А.Берестюкке қатысты қылмыстық іс қозғады. Рудный қалалық сотының 2013 жылғы 10 шілдесіндегі үкімімен А.Берестюк ҚР ҚК-нің 176 б. 3 б. "б", "г" т. бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
2014 жылдың бірінші жартыжылдығында құқық қорғау саласында 9, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасында 81 сыбайлас жемқорлық қылмысы жасалған. Рудный қалалық сотының 2014 жылғы 18 наурыздағы үкімімен Рудный қалалық ІІБ ЖПБ аға испекторы С.Левченко ҚР ҚК-нің 311 б. 2 б. (пара алу) фактісі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
– Қылмыстық кодексте жаңадан өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Алдағы уақытта осы заң аясында сыбайлас жемқорлыққа жол бергендерге қандай жаза қолданылады?
– Биыл ҚР Қылмыстық Кодексіне жаңадан өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заң 2015 жылдан бастап қолданысқа енеді. Жаңа кодексте сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін жаза түрлері қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілігіне қарай қолданылады. Соның ішінде мүлікті тәркілеу немесе өмір бойы белгілі бір лауазымды немесе атқарған қызметінен айналысу құқығынан біржола айырылады. Салынатын айыппұл мөлшері де бірнеше есеге көбейіп отыр. Оған қоса, қамауға алу жазасы да қарастырылған.
Бұрынғы Кодексте сотталушы соттың үкімімен 2 айдан 2 жылға дейін түзету жұмыстарына тартылып, тапқан табысының 5-тен 20 пайызына дейін мемлекет кірісіне ұстап қалу көзделген еді. Жаңа кодексте жаза айыппұл төлеумен ауыстырылған. Билікті не қызметтік өкілеттілікті асыра пайдаланғандар ҚР ҚК 308 бабы бойынша жазаланып, 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Жаңа кодексте ҚР ҚК 362 бабы бойынша айыппұл мөлшері 3 мыңнан 6 мың айлық есептік көрсеткішке дейін көбейіп отыр.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ