Рухани өнерге қолдау
Сарыкөл аудандық өнер мектебінде музыка күні дәстүрлі түрде аталып, тәлімгерлер мен тәрбиеленушілер өз өнерлерін көрсетті.
Елбасының «Рухани жаңғыру» аясында ұйымдастырылған шараға мәртебелі меймандар, ата-аналар және оқушылар жиналды.
Аудан әкімінің орынбасары Елжан Тұрабеков мерекеге жиналғандарды құттықтап, өнер мектебіне, рухани өнерге демеушілік жасаған «Астық» ЗЭО» ЖШС құрылтайшысы Жұмабек Жүсіпбеков пен осы серіктестіктің бас директоры Данияр Күзенбаевқа алғыс айтып, иықтарына шапан жапты.
Ізінше, Ж.Жүсіпбеков құттықтау сөз сөйлеп, өнер мектебінің жаңадан тағайындалған директоры Есен Шәкібайға 3 000 000 теңге көлеміндегі сертификатты табыс етті.
Айта кеткен жөн, аталған сомаға сатып алынған музыкалық аспаптардың ішінде: қобыз, шертер, домбыра, дауылпаз, бас домбыра, сылдырмақ, Аriа-111 гитарасы, бас гитара, классикалық гитара, электрлік гитара, баян восток, синтезатор, канифоль, флейта, саксафон, радио микрофондар, пюпитер, комбоусилитель, шнур және микрофон стойкалары бар.
Сарыкөл ауданы.