Әлем чемпионатының жүлдегерлері
3-12 қараша аралығында Будапешт қаласында кикбоксингтен әлем чемпионаты өтті. Ересектер арасындағы жарыста спортшылар аталмыш жекпе-жектің К1, фулл-контакт және пойнт-файтин бөліктері бойынша шеберлік сынасты. Чемпионатқа 70 елден 1500 кикбоксшы қатысқан. Оның 34-і Қазақстанның намысын қорғауға барды.
Фулл-контакт деңгейінде ҚР спорт шебері, қостанайлық Дидар Төлебаев 63,5 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, 2-орынды жеңіп алды. Ол алғашқы жекпе-жегін түркиялықпен өткізген еді, ал екінші рет кілемге көтерілгенде Норвегия спортшысын жолдан тайдырды. Жартылай финалда да украиналық әлем чемпионын қапыда қалдырды. Ақырғы сында ғана Иордания өкілінен азғантай есеп айырмасымен ұтылды.
Ал пайнт-файтинг деңгейінде тағы бір жерлесіміз, ҚР спорт шебері Мәди Тоқтаров "қола" медаль еншіледі. Ол Словения, Түркия, Испания спортшыларымен шеберлік сынасты. 3-орын үшін өткен бәсекеде венгриялық қарсыласынан басым түсті.
Айта кетейік, бұл байрақты бәсекеде ҚР ұлттық құрамасының қанжығасы 3 алтын, 5 күміс, 8 қола жүлдемен майланды.