Бес ауданда фтизиатр дәрігер жоқ

Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің міндетін атқарушы В.Нечитайло мәлім етті.
Туберкулез дерті біздің еліміздің денсаулық саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Қостанай облысында да статистикалық көрсеткіш төмендегенмен, сырқаттанушылық әлі де азаймай отыр. Дегенмен, эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Жалпы, облыс бойынша ағымдағы жылдың алты айы ішінде 321 жағдай тіркелген. Құрт ауруының жоғары деңгейі әсіресе Денисов, Жанкелдин, Қамысты, Меңдіқара, Сарыкөл, Таран, Ұзынкөл  аудандары мен Қостанай және Арқалық қаласында қалыптасып отыр.Lung-infection
-Бір қуанарлығы, соңғы жылдары осы дерттен болатын өлім-жітім көрсеткіші төмендеді. Бүгінде аталған аурудың алдын алу, оны болдырмау жолында тиісті шаралар қолға алынған. Алты ай ішінде облыс тұрғындарының 98,7 пайызы флюорографиялық тексерістен өткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш жүз пайызға орындалатын болады. Жыл басынан бері туберкулезбен ауыратын 442 адамға 13 млн. теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді. Дегенмен, өңірде туберкулездің бациллярлық түрімен сырқаттанушыларды пәтермен қамтамасыз ету мәселесі әлі шешілмей келеді, осы күні әлеуметтік жағдайы өте төмен 18 сырқатқа үй-жай қажет. Бір алаңдатарлығы, бүгінде құрт ауруы ересектерден ауысып, балалар мен жастарға да ауыз сала бастады. Бірақ, өңірде мектеп оқушылары арасындағы аурушаңдық өткен жылмен салыстырғанда біршама азайған. Мәселен, өткен жылдың алты айында 18 жағдай тіркелсе, биыл жыл басынан бері 7 бала туберкулезбен тіркелді, – дейді В.Нечитайло.
Әрине, туберкулездің эпидемиологиялық таралу қарқынын төмендету үшін тиісті мекемелерді кадрлармен толықтырып, материалдық-техникалық базасын нығайтқан жөн. Бұл бағытта да іске аспай жатқан жұмыстар аз емес. Ведомство басшысы өз сөзінде кейбір өңірлерде әскерге шақырту пункттерін флюорографиялық қондырғымен жабдықтау мәселесінің  әлі  де шешімін таппай отырғандығын жеткізді. Ал, Қарасу және Жанкелдин аудандық ауруханаларындағы қондырғылар ауыстыруды қажет ететін көрінеді. Сондай-ақ, облыстың бес бірдей ауданында, яғни Қарасу, Ұзынкөл, Жітіқара, Қамысты, Федоров аудандарында фтизиатр дәрігерлер жоқтың қасы. Сонымен қатар, өңірдегі жеті туберкулезге қарсы стационардың алтауы жиырма жылдан астам бұрын салынған екен, сондықтан техникалық-материалдық базалары да қазіргі заманғы талапқа сай емес. Тағы бір өзекті мәселе, қазіргі облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері тұрғын үйлердің аумағында орналасқан, ал құрт ауруының ауа арқылы да таралатынын ескерсек, бұл тұрғындар үшін өте қауіпті. Сол себепті де, ведомство басшысы бұл диспансерді ол жерден көшіру керектігін, яғни қазіргі заманға сай бір облыстық диспансер салу мәселесін көтерді. Бұған қоса департамент басшысы Әулиекөл, Жітіқара, Арқалық, Рудный туберкулезге қарсы ауруханалары мен диспансерлерінің айналасын қоршауға да қаржы қажеттігін жеткізді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы О.Бекмағамбетов те ведомсвтво басшысы көтерген мәселелермен келісетіндігін жеткізді. Оның айтуынша, өңірдегі 156 рентген қондырғысының 40 пайызы ауыстыруды қажет етеді. Ал, жаңа диспансер салу мәселесіне тоқталған облыстың бас дәрігері республика тарапынан бұл жоспар мақұлданатын болса, аталған мәселе келер жылы қолға алынбақ.
-Біз бұл мәселені көптен бері көтеріп келеміз. Облыстық жаңа туберкулезге қарсы диспансерін Затобол кентіндегі тубуркулезге қарсы аурухананың жанынан салуға мүмкіндік бар. Егер республика тарапынан бұл проблема қолдау табатын болса, онда 2016 жылы жобалық-сметалық құжатты даярлау жоспарланып отыр, – дейді Орал Бекмағамбетов.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓