Елдестірмек елшіден…
Облыс орталығындағы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасындағы Индонезия Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Фостер Гултон мырзамен кездесу болып өтті. Кездесу аясында Елші мырза Қостанай өңірінде 2013 жылы Қазақстандағы Елшілер корпусының құрамымен болғандығын айтып өтті. Ендігі келудегі іс-сапарының мақсаты ең алдымен екі мемлекет арасындағы өзара достық ынтымақтастықты арттыру, академиялық сала бойынша жұмысты жандандыру және тәжірибе алмасу, бизнес өкілдерімен кездесу. Фостер Гултон мырза Индонезияның білім саласындағы жаңалықтарымен бөлісті. Әңгіме барысында А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ университет ректорының ғылыми жұмыс және сыртқы байланыс жөніндегі проректоры Ж. Жарылғасов жоғары оқу орнының бүгінгі таңдағы білім беру, мәдени, құзыреттілік кадрлық әлеуеті, мамандар үш деңгейлі-бакалавриат-магистратура-докторантура PhD бойынша даярланатынын, сол секілді университет республикамыздағы индустриаландырудың екінші бесжылдығы аясында кадрларды оқытуға іріктеліп алынған 10 қазақстандық ЖОО-ның бірі екенін айтты. Кездесу соңында Индонезия Республикасы елшілігінің өкілдері сол елдің мәдениетімен таныстыру мақсатында шағын концерттік бағдарлама ұсынды.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ