Қараусыз мал – қарақшыға олжа

Былтыр өңірімізде мал ұрлығының 517 дерегі (2013 жылы 694) тіркелген. Үй жануарларын заңсыз иемденуге қатысты 384 іс немесе 74% ауылдан ұзап кетіп, жоғалған малдар санатына жатқызылады. Осы деректерге де қатысты қылмыстық істер қозғалыпты. Бұл туралы облыстық ІІД бастығы Т.Мәткенов ведомствоаралық комиссияның кеңейтілген мәжілісінде баяндады. Айтуынша, тұрғындардың мал-мүлкіне ие болуын, қоражайларын бекітіп-қымтап отыруын қадағалау басты назарда екен. Мәселен, қазіргі таңда өңіріміздің 6 жүзге жуық елдімекенінде полицияның учаскелік инспекторлары мен село әкімдерінің бастамасымен жергілікті атқарушы билік, малшылар мен тұрғындар арасында үшжақты меморандум бекітілген. Генерал осы және басқа да үнемі бақылауға алып отырған бірнеше бағытты тізіп берді:лошади
– Құқық қорғау саласы бойынша қоғамдық құрылымдарды одан әрі күшейту, әр мал басын сәйкестендіретін ен-сырға салып, таңбалау. Бүгінгі күні облысымыздағы мал басының 30% таңбаланған. Сондай-ақ, ішкі істер саласында тіркеуде тұрғандармен ескерту-түсіндіру шараларын өткізіп, мал соятын орындардағы қасапшылармен жұмыс жүргізу де қаперімізде болады. Ал Қарабалық ауданындағы «Север-Агро-М» ЖШС  канадалық тұқымды 2700 ірі қараға GPS орнатты. 
Департамент бастығы жедел алдын алу шараларының да көмегі аз емес дейді. Келіп түскен хабар бойынша малды айдап апарған жер анықталып, қылмыстың жолы кесіледі. Соның бір айғағы, былтыр қараша айында үй жануарларын айдап әкетті деген күдікпен 6 адамнан құралған топ құрықталыпты. Олардың өңіріміздің 5 ауданынан 11 ұрлық жасағаны дәлелденген. Қылмыстық топ тек Меңдіқара ауданының өзінен 54 бас ірі қараны заңсыз олжалапты.корова
Жалпы елімізде жануарларды тіркеуге алу жүйесі 2010 жылдан бері жүргізіле бастапты. Бағдарлама жүзеге асырылған алғашқы екі жылда тек ірі қара түлігіне, ал 2012 жылдан бері барлық төлдерге ен салынып келеді. Облыстық мал дәрігерлік басқармасының басшысы Берікжан Қайыпбай осылай деді. Айтуынша, бүгінгі күнге дейін 765 мың үй жануарына ен-сырға тағылған болса, оның басым бөлігі Зеңгі баба тұқымына тиесілі екен.
Аймақ басшысы Н.Садуақасов мал басын сәйкестендіруге ен-таңба салу жұмысының 30% ғана орындалғанын сынға алып, осыған тікелей жауапты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Мурзинді мінберге шақырды. Мекеме жетекшісі баяндамасында өзі басқаратын саладағы бірқатар жетістіктерді тізіп шыққаны болмаса, мал ұрлығының алдын алудың нақты шараларын айтып бере алған жоқ. 
– Қазір қаладан жүз шақырым шыға қалсақ, ауылдардан алыста қараусыз жайылып жүрген малды жиі көреміз. Ауыл адамдары, жергілікті билік пен учаскелік инспектор, малшы болып меморандумға қол қойысады, ал ол қағаз жүзінде ғана қалатын құжат қой. Бұл арада ең алдымен үй жануарына мал иесінің өзі жауапты. Ал ауыл шаруашылығының мамандары түліктерге чип құрылғысын салу жұмыстарын жүргізуге белсенділік таныту керек, – деді облыс әкімі.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓