Кезек Балтасар мен Ернұрда (ЖАҢАРТЫЛДЫ)

"Ел мерейі – Елорда!" облыстық жазба ақындар айтысын сабақтайтын 5-жұп – Аманкелді ауданының айтыскері Балтасар Тұрысбекұлы мен арқалықтық жас ақын Ернұр Әуезхан. Қос дарын да дода сайын жарқырап, ел көзайымына айналып үлгерген жүйріктер. "Қара домбыра қолға алып, топ алдында толғанып" үйренген өнерпаздардың жазба айтыстағы екпін-шамасы қалай болар екен? Назар салайық, пікір қалдыру арқылы қоштау-қолпаш білдіріп отырайық!балтЕр
Айта кетейік, осының алдындағы 4-жұп айтысында (М.Оспанов пен Ғ.Кенжеғозин) әділ қазылардың шешімімен Марғұлан Оспанов жеңіске жетіп, келесі айналымға жолдама алды. 
Сонымен, 5-жұптың сөз бәсекесін бағалап көрейік.
 
І кезең
БАЛТАСАР:
"Алланың құдіретімен дарып өлең,
Ана сүті, келген әке қаныменен.
Ұлыстың ұлы күні сөз бастайын,
Жыл тойлап қазақылық сарынымен.
Ассалаумағалейкум, оқырман жұрт,
Қара өлеңді түсінетін жаныменен.
Ал ендеше сөзімді бастап бердім,
Тұлпардай топқа түскен арынымен.
Күн батқанда жазған жырды ұсынайын,
Атырып "Қостанайдың таңыменен".
 
Елорда көрінгенмен мұнарланып,
Астана – тұрған есім тұмарланып.
20 жасың құтты болсын, нұрлы астана,
Өзіңе арналар тек жыр-ән жақұт.
Әр елдік көшбасшылар басын қосты,
Ынтымақ, бірлік туын ұрандатып.
Саммитті де өткіздің нақ төріңде,
Азанменен оқытып құранды ақық.
ЭКСПО өтті жоғары дәрежеде,
Көрмесі сан ғасырға тұрар татып.
Астана неткен сұлу шаһар едің,
Көңілім тұрар саған құмарланып.
Елбасы арманымен сәулеттенген,
Айбарлы Астанамыз – шынар бақыт.
 
Болмай тұр жеребеде талғам бүгін,
Төгеді қашан маған алдан нұрын.
Өзімнің шәкіртіммен қатар салып,
Көрсетіп тұр дүние жалғандығын.
Бақ сынасып көрейік бекем болып,
Көтеріп қазылардың салған жүгін.
"Тістің сырын тіл біледі" деген қазақ,
Рас болса менен тәлім алғандығың.
Сан мәрте топқа қосып жетеледім,
Татыршы ұстазыңа балдан шырын.
Сұр көкжал саған тісін батырады –
Бөлтіріктің дәлелдеші арландығын".
 
ЕРНҰР:
"Ұстазым ел алдында сырын жайды,
Жамау қып өлеңдерін жырымдайды.
"Жеребеде талғам жоқ" деп өкпелеп,
Талғамды сөз айтқандай жымыңдайды.
Қатты айтты деп тағы да сөкпегейсіз,
Шəкіртіңіз "бел кетер" деп құбылмайды.
Себебі соңғы кезде көп шалындым,
Тағы да көрмесе екен ұлың қайғы.
Көкжалға теңедіңіз өзіңізді
Байқасам, сөзін босқа шығындайды.
Бөлтірік деп бөлмеңіз Ернұр ұлды,
Ысырғаның жөн болар бұрынғы ойды.
Бөлтірік деген жастан астық біздер,
Деп жүрсем ойың ұшқыр, тілің майлы.
Бөлтіріктің бөрі екені айдан анық
Ертеңге үміт артып, ырымдайды.
Көкжал болмақ түгілі, арыстан бол
Арлан қасқыр апанда тығылымайды.
 
Ел деген батаны алып бас бапкерден,
Ақындар айтыс көшін бастап берген.
Ассалаумағалейкум, оқырмандар,
Жазба айтыс алаңына көз сап келген.
Бармысың Балтазардай мұғалім ер,
Жандарын бала оқытып жасқап келген?
Қағазбасты ұстаздың бірі едіңіз
Осында бар жұмысын тастап келген.
Жұмысбасты дегенім жалған болар,
Қыран ең ұлы өнерге көш сап берген.
Хабарлассам, ылғи үйде отырмын дейд(і),
Жансың-ау мектебіңнен қашып-ақ келген.
Ақыры жұп қылыпты мені сізбен,
Жөн болар бастаманы қоштап көрген…
Тақырып Астананың жиырма жылы
Бұл күні абыройы асқақ келген.
Ерке Есілдің бой түзеп жағасында,
Мəңгілікке бағытын бастап келген.
Астанамыз күн сайын дамып жатыр,
Орын ап Сарыарқадай асқақ төрден.
Əлемге аты шыққан жас қала бұл,
Күн сайын көркеюді мақсат көрген.
"Жаратқаннан басқаның бəрі өзгерер"
Дегенін ұлы Абайдың растап берген.
 
Ақынның естілгенде асқан əні,
Бізге көп бағындырар асқар əлі.
Облыстық газетіміз айтыс жасап,
Көтеріп жатыр екен бастаманы.
Осы айтыста он алты ақын жүрміз
Жырыменен тербеткен Астананы.
Көбісі ел ағасы ел таныған
Жеребеде таңдамас жас шаманы.
Ең жасы мен екенмін бұл айтыста,
Сондықтан сынамаңдар жас баланы.
Ақтармыз ел үмітін үкілеген,
Тамшы да тама-тама тас жарады.
 
Ұстаз деген есімің ұлық болған,
Ендеше жасамағын бүлік қолдан.
Ақыл айтып бұл маған үйретіп ең,
"Жеңісіңді берме, – деп, – жұлып қолдан".
"Ұстазына қарсы шықты" деп жүрмегін,
Болмайын бос арманды қуып барған.
Асыңды ішіп түкірер мен емеспін
Ыстық су да бір кезде суық болған".
 
Көмкерем əсем қылып жыр етегін.
Байқалар сөзіңізден ірі екенің.
Ұстазым едіңізғой мына менің
Баптап едің соныңды жыр етемін.
Шəкірт деген ұстаздың айнасы ғой
Сондықтанда есіміңді ұлы етемін.
Ұстаздың жеңісіғой шəкірт озса
Арынымды дауылдай үдетемін.
Өзіңіз айттыңызғой жырға қосып
Бөлтіріктің дəлелде деп кім екенін
Ұстаздан шəкірт озар деген сөздің
Ендеше дəлелдейін шын екенін.

ІІ кезек

БАЛТАСАР:

"Сөздерім менің сендей салқын емес,
Шәкірттің бүгін жүзі жарқын емес.
"Ұстазбен белдескенде бел кетпейді",
Деп өзі бастап отыр жарқыл егес.
Көкжалға теңеп, сөзді шығындайды деп,
Түсінеді әр сөзімнің парқын дөңес.
Бөлтірік бөрі апанға тығылмайды деп,
Алдын ойлап тұрады, артын емес.
"Көкжал тұрмақ, арыстан болсан да" дейд(і),
Бұл сөзің мені құлатар қарқын емес.
"Соңғы кезде көп шалындым" деп қояды,
Мен шалып жүргендейін қалпында егес.
Бөрі болсаң, көп шалынып нең бар еді,
Көкжалдармен құра алмасаң жалпы кеңес?
Сенің де сырың мәлім болғандай-ақ,
Майданға түсе алмассың әр күн егес.
Құр шөппен ауыз сүртіп отырсың ғой,
Жылтырағанның бәрі, әрине, алтын емес.
 
Жасқауға шәкіртімді дәрменім жоқ,
Жеңуге тұрса егер пәрменің боп.
Тамшыдай тас жарамын деп қоясың,
Толқындай жарға ұратын дәрменің жоқ.
Айтысқа барар кезде іздеуші едің,
Дегенің бе сөз жазбадың, жәрдемің жоқ.
"Қырық жыл жақсы әке балаға азық",
Жебемді нысанаға дәлдедім дөп.
Мен жазып берген сөзді айтып жүрсің,
Сен қашан өлең жазып әрледін көп.
Дәл бүгін ұстазыңды беттен алып,
Жеңіп кетсең, қалармын әлдекім боп.
 
Тұғырды баптаса да дүлдүл болмас,
Қарқ етсе қара қарға, бұлбұл болмас.
"Ыстық суың бір күндері суиды" деп,
Қалайша айтқан сөзде зіркіл болмас.
Газеттің бір бетіне шығамын деп,
Ішу мен жегенді айтқан күлкің оңбас.
Біз екеуміз өмір-өнер серіктерміз,
Жүлде үшін болмашы бір күн жолдас.
 
Қасқайып, айылыңды жыймай тұрсың,
Ұстазың "шәкіртім" деп сыйлай тұрсын.
Жұмысбасты дегенің жалған дейсің,
Кері сөйлеп өз теріңе сыймай тұрсың.
"Мектептен гөрі үйде көп болад" деп,
Ұстазыңды жақсыға қимай тұрсың.
Ауылдың түтінінен түлемеп пе ең,
Тіршілігін санаңа құмай тұрсың.
Ұста алдында қолынды тартқанменен,
Ұстаз алдында тіліңді тыймай тұрсың.
 
Балтасар биіктерді сағынады,
Аталы сөз айта алсаң мағыналы.
"Бөлтіріктің дәледеймін кім екенін",
деген сөзін айтқанынан қағынады.
"бөлтірік емес, бөрімін" демеп пе едің,
Бұл солай жүрісінен жаңылады.
Ұстаздан озып жатсаң арман бар ма,
Бұл сөзге кімдер келіп шағынады?
Елбасы Нұрсұлтан да озған шәкірт,
Заманының атанған қабыланы.
Сондықтан жақсы шәкірт атанғайсын,
Жамандар күнде қасымнан табылады".
 
ЕРНҰР:
 
"Сөзімді шеттен шығып саралайды,

 

Ұстазым санын бекер сабалайды.
"Арлан болсаң шалынбас едің ғой" деп,
Көкжалға өзін əлі бағалайды.
Шибөрідей ши шығарып, бұлаңдама,
Шəкіртің құр егесті қаламайды.
"Қу шөппен ауыз сүртіп отыр" дейді,
Айыптап босқа мені табалайды.
"Жылтыраса бəрі алтын болмайды" деп,
Тал қармап, əр нəрсені жағалайды.
Мен алтындай жарқырасам жақсы емес пе,
Ұстазым неге сонша алалайды?
Тозығы жеткен сөзді айтып отсың,
Мұншалықты жан ба едің сараң ойлы.
Жыр жібегін елге жаяр деп отыр ем,
Құр сөзің жыртығыңды жамамайды.
Əлде сен білмеуші ме ең, жібек тозса,
Есекке жабуға да жарамайды.
 
Біздерден сөз күтеді тартымды Алаш,
Маған деген көңілің салқындамас.
Егесті  өзіңіз кеп бастап алып,
Байқатпай отырсың ғой қарқынды оғаш.
Халық берген жүлдені аламын мен,
Ернұр ұл жүлде үшін жарқылдамас.
Баптағаның бұл күні тұлпар болды,
Бауыры қара жерге солқылдамас.
Өз сөзіңе өзің қарсы шығып отсың,
Сондықтан қолдамайды халқың да рас.
"Қарқ етсе, қара қарға бұлбұл болмас"
деп айтып, бастың ба екен қарқынға рас.
Қарғаға теңегенмен бұның мені,
Демеймін сөздерімді жан тыңдамас.
Қарғаның ұясында өссе-дағы
Бұлбұл құс қарғадайын қарқылдамас.
 
Шəкірт ем жасқанбайтын батыл ойлы,
Ұстазым – ел таныған ақын əйгі.
Мен жазған сөзді əлі айтып жүр деп,
Жырымды мінбе қылып сатылайды.
Сіздің емес, кітаптың сөзін айтқам,
Жеткіздің жарамсыздау ақыры ойды.
"Дəрменің жоқ толқынды ұратын" деп,
Ұстазым неге сонша шатынайды.
Елдің сөзін, нақылын айтамын мен,
Шəкіртің əрбір сөзін бақылайды.
Ұстазыңа тіліңді тый деп айтып,
Адастырмақ болдың-ау ақыл-ойды.
Біресе "озсаң, арманым жоқ қой" дейсің,
Енді кеп адастырмақ ақын ойды.
Шұбыртып маған жазған мың сөзің де
Бір істің жартысына татымайды.
 
Ұстазым өзгелерден болса дара,
Бағыңызды деп едім жанса дара.
Шəкіртіңмен түсіп қап жеребеде,
Жүк артып алдыңыз ғой арқаға да.
Шын ұстаз болсаң егер, жаңылмағын,
Жырыңды тарту еткін ортаға да.
"Жаман күнде қасымнан табылғыш" деп,
Жақсы шəкірт болшы деп қолқалама.
Шəкіртіңнің жақсысы мендей болсын,
Қорған болмас сөзіңді қалқалама.
Ұстаз-ау, есіміңіз Балта екен деп,
Өзің еккен ағашты балталама.
 
Ақындар өлең жырын арнайды ғой,
Қырандай қияларды барлайды ғой.
Мамайдай ағаңызды ел біледі,
Деп жүрсем аға жолын жалғайды ғой.
Сан мəрте топтан озған дүлдүл ағаң
Сұңқардай өз көгінде самғайды ғой.
Шəкіртіңмен санасып сен отырсың,
Көңілім соған менің толмайды ғой.
Аға жолын інісі жалғамаса,
Ұстаз-ау, бəрінен де сол қайғы ғой.
Бірақ та түсінерлік жағдай бұл,
Тəңірім көтермес жүк салмайды ғой.
Жолбарыстың терісін жамылғанның
Бəрі бірдей жаужүрек болмайды ғой".
 
ІІІ кезек
 
 
БАЛТАСАР:
"Кім көп көрсе өмірді, сол біледі,
Қашанда баталы ұл жол біледі.
Есекке тозған жібек артықтау деп,
Ұстазына салқындау болды лебі.
Айтасың дейд(і) тозығы жеткен сөзді,
Неліктен қақпалайды жол күрені.
"Ши бөрідей ши шығарып бұландама",
деген сөзден ағаңның солды реңі.
Ши бөрі емес,түлкі аңы бұландайды,
Андамай сөйлеген тіл сор тіледі.
Аталы сөзді айтпасаң байыбымен,
Ауыздың қайда екенін қол біледі.
 
Өрелі ойын жырмен өрнектеген,
Тіс батырып арланың көрмек деген.
Қарқынды айбарыңды көрсем деп ем,
Шытынап кетпеші шөлмекпенен.
Қарғаның ұясында бұлбұл өссе,
Қарқылдай қоймас дейсің ермекпенен.
Бұған бар сендік енді қандай дәлел,
Көрейін түрінді мен жеңбек келген.
Әншілер "плюспенен" қарқылдап жүр,
Бұлбұл көрмейсін жүрген терлеп төрден.
"Негізіне тартпай қоймас" деген сөз бар,
Бала да біледі мұны еңбектеген.
 
Бұл Ернұр неге үлкенге шатынайды,
Ұстазың сені сынға ап, бақылайды.
Жазған мың сөз бір іске мардымсыз деп,
Ұстаздан биіктігін тек сатылайды.
Айтысқа дайындағанда нәр болушы ед,
Жекпе-жекте неге бал боп татымайды?
 
Сен үшін арқа тосам жауынға да,
Шыдаймын бел кеткенше ауырға да.
Қанша жерден қастандық жасасанда,
Қысамын шәкіртім деп бауырға да.
Ұлыстың ұлы күні сөз бастап ек,
Табысып мәлімдесейік қауымға да.
Өзім еккен жас шыбық емеспе едін,
Жемісімді қалай шабам,оған ауырма да.
Сілкілесем қатты ағаш болсын дегем,
Құламайтын қара суық, дауылға да.
 
Мамай ағам – өнердегі қабыланым,
Жырдан жүлде бермеген саңылағым.
Санасып шәкіртпенен отырсын деп,
Бастады ма еркелікпен тағы лаңын.
Баламенен бала болғым келмейді ғой,
Саған жағу үшін қайда сабыламын.
Ағанның жолу қуар деуші едім деп,
Сөз мәнісін ұға алмадым, бағыланым.
Жолбарыстың терісі жүректі етпес,
Бұралқы сөзіңді естіп жабығамын.
Жаужүрек болып қайтем бейбіт күнде,
Тыныштықты тұмар етіп тағынамын.
Өзіңдей шәкірттерім тұрған кезде,
Шындардың биігінен табыламын.
Ағаңдай ақын болмады демегейсің,
Білесің Алла берген бағы, барын.
Әркімнің өзі шығар биігі бар,
Желөкпе болып несіне шабыламын.
Ернұрдай жақсы шәкіртім бар кезінде,
Ақын, ұстаз болып елге таныламын.
 
Толғанда жиырмаға астанамыз,
Қынадай өрнектеліп тас жарамыз.
Осымен аяқтайық бұл айтысты,
Беттен алып шықпасын масқарамыз.
Қыран елдің тұғырлы мекені бол,
Өркендеп жатсын жылда жас қаламыз.
Елге бірлік, патшаға тауфиқ беріп,
Елорда бола берсін басқаға аңыз.
Алматы мен Тараздың жасын беріп,
Абыз қала атансын бас қаламыз".
 
ЕРНҰР:
"Шибөрі деп ем, дайын талауға бұл,
"Ақыл қонбад(ы), – демеші, – саған да бір".
"Шибөрі емес, түлкі аңы бұлаңдар" деп,
Сөз тапқандай болмашы табанда бір.
Ауыздың қайда екенін қол білер деп,
Селт еткендей зерлі сөз санаңда бір.
Шибөрідей ши шығарып, бүлік қылар,
Түлкібұлаң адамдар араңда жүр.
Шибөрі де түлкідей бұлаңдайды,
Тас балқып, ағаш батқан заманда бұл.
 
Не көрінді ашуға қызып алып?
Сөзіңді тастадың ғой тізіп анық.
Шəкіртім деп санасаңыз мені егерде,
Ұстаз боп көрінеді ізің анық.
Жекпе-жекте неге бал боп татымайд(ы)деп,
Құбылып отыр екен жүзің анық.
Сізді шын ұстазым ғой деп жүрген ем,
Сөзімнің балын татар, тұзын алып.
 
Бұл сізге не көрінді қақтығысып?
Маған зекіп отыр ең, қатты ұрысып.
Бұралқы сөзіңді естіп жабығам деп,
Жырыңның бал сусынын таттың ішіп.
"Бұралқы ит" дегенді естуші едім,
Қандай тіркес жасадың соқтығысып?
Сөз дегенің бұралқы болмайды ғой,
Көрсеңші жарамды оймен тек тырысып.
Ернұрдай шəкіртіммен мақтанам деп,
Артық мақтау жасадың аптығысып.
Басынан өштесіп ең қыратындай,
Жоспарың күл-талқан боп кетті ме ұшып?
Жеңем деп желпінгенің болмады ма,
Қашаннан жүрмейді ғой сəт туысып.
Сасық екен депті ғой көзін қысып
Етке бойы жетпеген əккі мысық.
 
Деп жүрме ойлағаның зауал еді,
Көңілім əр нəрсеге ауар еді.
Ұстаз-ау, бізді жұп қып топқа қосқан –
Облыстық жазба айтыс алаңы еді.
Айтыс шарты жағаласу баяғыдан,
Өкпені арту – ұстаздың сауалы еді.
Қалағаның дəл мен болды демеймін ғой,
Сізге де басқа жұпты табар еді.
Иттің зарын естісе егер Алла,
Аспаннан сүйек-саяқ жауар еді.
 
Ақындар ақиқаттан аса алған ба!
Ендеше, біз ермейік бос арманға.
Итке теңед(і) деп жүрме, шу шығарып,
Сұр көкжал емес пе едің қашаннан да.
 
Оқыған сеніп отса алаш маған,
Ұлың ем жасамайтын оғаш қадам.
Бұл күні ел іргесін берік қылған,
Əлемге абыройы зор Астанам.
Үш жүздің басын қосқан Абылайдың
Үш арманы болыпты адаспаған.
Астана салу екен соның бірі,
Бірлікпенен ашатын алашқа мəн.
Əй, бірақ, ол арманы орындалмай,
Өлімінен мақсаты əрі аспаған.
Нұр-ағамыз Астанадай қала салды,
Төрінде ұлт пен ұлыс таласпаған.
Баба арманын орындап Нұр-ағамыз,
Жасамаған жұртына оғаш қадам.
Абылайдың орындап бір арманын,
Үш жүздің басын қосқан өр Астанам.
 
Шəкірт боп еріп едім соңыңызға,
Бағытты қойған жанбыз жолымызға.
Айтысты аяқтасақ аяқтайық,
Кезіккен жан болмайық сорымызға.
Бұл айтыста шыңға шығам деген едім,
Бұйырмай тұрғаны əттең бағымызға".
Ұстаз деген жолыңыз үлкен бірақ,
Шəкірт боп серік етер жанымызға.
Қатты кетсем өкпеңді артпағайсың,
Ашу тулап тұрғандай қаныңызда.
Ұстазым екеніңді ұмытпаймын,
Мен-ақ құрбан болайын жолыңызда.
 
БАЛТАСАР:
 
Құдайым бұл Ернұрға сана берген,
Құлынынан мен өзім дара көргем.
Мысық десең, мысықтілеу болғаным жоқ,
Өзіңе ұстаз жақсы баға берген.
Есек дедің өзіннең озбасын деп,
Жүйріктігіңді көрсеттің шама келген.
Сарапшы қазылардан ұят болар,
Жарамас айыпты көп таға берген.
Жау жоқ деме, құлыным, жар астында,
Жаста болсан өзіңді дара көргем.
Осымен тоқтатайық бұл айтысты,
Болмайды айдалаға шаба берген.
Қазылар өз бағасын берер енді,
Жағамнан, айналайын, ала берме.

 

 
 

 

You may also like...

12 Responses

  1. Батырхан айтты:

    Бәрекелді ақындарым, қос бауырым, жерлестерім, сәттілік серік болғай сендерге, Аллах жар болғай.

  2. Ғалым айтты:

    Ернұр жарайсың, Балтасардан оқ бойы алқа келісім!

  3. Жани айтты:

    Бравооо?

    Молодцы Обо хорошо показали себя но Ернур отличился полным ответом своюму учителю..

  4. Байбатыр айтты:

    Не деген бақыт орыс тілінде пікір жазыпты.

  5. Байбатыр айтты:

    Ұстаз бен шəкірті тамаша. Жақсы айтыс. Шəкірті сəл кіші пейілділік танытса игі еді…

  6. Ерік айтты:

    Ернұр баланың жауабы ұтымды екен. Қарсыласының ұйқастары кейде шалыс кеткен. Ұстаздан шəкірт озған айтыс екен.

  7. Дания айтты:

    Керемет айтыс! Ернұр жарайсың! Сәттілік серігің болсын! 

  8. Байбатыр айтты:

    Ернұр ұстазына қатты айтқан екен. Сəл сабырлық танытып сыйласқан жөн еді. Айтыс деген осы екен деп беттен алуға да болмайды. Балтасардың асыраған текегігі тектілікті танытпаған екен.

  9. Байбатыр айтты:

    Текешігі деген сөз

  10. Батырхан айтты:

    Машаллах, керемет иірімдермен өрілген жазбаша айтыс жасадыңдар, Аллах разы болсын сендерге менің құрметті шәкірттерім.

  11. Қолқоюсыз айтты:

    Шаап Ернұр!!!

  12. Аноним айтты:

    Ақындардың айтысы көңілімнен шықпады. Шөп те өлең,                                        Шөңге де өлең  емес қой

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓