Қош бол, Ана!
Қостанайлықтар ел дамуына ерен еңбегімен үлес қосқан, тың ардагері, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Байғазықызы Дөненбаеваны ақтық сапарға шығарып салды. Даңқты механизаторды мәңгі сапарға аттандыруға келгендердің қарасында есеп жоқ. Ол кісіге бірден бауыр басып, арқасынан қағатын, төбелеріне көтеретін жұрты тегіс жиылды. Батыр ананың еңбек жолы қиындығымен қоса құрметке толы болды. Сол жолынан таймай, мәңгілікке халқының риясыз құрметімен аттанды. Хан мен қараға, қазақ пен орысқа, үлкен мен кішіге бірдей сыйлы жан 74 жасында өмірден озды.




Қоштасу рәсіміне келген кісілер көзі тірісінде аңызға айналған абзал ананың кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегелі істері туралы сөз қозғады.


Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы «Каменьск-Уральский» кеңшарында механизаторлар дайындайтын курсты, Қостанай ауыл шаруашылық техникумын сырттай оқып бітірген.
1972 жылы қайырмасыз соқамен жер жыртуда әйел механизаторлар арасында өткізілген облыстық жарыста бірінші орынға, республикалық жарыста үшінші орынға, 1973 жылы Ростов облысындағы Зерноградта бүкілодақтық жарыста жүлделі орындарын иеленді. 1973 жылы 26579 га, 1974 жылы 38158 га, 1975 жылы 37199 га жер жыртып, жылдық міндеттемелерін асыра орындады.
Қазақ қыздарының ауыл шаруашылық техникаларын меңгеруіне жолбастау болды. Кәмшат Дөненбаеваға Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет дипломы жөне «Москвич» автомашинасы берілді. Ол СОКП XXV съезінің делегаты, IX сайланған КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты (1974).
1990-1993 жылдары осы кеңшарда қауіпсіздік техникасының инженері, 1993 жылдан шаруа қожалығын басқарады. 1980-1985 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары болды. 1976 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Екі рет Ленин орденімен, Құрмет белгісі орденімен марапатталған.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ