Үкілі үміт арқалаған
8-12 қараша аралығында С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыка-драма театрының 45 жылдық мерейтойы аясында театрдың іргетасын қалаушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал режиссер Ж.Ә.Хаджиев атындағы І аймақтық театрлар фестивалі өтті.
Айтулы өнер мерекесіне Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық жастар театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры, К.Станиславский атындағы Қарағанды Мемлекеттік орыс драма театры, Қарағанды облыстық академиялық музыкалық комедия театры, Арқалық қазақ жасөспірімдер театры, С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыка-драма театрының ұжымдары қатысты.
Қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО, ҚазКСР халық әртісі Асанәлі Әшімов, мүшелері – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы, доцент, өнертану кандидаты Меруерт Жақсылықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Кеңес Жұмабеков, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрының көркемдік жетекшісі Мұхтархан Манап. Олар әр қойылымға кәсіби тұрғыда баға беріп, ой-пікірлерін, ескертпелерін ортаға салып отырды.
Фестивальдің екінші күні арнайы шақырту алған Арқалық қазақ жасөспірімдер театры Б.Есенәлиевтің табиғат пен адамдардың қарым-қатынасын философиялық тұрғыдан қарастыратын, психологиялық иірімі терең «Қанды азу» драмасын ұсынды. Қоюшы режиссер – театрға көп жыл бойы еңбегі сіңіріп келе жатқан Әлия Садықова.
Қасқыр тағдырын қоғам өмірімен ұштастыра білген қойылым арқылы режиссерлік еңбек пен шығармашылық қызметтің ойдағыдай жүзеге асты. Ол қазылар алқасы мен көрермендердің қошеметінен бірден байқалды. Қасқырлардың ішкі жан-дүниесі, күйзелісі, психологиясы, өмірде, айналасында болып жатқан құбылыстарға, адамға, олардың іс-әрекеттеріне деген ой-түсінігі жан-жақты қамтылған. Қойылым мазмұны әртістер ойынымен шебер жеткізілді. Олардың сомдауынан кейіпке ену, соның болмысымен ғұмыр кешу, кейіпкер әлемінің терең иірімдерін түсіну анық аңғарылды. Қоюшы режиссер драмалық шығарманы пластикалық жүйемен үндестіріп, оқиғалар мен кейіпкерлердің көңіл-күйін би арқылы жеткізуді діттегені көрінеді.
Қорытындысында, Арқалық қазақ жасөспірімдер театры ауқымды фестивальде үміт үдесінен шығып, «Үкілі үміт» номинациясы бойынша лауреат атанды. Бұл жетістік жастарға жігер беріп, жауапкершілік жүктеді.
Гүлжанат Жұмабаева,
Әдебиет бөлімінің меңгерушісі