Екі жоба еңсеріледі
Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде өңірде екі жоба жүзеге асатын болды. Екеуі де республикалық маңыздағы жол. Алғашқысы, бұл – Рудный мен Денисов арасын жалғап жатқан 114 шақымдық Қостанай-Қарабұтақ тас жолы. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжілісте мекеме басшысы мәлімдеді.
-Автакөлік дәлізі облыстың төрт ауданын басып өтеді. Оларда 300 мыңнан астам адам тұратындығын ескерсек, облыс экономикасының алға басуына зор ықпал етері сөзсіз. Оның үстіне бұл автокөлік жолы Астана, Ақмола мен Қостанай облыстарын еліміздің батыс өңірлерімен байланыстыра отырып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізімен жалғайтын болады, – дейді «ҚазАвтожол»ҰК» АҚ Қостанай бөлімшесінің директоры Андрей Горват.
Жоба бойынша Набережный ауылы маңында теміржол өткелінің құрылысы қарастырылған. Өйткені, дәл осы жердегі теміржол арқылы темір кені мен жаппай астық тасымалдау кезеңінде тәулігіне 22 жүк пойызы мен 4 жұп жолаушылар пойызы өтеді. Сондай-ақ, осы бөлікте тәулігіне төрт мыңнан астам көлік әрлі-берлі қатынайды. «Егер аталған теміржол өткелін салмасақ, онда көліктер күні бойы кептеліп тұратын болады»,-дейді мекеме басшысы.
Екінші жобаның да әлеуеті зор. Қазір «Орталық-Батыс» тарнспорт дәлізінің құрылысын бастау үшін жобалық-құндық құжаттары әзірленіп жатыр. «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар» арасын жалғайтын тас жолдың біздің облыстағы үлесі 401 шақырым. Құрылыс жұмыстары тоғыз учаскеге бөлінеді. А.Горваттың айтуынша, бұл маңда тек тас жол салынбайды, жақын орналасқан ауылдардың жолдары жөнделеді. Құрылыс жобасына жиырма үш көпір, үш ДЭУ және үш жол бекеті, сервистік қызмет көрсететін үш нысан енгізілген. Маңызды жобаның жобалық-құндық құжаттары 2018 жылдың екінші жартыжылдығында аяқталады.
Әлібек ЫБЫРАЙ