Жайдарлы жаз –қызыққа толы
Қырқүйек айына дейін біраз уақыт бар. Сондықтан да оқушылардың жазғы демалысы думанға толы болары сөзсіз. Қалада балалардың жазғы демалысы көңілді болуы үшін барлық жағдайдың бар екені де рас. Ал, ауыл-аймақтарда ше? Біз балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады, ауыл баласы қайда барады деген сауалмен Алтынсарин аудандық білім бөліміне хабарласып, мекеме жетекшісінің орынбасары Ақмаржан Бермағанбетовамен әңгімелескен едік.
– Әрине, бүгінгі таңда оқушы балаларымыздың демалысы, денсаулығын сауықтыру, бос уақытын ұйымдастыру мәселесі оқу жылы бойы назарымыздан тыс қалған емес. Сондықтан да балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысы және бос уақытын ұйымдастыру, денсаулығын сауықтыру мақсатында ауданымыздағы жиырма екі білім мекемесінің базасында әр түрлі бағыттағы іс-шаралар жүзеге асырылып, бір мың сегіз жүз он үш бала қамтылды. Ең алдымен оқушыларымыздың жазғы дамалысына арналған жоспарымызды бекіттік. Мектептерімізде оқушы баланың жазғы демалысы және бос уақытын ұйымдастыру, денсаулығын сауықтыру жөніндегі комиссия құрылды. Балалардың жазғы демылыс кезінде олармен жұмыс істейтін тәрбиешілеріміз де, педагогтарымыз да арнайы біліктілік қурсынан өтті. Осы жазғы демалысы кезінде ұйымдастырылатын шараларымыздың, тәрбие жұмыстарымыздың идеялық, адамгершілік, эстетикалық, тағылымдылық жағына көп мән беріп отырмыз. Оқушы балаларымыз бос уақытын мектеп жанындағы алаңда не болмаса демалыс лагерінде, үйірмеде өткізбесін, олардың қабілетін, шығармашылығын дамыту мен қызығушылығын арттыру бағытында түрлі қойылымдар, білім, спорт, мәдени жарыстар, кештер, ойындар ұйымдастыру да қамтылмақ. Бұл шаралардың барлығы да оқушы балаларымыздың жан-жақты, білімді болып әрі жақсы демалуларына көп көмектесетін болады деп ойлаймын.
– "Ұйымдастыра білген ұтады" дегендей оқушы балалардың демалысы қызықты болуы үшін не тындырылып жатыр?
– Жоғарыда айтқанымдай, оқушы балаларымыздың жазғы демалыс кезіндегі ұйымдастырылатын шараларымыздың барлығы да тәрбиелік мәні зор, идеялық жағынан тағылымды, жүйелі, ұтымды болып келеді. Жазғы демалыс басталғанда біз ең алдымен тұрмысы төмен отбасы балалардың да жағдайы ескеріліп, жазғы демалысын ұйымдастыруға мұқтаж балалар тобын анықтадық. Жалпыға міндетті оқу қоры қаражаты есебінен(2250,0 мың теңге) 75 бала "Мерей" балалар сауықтыру лагерінде демалды. Содан кейін мына 1-і мен 10 маусым аралығында "Жайлау KZ" демалыс базасында физика-математикалық бағыты бойынша бес оқушы бейінді даярлықтан өтті. Талапты балалар үшін бұл демалыс үлкен қолдау мен көмек деп ойлаймын. Олардың көңілді әрі жақсы демалуларына облыс-тық білім басқармасы мен ата-аналар көмектесті, оған рахметімізді айтамыз. "Баланы жастан" демекші, оқушы балаларымыздың дені сау, еңбекқорлыққа, экологиялық мәдениетке үйрету секілді дағдыларға машықтандыру мақсатында мектеп ауласын көріктендіру мен абаттандыру жұмысымен айналысатын отыз екі бригада құрдық. Бригада жұмысының қорытындысы ретінде облыстық "Ең үздік мектеп ауласы" байқауына қатыспақ ойымыз бар. Ауданымыздың орман алабтарына бір немесе бірнеше күндік туристік сапарға, жорыққа, экскурсияға шығу да назардан тыс қалмақ емес. Барлығы шамамен 2-10 сыныптың 720 оқушысы қамтылмақ. Бұл сапарлар мен жорықтар балаларымыздың айналаны қоршаған ортаны, табиғатты қорғауға, экологиялық мәдениет дегеннің не екенін түсінуге ұмтылады.
– Жазғы демалыс кезінде балаларымыздың бейіндік, палаталық, дебаттық, экологиялық деген секілді лагерьде демалғанын қалаймыз. Осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– Ауданымыздағы мектептерімізде осы бағыттағы бейінді демалыс лагерлері де бар екенін айтқым келеді. Мысалы, Красный-Кордон орта мектебінің базасында құрамында жетпіс бес оқушы бар "Бүркіт" атты оқушылардың орманшылығы жұмыс істейтін болады. Балаларымыз көп нәрсеге үйренеді. Айналамызды қоршаған табиғаттың адам өміріне қандай пайда келтіріп отырғанын түсінеді. Ал, Докучаев орта мектебінде тоқсан оқушыға арналған палаталық лагерь ұйымдастырылды. Демалыс орыны барлық қажетті жабдықтарымен қамтылған. Щербаков орта мектебінде бұрынғысынша "Әскер" атты әскери-патриоттық клубы өз жұмысын жалғастырмақ. Клубқа жиырма бес оқушы мүше. Әр бейіндік демалыс лагерінің өзіндік міндеті, мақсаты бар. Оқушы балаларымыздың бойларына адами құндылықтарды, өз еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілік қасиеттерді қалыптастыруға, өзі-өзін тәрбиелеуге көп ықпал жасайды. Сол секілді ауданымыздағы барлық мектеп жанында 45 сауықтыру алаңы ұйымдастырылып, сегіз жүзге жуық оқушыны қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Демеушілеріміз Зуев, Свердлов, Красный-Кордон орта мектептерінде тамақпен сауықтыру алаңдарын ұйымдастырмақ, оларға да рахметімізді жеткізбекпіз.
Гүлназым
САҒИТОВА