Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер

IMG_1683цвАлдағы жылдың күнтізбесі айтулы оқиғаларға толы. Соның ішінде Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі көш бастап тұр. Аталмыш дата біздер үшін тым қымбат. Себебі, осынау Жеңісті жақындату жолында қаншама азамат қан майданда қаза тапты. Бұғанасы қатпаған талай бала ауыр жұмысқа жегілді.
Жеңістің жетпіс жылдығын тойлауға арналған іс шаралардың биылдан басталуы да тегін емес. Өнегелі істің бір парасы ретінде "Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер" фестивалін айтар едік.
Бұл байқау аудандық, облыстық және республикалық кезеңдерден тұрады. Біздің облысымызда байқаудың алғашқы кезеңі наурыз-мамыр айларында өткен болатын. Ал, екінші облыстық кезеңі өткен жұмада І.Омаров атындағы қазақ драма театрында болды. Ауқымды шарада қариялар ән салып, музыкалық аспаптарда ойнап, көркем әдеби шығармаларды мәнерлеп оқыды. Шеберлер қолөнер көрмесіне қатысты. Өнерлі қариялар бірінен бірі асады. Себебі, олар өз аудандарының мақтаныштары емес пе.
IMG_1677Фестиваль-байқаудың ашылу салтанатында Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы С.Ещанов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Укин сөз сөйледі. Қатысушылардың өнерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады.
-Алда ҰОС Жеңістің 70 жылдығы келе жатыр. Осынау Жеңісті жақындату жолында сіздер ерліктің ерен үлгісін көрсеттіңіздер. Бұл Жеңіске тылда еңбек еткен еңкейген кәрі, еңбектеген балаға дейін үлес қосты, – деген облыстық ардагерлер  кеңесінің төрағасы К.Укин қоғамдық жұмыстарға, жастар тәжірибесіне белсенді араласқан қарияларға ризашылығын білдірді.
Іс-шараның басты ерекшелігі деп қолөнер көрмесін айтар едік. Себебі, көрмеде тоқыма бұйымдарынан бастап портреттер мен ағаштан жасалған тұрмыстық заттардың бәрі бар. Әдемі дүниелер көздің жауын алады. Фабрикада жасалған заттардан кем емес. Қариялардың қолдарынан шыққан бұйымдардың сүйкімді көрінуі заңды да. Себебі, олар қаршадайынан еңбекті сүйіп өсті емес пе?!
Қымбат
        ДОСЖАНОВА
СУРЕТТЕ: фестивальден көрініс.
Суретте: байқаудан көрініс.
Суретті түсірген   Айбек   Жүзбай.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓